Қазақстанда қыз алып қашуға қатысты жаза күшейтілмек

1886
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанда қыз алып қашуға қатысты жауапкершілікті күшейту жоспарланып отыр. Бұл туралы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің баспасөз қызметі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Басқарма тұрмыстық зорлық-зомбылық пен әйелдердің құқықтарын бұзу мәселелеріне талдау жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

«Бұл мәселе бүкіл әлемде өте өзекті. 736 миллион әйел физикалық және басқа да зорлық-зомбылыққа ұшырады. Оның 640 миллионнан астамы (87%) 15 жастан асқан қыздар мен әйелдер. Тек соңғы екі жарым жылда біздің елде үй агрессорлары 300 адамның өліміне себепкер болды. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 913, ал денсаулыққа орташа зиян келтірудің 837 жағдайы тіркелді. 37 мыңнан астам адам әртүрлі жауапкершілікке тартылды»,—делінген хабарламада.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мәжбүрлі некеге тұрған қыздардың зорлық-зомбылық құрбаны болатынын да атап өтті.

«Көбіне мәжбүрлеп неке құрған қыздар білім мен мамандық алу мүмкіндігінен айырылады, бұл олардың тәуелді және осал жағдайын одан сайын нашарлатады.
Некеге тұру үшін қыздарды ұрлау тәжірибесі елімізде, әсіресе оңтүстік аймақтарда жиі кездеседі. Кейбір жағдайда мұндай әрекеттер жыныстық тұтастықты бұзуға, ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлауға, заңсыз бас бостандығынан айыруға және тіпті өз-өзіне қол жұмсауға да әкеледі.
Бұл ретте қыз алып қашуды халқымыздың дәстүріне жатқызып, оны ұлттық код санайтындар, абырой көретіндер әлі де бар. Соның кесірінен адам өмірі, оның келешек тағдыры тәлкекке түсіп, бағы баянсыз, өзі шарасыз хәлде қалатыны жасырын емес. Сондықтан да, екіжақты келісіммен ғана отбасын құруға үгіттейміз»,—деп толықтырды ведомство.

Адам ұрлаумен байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды талдау 2019 жылдан қазіргі уақытқа дейінгі кезеңде осы санаттағы 214 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелгенін көрсетті. Сонымен қатар, Қылмыстық кодексте мұндай құқық бұзушылықтың жеке элементі болмағандықтан, некеге тұру мақсатында қыздарды ұрлау дерегі бойынша нақты статистика жоқ.

«Қазіргі уақытта омбудсмен кеңсесі қылмыстық заңнамаға бірқатар түзетулер енгізу, атап айтқанда, жекелеген бапты енгізу және жәбірленуші өз еркімен босатылған жағдайда қылмыстық жауаптылықтан босатуды көздейтін Қылмыстық кодекстің 125-бабына ескертпені алып тастау мүмкіндігін қарастырып жатыр. Адам құқығы жөніндегі уәкілдің бастамасымен Қылмыстық кодекске «Неке қию мақсатында адамды ұрлау» деген 125-1 бапты енгізу туралы ұсыныс жолданды. Ол әйелдерге қатысты қылмыс деңгейін төмендетуге мүмкіндік беретін ескерту әсерін тигізеді деп сенеміз»,- деді баспасөз қызметі өкілдері.

Пікірлер