Жамбыл облысының бірқатар ауданында төтенше жағдай жарияланды

1797
Adyrna.kz Telegram

Премьер-Министрдің өкімімен Жамбыл облысындағы Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Тұрар Рысқұлов және Талас аудандарында төтенше жағдай жарияланды. Бұған себеп - қуаңшылық, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Жамбыл облысындағы аудандарда ауа-райының қалыптан тыс ыстық болуы және судың тапшылығы салдарынан төтенше жағдай жарияланды.

Осы жылы облыс бойынша суармалы судың жетіспеушілігі мен температураның қалыптан жоғары болуына байланысты дақылдардың шығыны былтырға қарағанда 25-30 пайызға төмен болады деген болжам бар.

Үкімет басшысының хаттамалық тапсырмасына сәйкес арнайы жұмыс тобы құрылды.

Топ құрамына Ауыл шаруашылығы, Қаржы, Төтенше жағдайлар министрліктерінің, Экология және табиғи ресурстар министрлігі су ресурстары комитетінің, «Қазсушар» Жамбыл облыстық филиалының және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері енген.

Жұмыс тобы егіс алқаптарын аралап, жергілікті жерлердегі жағдаймен танысып, шаруа қожалықтарымен кездесулер өткізді.

Бүгінгі таңда облыстың алты ауданында (Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Талас, Байзақ және Жамбыл) шығынды анықтау бойынша құрылған жұмыс топтарының ғылыми зерттеу институттарымен бірлескен жұмысы жалғасып жатыр.

Шаруа қожалықтарына келтірілген шығын көлемін анықтау шаралары өнім толвқ піскенше нақтыланып, жақын күндері жарамсыз қалған аумақ пен шығын мөлшері түпкілікті айқындалады.

Бұған байланысты Жамбыл облысының әкімі жауаптыларға шаруалардың шығын көлемін анықтау нақты дәлелмен әрі заңды түрде жүзеге асуын қатаң бақылауда ұстау бойынша хаттамалық тапсырма жүктеді.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер