Бір айлық Мәжіліс. Депутаттар қадамы сайлау дауын ұмыттырды

1900
Adyrna.kz Telegram

Даулы сайлаудан кейін Мәжілістің жұмысқа кіріскеніне бір ай болды. Осы аралықта депутаттардың тосын әрекеті «сайлау әділетсіз өтті» деген пікірлерден басым түсті.

«АМАН БОЛЫҢЫЗ!»

Мәжіліс өз жұмысын бастамас бұрын көзге түскен депутаттардың бірі Ардақ Назаров болды. Мажоритарлық сайлау жүйесі бойынша Алматы облысынан сайланып келген азамат журналистердің сұрақтарына жауап бермей, сынның астында қалды. Ережесіз жекпе-жектің шеберінің әрекеті әлеуметтік желіде қызу талқыланып, жұрт «халықтың сұрақтарына жауап бермесе неге депутат болды?» деп жаппай айыптады.
Кейін журналистер аталған депутаттың «тәртібіне» байланысты Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановқа шағымданғаннан соң Ардақ Назаровтың арыны басылып қалды.

Бір қызығы ол өзінің әрекетін былай түсіндірді: «Біраз сұрақтарға жауап берілмеді деп уайымдап отырғандарыңызды білемін. Біз спортшымыз ғой, рингке қыздырынбай кірмейміз. Дәл сол сияқты саяси рингте де қыздырынып, жан-жақты бағамдап, ішкі кухнясын көріп барып жауап бергеніміз дұрыс болады. Жақсы-жаманды таразылайтын, баға беретін уақыт әлі алда.
Айтпақшы журналистер қауымына алғысымды білдіремін, бізді саяси майданға кірместен бұрын шыңдап жатырсыздар», деп жазды ол.

Әу баста журналистердің сұрағына «Аман болыңыз» деп түсініксіз жауап берген депутаттың өзі бір «қатерден» аман қалды. Енді бұдан былай ол журналистерді ренжітпейтін шығар деп үміттенеміз.

ТОСЫН САУАЛ

Айтпақшы, Ардақ Назаровтың ең алғашқы депутаттық сауалы да қызық болды. Мәжіліс депутатын толғандырған мәселенің бірі ЛГБТ-ның еліміздегі жағдайына арналды.

«8 сәуірде Астанада феминистер шеруі өтті. Бұл күні тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы митинг болады деген. Бірақ, олай болмады, жиналғандар әйел теңдігін айтудан бастап, соңында гомосексуализмді насихаттады. Өрімдей балалар, арасында оқушылар да бар, ЛГБТ жалауын жамылып жүр. Жалпы, соңғы кезде еліміздің ақпараттық кеңістігінде біржыныстық неке, гомосексуализм, жынысты ауыстыру секілді мәселелер еркін насихатталып жатыр. Ең сорақысы, гей-пропоганда қазір Астана мен Алматы секілді ірі қалалардың жекеменшік мектептерінде де өте қарқынды насихатталып жатыр», - дейді ол.

Азаматтардың ішінде депутаттың сауалын қолдаған да, қарсы болған да азаматтар болды. Халықтың бір бөлігі ЛГБТ-нің ісіне бей-жай қарамай, олардың іс-әрекетіне қарсы нақты шара қабылдау керек деп санаса, ал екінші топ елімізде бұдан да маңызды мәселелер бар екенін алға тартты. Бұл азаматтар Ардақ Назаровтың депутаттық сауалын діни көзқарасымен байланыстырып, еліміздің зайырлы мемлекет екенін еске салды.

МЫҢ ҚҰБЫЛҒАН ЗАЙЫТОВ

Белгілі айтыскер ақын Ринат Зайытовтың «Аманат» партиясының атынан Мәжіліс депутататы болуы жұрттың ерекше бақылауында. Алайда аламан айтыста өткір өлеңдерімен танылған ақын өз позициясыннан ауытқи бастаған секілді.

Солтүстік Қазақстан облысындағы 19 сепаратистің әрекетінен кейін жұрт Петропавл мен Павлодардың атын өзгертуді қайта талап ете бастады. Міне, осы кезде журналистер депутаттан аталған қаланың атын ауыстыру жайын сұраған болатын.

