"Ел арасында "әскери төңкеріс жасауға болады екен" деген түсінік қалыптастырды"

1718
Adyrna.kz Telegram

Кеше Ресей президенті Владимир Путин халыққа үндеу жасап, қиын сәтте өзіне қолдау көрсеткен халыққа алғыс білдірді. Ал әскери бүлікті ұйымдастырушылар "мемлекетіне, халқына ғана емес, өзіне ерген адамдарды да сатып кеткенін" сөз етті. Алайда сарапшылар Евгений Пригожиннің бүлігі Путиннің беделіне орасан зор зиянын тигізгенін айтады.

Евгений Пригожиннің «Вагнер» әскери ұйымының әрекеті әлем жұртшылығының назарын аудартты. 1 миллионнан астам халқы бар Дондағы Ростов қаласын әп-сәтте басып алып, Мәскеуге “Әділет” шеруі” аталған жорыққа шыққан әскери ұйым Ресей астанасы түбінен кері қайтты. Осы оқиға Путиннің ел ішіндегі және халықаралық беделіне қалай әсер етеді?

«ПРИГОЖИН ЖЕКЕ-ДАРА ӘРЕКЕТ ЕТТІ»

Саясаттанушы, Дос Көшімнің айтуынша, Пригожиннің әрекеті Путиннің беделінің түсуіне әсер етті. Сондай-ақ ол Пригожинның әскери бүлікті жеке-дара өз ұйымдастырғанын ескертті.

- Қазақта «Ханның екі сөйлегені өлгені» деген сөз бар. Путин әуелі «сатқын, артымыздан пышақ ұрды» деп айыптады. Кейін оны жазаламайтын болып, Беларусьқа жіберуге келісуі Путиннің әлсірегенін көрсетеді. Путиннен мұндай шешімді өз басым күткен жоқпын. Өзіне қарсы әскери бүлік бастаған адамды біресе, «жазалаймыз», біресе «жазаламаймыз» деген соң Путинде не абырой қалды?!.- дейді Дос Көшім.

- Менің ойымша, Путин өзге адамдар аяқ тартып жүруі үшін Пригожинді міндетті түрде жазалауы керек еді, - дейді саясаттанушы.

Айтуынша, билік Путинді бірбеткей, қайсар адам етіп көрсеткісі келсе, Пригожин мен «Вагнердің» жоғары шенді азаматтарын бәрі бір жазалайды.

- Сондықтан да мен Пригожиннің орнында болсам, Белоруссияда тұрақтамас едім. Кейбір сарапшылар Пригожиннің артында қандай да бір ықпалды топ болды дегенді айтады. Менің ойымша, ол өзі жеке-дара әрекет етті. Өйткені ол бұған дейін қарсылығын көрсетіп келді. Бірақ Пригожинды қолдайтын топтардың бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Мәскеудегі жоғары жақтан бастап халықтың арасында да оны қолдаушылар бар, - дейді Дос Көшім.

– Себебі Пригожин әрекетінің сипаты мынандай болып жатыр. Біріншісі, әскери бағыт болса, екіншісі, Путиннен де өткен әсіреұлтшыл ретінде Ресейді қорғаушы рөліне енді. Орыстың радикалды ультра-ұлтшылдары мен шовинистерінің оны қолдайтынын көрдік. Демек, оны жоғары жақта да қолдайтындар бар. Бірақ олар Пригожиннің соңғы әскери әрекетін қолдады деп айта алмаймыз. Кешегі оқиға Пригожинның жеке бастамасымен жүзеге асты, – дейді саясаттанушы.

«БҰРЫН ПРОПАГАНДАСЫ ӨТІМДІ БОЛҒАН РЕСЕЙ ОЙЛАНА БАСТАДЫ»

Ал әскери сарапшы Ермек Сейітбатталов Проигожиннің әскери бүлігін майдандағы жеңілістермен байланыстырады. Себебі соғыс басталған бір жарым жылда Ресей әскері көп шығынға ұшыраған.

«Ресей үшін соғыста жетістік болған жоқ. Бәлкім, аз да болса, Бахмуттың жанында жеңгендей болған шығар. Онда да әскерден гөрі Пригожиннің «Вагнер» әскери ұйымы белгілі біл деңгейде жетістікке жеткендей әсер қалдырды. Соңғы кездері ол Путинге жақпайтын мәлімдеме жасай бастағанда, Кремльдегілер «Мынаны тоқтату керек екен» деген шешім шығарды. Өйткені бұған дейін ЛНР мен ДНР-дің әр түрлі деңгейдегі адамдары кенеттен қайтыс болып жатты. Менің ойымша, Пригожин өзінің тағдыры қалай аяқталатынын білді. Өйткені 1 шілдеден бастап Ресейдегі әскери ұйымдарды Қорғаныс министрлігі қол астына  алғысы келді. Егер олай болса, Африка мен Сириядағы барлық әскер қорғаныс министрі Шойгудың қол астына кетіп, Пригожинның өзі далада қалайын деп отыр. Ал жалғыз қалса, ол қауіп төнетінін білді», – дейді ол.

Әскери сарапшы Мәскеуге жорықты Пригожин өзі бастағанын айтады. Кейбір сарапшылар айтқандай оның артында қандайда бір ықпалды топтар тұрған жоқ. Бірақ ол бұл әскери шерудің Путиннің беделіне орасан зор зиянын тигізгенін жоққа шығармайды.

– Ресейдегі әскери бүлік Путиннің беделіне орасан зор зиянын тигізді. Өйткені оның жанындағы ең жақын достары отбасыларын шет елге қашырып жіберді. Ал Дондағы Ростовтың халқы Пригожинді қолдап, Кремльді қорқыта бастады. Бір сөзбен айтқанда мызғымас Путиннің билігіне қатер төнді. Әу баста ол Пригожинді «Сатқын, ту сыртымыздан пышақ ұрды» деп айыптады ғой. Ақыр аяғында ол Пригожиннің талабына көнуге мәжбүр болды. Ростовтан зырылдап отырып Мәскеуге 200 шақырым қалған кезде тоқтады. Путин өзінің жалғыз қалғанын түсінді. Ал Пригожиннің әрекеті ел арасында «әскери төңкеріс жасауға болады екен» деген түсінік қалыптастырды. Бұған дейін Ресей пропагандасы халыққа өтімді болса, қазір ойлана бастады. Өйткені әскери бүлік кезінде елдің көбі Пригожинді қолдады, – дейді әскери сарапшы Ермек Сейітбатталов.

Серік Жолдасбай
“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер