«Көшбасшы» келе жатыр. Шекарасы түйіспейтін елдердің мәселесі басқа – тәсілі бір

2819
Adyrna.kz Telegram

Мамырдың 3-інде Тәжікстан президенті Имамәли Рахмонның Қазақстанға сапары жоспарланған. Әдетте, екі ел өзара байланыстан гөрі Орталық Азиядағы қалыптасқан ортақ ахуал жағдайында көбірек көзге түсіп жатады. Бұл сапар екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытумен қатар аймақтағы қатынасты реттеуге ықпал етеді деп күтіледі.

Тәжікстан президентінің былтыр Астанада Ресей президентіне бағыттап, әжептәуір бұрқылдағанын ешкім ұмыта қоймаған шығар. Қазан айында Қазақстанда өткен «Орталық Азия – Ресей» форматындағы жиында ол Ресей президентіне ескерту жасағандай болған. Рахмон сонда Путинді Орталық Азия елдеріне Африка немесе «бұрынғы Кеңес одағы» елі ретінде қарамай сыйластыққа шақырған. Сол кезде жиын төрағасы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оған басу айтпақ болғаны да назарға іліккен.

ЛУКАШЕНКО МЕН НАЗАРБАЕВТЫҢ АРАСЫНДАҒЫ РАХМОН

Путиннің бетіне айтып-айтып тастаған соң екі апта салып, Рахмон өзінің туған күнінен кейін Ресей президентін 70-ке толуына орай «Отан алдындағы еңбегі үшін» орденімен марапаттаған. Мұндайда Рахмонды Орталық Азияның Лукашенкосына ұқсатуға болар еді. Беларусь президенті Александр Лукашенко Ресей Украинаға соғыс ашқанға дейін ара-тұра Кремль басшысын шағып алатын еді, соңғы кезде үнсіз...

Рахмоннан Лукашенко шыға ма, шықпай ма – бұл басқа әңгіме. Алайда ол Орталық Азияда Назарбаевтан кейінгі жалғыз «ұлт көшбасшысы»  болып қалды. Іс басында жүргенде арнайы заңмен «елбасы» атанған Назарбаев биліктен кеткен соң, Қаңтар оқиғасынан кейін бұл атағынан айрылды.

Назарбаев жоғарғы билікте 29 жыл отырса, Рахмонның стажына 30 жылдан асты. Ол билікке келгенде Тәжікстанда азаматтық соғыс болып жатқан. Алайда оппозициямен ымыраға келіп, соғысты тоқтату Рахмонға үлкен бедел әкелді. Кейін 2015 жылдан бастап ол арнайы заңмен ресми түрде «бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы – ұлт көшбасшысы» титулына ие болған.

Азамат соғысы тоқтағанымен, елдегі жағдай оңалып кеткен жоқ. Халқының едәуір бөлігі әлі күнге гастарбайтер ретінде басқа елдерде күнелтеді. Оның ішінде Ресейдегі тәжіктердің үлес салмағы басым болса керек. Ресейде жұмыс істеп жатқан тәжіктердің алды Украинадағы соғысқа барып, мерт болып жатқандары да бар. Елде әлеуметтік жағдай ауыр. Әсіресе, қыс кезінде Тәжікстан үнемі энергия тапшылығымен бетпе-бет келеді. Мәселені Имамәли Рахмонның салынып жатқан Рогун ГЭС-і арқылы шешпек ниеті бар.

Орталық Азиядағы ең кедей ел санатындағы Тәжікстан аймақ қауіпсіздігі үшін маңызға ие. Мазасыз ел Ауғанстанмен шектесетін Тәжікстанда азаматтық соғыс аяқталғанда шекараға Ресейдің 201 дивизиясы қалдырылған.

АРАЛ ЖӘНЕ АЙМАҚ МӘСЕЛЕСІ ҚАШАН ШЕШІЛЕДІ?

Қазақстан мен Тәжікстан арасында дипломатиялық байланыстың орнағанына биыл 30 жыл толды. Осы аралықта екіжақты байланысты дамыту қарқыны коронавирус дәуірінде шабандап қалған. Алайда пандемиядан соң қатынасқа қайта жан кіре бастаған.

Тәжікстан да Қазақстан сияқты Ауғанстандағы әлеуметтік мәселелерді шешу жолдарын іздестіруді қалайды. Ауғанстанның қазіргі тәліптер басқарған билігімен ымыраға бару екі елдің де бағыты ұқсас екенін көрстеді. Әсіресе, таяуда ғана Қазақстан үкіметінің делегациясы Кабулға сапарлағанда, Астанада тәліптер елшілігі ашылатыны белгілі болған.

Бұл – бірінші назарға түскен жай.

Екіншіден, Тәжікстан биыл күзде Орталық Азия елдері басшыларының бесінші консультациялық жиынын өткізбек. Алғашқы отырысы Өзбекстанға Шавкат Мирзеев президент болып келгенде Астанада басталған бұл отырыс жыл сайын аймақтың әр елінде өткізіліп келеді. Былтыр Қырғызстанда, Шолпан-атада өткен. Алайда аймақта былтырдан бері Тәжікстан мен Қырғызстанның арасы қырбай. Екі ел шекарада қақтығыс оқиғаларын өткергеннен кейін әлі оңалып кете қойған жоқ. Тіпті аймақ елдері басшылары жиналған Рахмон Путинге қарсы бұрқылдап сөйлейтін жоғарыда аталған жиында тәжік және қырғыз басшыларының қол алыспағаны айтылады.

Ал Қырғызстанда өткен Орталық Азия елдері басшыларының консультациялық кеңесі кезінде аймақтағы елдер арасында Тату көршілік, ынтымақтастық және достық келісіміне Түркіменстан мен Тәжікстан қол қоймаған. Соған қарағанда Тәжікстан Орталық Азияда шекаралас көршілерінен гөрі іргелес емес Қазақстанмен байланысты дамытқан ұтымды сияқты көрінеді. Бір жағы одан басқа амалы да жоқ. Өйткені аймақтағы елдер бірдей болмаса да, ұқсас оқиғаларды бастан кешіріп, басшылары да оны ұқсас тәсілмен шешуге тырысып келеді. Мәселен, өткен жылы Қазақстанда – Қаңтар оқиғасы, Тәжікстанда – Таулы Бадахшан оқиғасы, ал Өзбекстанда Нөкіс оқиғасы бұрқ ете қалған. Жанжалдың бәрі күшпен шешілген.

Айтпақтайын, Тәжікстанда өтетін Орталық Азия елдері басшыларының консультациялық кеңесіне Әзербайжан президенті Илхам Әлиев те қатысуы мүмкін. Онда негізгі қаралатын мәселе ретінде Арал жайы аталған.

Орталық Азия елдерінің консультациялық кеңесіне президенттіктен кеткен соң Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев «құрметті төраға» атанған. Алайда Қазақстандағы Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтың басқа да бірнеше ұйымдағы «құрметті төрағалығы» сөз жүзінде қалған сияқты.

Қазақстан – Тәжікстанның маңызды сауда серігі. 2021 жылы екі ал арасындағы сауда айналымы 1,2 млрд долларды шамалаған. Қазақстан Тәжікстанға көбіне астық, ұн, азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп өнімдері мен автомобильдер жөнелтсе, Тәжікстаннан Қазақстанға жеміс-жидек, мақта, алюминий, рудалар және текстиль өнімдері импортталады.

Тәжікстан президенті, «ұлт көшбасшысы» Имамәли Рахмон Астанаға осындай жағдайда сапарлап отыр.

  Жанат Алғадай

Пікірлер