«Петропавл қаласында онсызда сепаратистік іс-қимылды көріп жатырмыз. Біз қала атауын ауыстырамыз десек бұл заңға қарама-қайшы. Кейін халықтың наразылығы тумайтынына кім кепілдік береді? Олар наразылық тудыруы мүмкін. Осы жағын біз реттеп, заң аясында халық та үндемейтіндей, біз де қанағаттанатындай жолын табуымыз керек. Наразылық білдіретін жергілікті халық бар. Айына бір рет Петропавлға барамын. Оған қарсы болып отырған өзге ұлт емес, өз ұлтымыздың адамдары да бар, - деді Ринат Зайытов.

Ұзын сөздің қысқасы депутат қос қаланың атауын ауыстыруды «отқа май құю» деп санайтынын айтты. Бір қызығы 2018 жылы Петропавлда өткен айтыста ол "Қаланы Қызылжар деп атау керек!" деп өзі тілімен айтқанда «отқа май құйған» болатын. Нақтырақ айтсақ ол:
Арқасын ақын неге суындырсын?
Ақиқат айта алмасам құным құрсын.
Қаланы Қызылжар деп атау керек,
Келіспес ұлттар болса қырын жүрсін.
Ол атты биылдан ақ қалдырмайық,
Үкімет назарына іліндірсін.
Себебі биыл Путин келеді екен,
Сол кезде ол да көзін сүріндірсін.
Елімнің азаттығы бар екенін,
Жерімнің атауынан біліп жүрсін, - деген болатын.

Бір кезде өткір өлеңімен танылған «от ауызды» айтыскердің қолға мандат тигенде өзгеріп кеткені қызық болды. «Маған досыңды көрсет, мен сенің кім екеніңді айтайын» деген тәмсілдей, біраз «мықтыны» депутаттық мандат беріп кім екенін біліп алуға болады екен.

БАПИ НЕГЕ БАЙЫПТЫ БОЛМАДЫ?

Ринат Зайытовтан кейін жұрттың назарын өзіне ерекше аударып отырған депутаттың бірі Ермұрат Бапи деп айтсақ қатты қателеспейтін секілдіміз. Ширек ғасыр бойы оппозициялық «Дат» газетін шығарып, Назарбаев жүйесімен арпалысқан азамат Тоқаев билігі кезінде жұмсара бастады. Содан болса керек, жұрт арасында «Ермұрат Бапи билікпен келісімге келіп, Мәжіліс депутаты болды» деген әңгіме жиі айтылады. Мажоритарлық сайлау жүйесі бойынша сынға түскен талай мықтының жолы кесілгенде Ермұрат Бапидің депутат болуы жоғарыдағы күдікті растай түсетіндей.

Сәуірдің 10-ы күні Жаңаөзеннің 100-ден астам азаматы Астанаға келіп, Энергетика министрлігі алдында қонып шықты. Сол кезде ереуілшілердің алдына депутаттардың арасынан тек Ермұрат Бапи, Ринат Зайытов және Мақсат Толықбай ғана барды. Журналистердің бірі «Кешелі бері Жаңаөзендік азаматтарға неге келмедіңіздер?» деп сұрағанда Ермұрат Бапи «Кеше келгенде бір нәрсе шешілетін бе еді?!» деп дүрсе қоя берді. Көктемнің суық күнінде бір түн далада қонған азаматтардың алдында мұндай сөз айту қаншалықты дұрыс болды? Қызу қанды жаңаөзендіктің бірі оқыс сөйлеп, депутатты масқара етуі мүмкін еді ғой. Бір сөзбен айтқанда Ермұрат Бапиге халықтың алдында байыпты болғаны жөн секілді. Мұндай мінезді халыққа емес, жауапсыз шенеунікке көрсеткені әлдеқайда орынды болар еді.

