Қанды қаңтар. 4 жасар Айкөркемнің өліміне қатысты іс қаралуда

2085
Adyrna.kz Telegram

Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан қыздың әкесі сот отырысына жіберілмеді деген ақпаратқа қатысты бас әскери прокуратура түсініктеме берді, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі қадағалау органының ресми сайтына сілтеме жасап.

«Өздеріңізге белгілі, Алматы гарнизонының Әскери соты әскери қызметші Жұман А.И.-ға іс материалдарында жария етуге жатпайтын құпия құжаттар бар деген айыппен қылмыстық істі қарауда. Бүгін марқұм Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдехан БАҚ өкілдеріне сот отырысына жіберілмегенін айтқан. Мелдеханға бірнеше рет ұсыныс жасалды, оның ішінде ағымдағы жылдың 19 шілдесінде Бас әскери прокуратура басшылығының қабылдауында болған. Бірақ азамат тіркеуден және арнайы тексеруден өтуден бас тартты», - делінген хабарламада.

Әскери прокуратура бұған оның қылмыстық іске қоса берілген жазбаша мәлімдемесі дәлел екенін қоса айтты.

Қайғылы оқиға 2022 жылдың 7 қаңтарында орын алған болатын. Қазақстанның бұрынғы балалар құқықтары жөніндегі уәкілі Аружан Саин кешкі сағат 19:00-де Сейфуллин мен Сәтбаев көшелерінің қиылысында апалы-сіңлілер мінген көлікке оқ жаудырылғанын хабарлағанын еске саламыз. 4 жасар Айкөркем сол жерде тіл тартпай кетті. Оның 15 жасар әпкесі оқ жарақатымен ауруханаға түсіп, аман қалған.  4 жасар қыздың өліміне қатысты істі Алматы гарнизонының Әскери соты қарауда.

Пікірлер