Осы аптада Ермұрат Бапи Самат Әбішті құтқару үшін Кәрім Мәсімовті "құрбан етті" деп мәлімдеді. Депутат ҰҚК-дегі жедел шараларға жауапты болған экс-президенттің немере інісі – ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішті “жәй ғана босата салып”, қалғанын жауапқа тартқанын әділдік деп санамайды. Депутат мұны экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен президент Қасым-Жомарт Тоқаев арасындағы “келіссөздің” көрінісіне балайды.
Мәжіліс депутаты өте орынды пікір білдіріп отыр. Тек ол бұл мәлімдемені журналистің сұрағына жауап берген кезде емес, Мәжілісте депутаттық сауал ретінде көтеруі керек еді.

ЖАҢБЫРШИН НЕДЕН ЖАҢЫЛДЫ?

 Ермұрат Бапи, Ринат Зайытов және Мақсат Толықбай Жаңаөзен азаматтарына жолығып, олардың жағдайын сұрап жүргенде Еділ Жаңбыршин жылы кабинетінде депутаттық сауал әзірлеп жатқанын айтады. Яғни таяқ тастам жердегі жерлестеріне жарты сағат уақытын қимаған азамат осы кезде Жаңаөзендік жұмысшылардың мәселесін депутаттық сауал ретінде дайындағанын айтып, ақталды. Бұл кезде әлеуметтік желіде «Маңғыстау облысынан мажоритарлық сайлау жүйесі бойынша сайланған Еділ Жаңбыршин неге жерлестеріне бармайды?» деген сұрақ қызу талқыланып жатқан болатын. Бұл сұраққа Мәжіліс депутаты қалай жауап берді?

«Жаңаөзендік жұмысшылардың мәселесі көптен бері қордаланып, айтылып келе жатқан мәселе. Сондықтан бұл жерде жүйелік кемшіліктер бар. Сол бойынша жұмыстар жасалуы керек. Бұл - бір. Екіншіден, мен «БекӘли» компаниясының басшысымен өткен сенбі күні Ақтауға арнайы барып, кездестім. Ол көрсеткен құжаттарды Астанаға алып келіп, екі күн бойы соны саралап арнайы Бас прокуратура, «Самұрық Қазына» және Энергетика министрлігіне хат жолдадым. Ал жаңаөзендік жұмысшыларға неге бармадыңыз деген сұраққа келер болсам, негізі көшеде, далада мәселе шешілмейді. Олар көтерген мәселе құжат бойынша менің қолымда бар. Оны аталған компанияның басшылары мен жұмысшылары жақсы біледі. Олармен Ақтау қаласында кездестім», – деп жауап берді.

Негізі қандай да бір облыста проблема туындаса, ең бірінші сол өңірден сайланып келген азаматтар әрекет етуі керек. Еділ Жаңбыршинның жаңылған тұсы осы болды деп есептейміз.

Бұған қоса өткен бір ай ішінде балалары істі болып, басы дауға қалған депутаттар да болды. Мәжілістегі «Ауыл» партиясы фракциясының депутаты Жигули Дайрабаевтың қос ұлына сот шешімі шыққан соң, қоғам депутаттың мандаты тоқтатылады деп күткен. Алайда олай болмай шықты.
Мәжіліске бір мандатты округтен сайланған «Аманат» партиясына мүше депутаттың ұлы әкесі сайлауға түсер-түспесте шу шығарды. Ол белгілі балуан Дәулет Тұрлыхановтың ұлы – Нұрасыл Тұрлыханов. Ол Алматыдағы бір адаммен жанжал кезінде арашаға ұмтылған тағы екі адамды соққы астына алған. Бірақ бұл да Тұрлыхановтың мандатына әсер етпеген күйі қалды.

Мәжіліс сайлауының нәтижесі бұрмаланғаны туралы мәселе депутаттардың осындай әрекеттерінің тасасында қалған сияқты. Сайлау нәтижесімен келіспейтін бұрынғы кандидаттардың бір тобы «халықтық парламент» құрған. Алайда бір мәрте рұқсат етілмеген жиын өткізіп, айыппұл салынып, кейбіреулері бірнеше тәулікке қамалған соң бұл топтың да үні өше бастаған сияқты.

Серік Жолдасбай,
«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер