Зайырлы мемлекет пен діни мемлекеттің айырмасы қандай?

11919
Adyrna.kz Telegram

Соңғы отыз жылда еліміздегі діни пікірталас бір сәтке болсын саябырсыған емес.  Зайырлы мемлекеттің «мемлекет діннен, дін мемлекеттен бейтарап болуы керек» деген ұстанымы бола тұра қоғамда түсініспеушілік орын алып жатады.

Мамандар мұның басты себебі қоғамның «Зайырлы мемлекет пен діни мемлекеттің айырмасы қандай?» деген сұраққа жауап таба алмауынан болып отырғанын айтады. Біз бүгін зайырлы мемлекеттің діни мемлекеттен қандай айырмасы бар екенін әңгімелейміз.

Зайырлы мемлекет деген не?

Зайырлы мемлекет  дін мәселелерінде ресми түрде бейтараптық танытатын ел. Мұндай мемлекеттік құрылым дінді де, дінсіздікті де қолдамайды. Бірақ, кейбір елдердің ресми діні болмағанымен рәміздерінде діни символ болуы мүмкін. Тіпті, жергілікті ұлттың дінінің дамуына жанама септесетін заңдар да шығара береді. Яғни, бұған қарап, зайырлылық деген дінсіздік деген ұғымды туғызбайтынын көреміз. Ал, зайырлы емес мемлекеттер өз діндерін мемлекеттің ресми діні ретінде заңына кіргізеді. Оны мемлекеттік дін ретінде насихаттап, қолдайды.

Бұл туралы Заңгер Қазыбек Дәуітәлі: «Қандай мемлекет болмасын, оның қайнар көзі халық болып саналатынын түсініп алуымыз керек. Діни мемлекетте сол халықтың жаппай ұстанатын дініне басымдық беріліп, мемлекет құрылымы дін қағидалары негізінде құралады. Мәселен, Ватикан, Иран, Араб мемлекеттерін алыңыз... Ондай діни мемлекетте Конституцияның орнына Құран, заңның орына Шариғаттың жүруі қалыпты жағдай болуы мүмкін. Ал, зайырлы мемлекет дегеніміз ешбір дінге басымдық бермейді. Сайлау құқығы бар азаматтардың бәрі тең құқылы саналады. Жынысына қарап, ер - әйел, сеніміне қарап мұсылман - кәпір, нәсіліне қарап ақ - қара деп ешкім-ешкімді бөлмейді. Қазір Қазақстанда сайлау құқығы бар он екі миллион адам бар болса, соның бәрінің құқығы бірдей деген сөз. Яғни, зайырлы мемлекетіміз діни салт бойынша емес, азаматтық құқық негізінде қалыптасып отыр. Сайлау кезінде азаматтарымыз нәсіліне, ұлтына, дініне қарамай дауыс бере де, өздерінің кандидатурасын ұсынып сайлана да алады. Мұның бәрі біздің елдің шын мәнінде зайырлы мемлекеттің жолын ұстанып отырғанын байқатады», - дейді.

Қандай мемлекеттер зайырлы емес?

Зайырлы мемлекет дегеннің америкалық, еуропалық деген секілді модельдері бар. Сол зайырлы мемлекеттердің кейбірі конституциясына Құдайдың атын жазып, құрмет көрсеткен. Демек, зайырлылық дегенді Құдайдан бас тарту деп түсінбеу керек. Зайырлылық деген қандай діндегі адам болмасын, оның сенім бостандығын құрметтеуге шақырады.

Осы орайда қай мемлекеттер зайырлы емес екенін оқырман назарына ұсынсақ:  

Католицизм - Монако, Ватикан, Коста-Рика, Лихтенштейн, Мальта

Христиандық - Замбия

Православие - Грекия

Лютеранизм - Дания, Исландия, Норвегия

Англиканизм - Англия (Англия шіркеуі)

Кальвинизм - Тувалу

Методизм - Тонга

Тхеравада - Камбоджа, Мьянма, Тайланд, Шри-Ланка

Тибеттік - Бутан

Ислам - Бахрейн, Ирак, Йемен

Суннизм - Мысыр, Ауғанстан, Алжир, Бангладеш, Бруней, Джибути, Иордания, Катар, Кувейт, Коморлар, Ливия, Малайзия, Мальдив Республикасы, Марокко, Мавритания, Пәкістан, Палестина, Сауд Арабиясы, Сомали, Тунис, БАӘ

Шииттік Ислам - Иран

Ибадия – Оман

Бұл аталған елдерден басқа 113 ел зайырлы мемлекет саналады. Қазақстан сол 113 мемлекеттің ішінде Конституцияның 1-бабынан-ақ, демократиялық, зайырлы мемлекет екенін танытқан ел. Біздің Ата заңымыз әрбір адамның діни сенім бостандығына кепілдік берген және конфессиялық, этникалық және басқа да белгілері бойынша кемсітушіліктің кез келген түріне тыйым салады. 

Зайырлы мемлекет дін шаруасымен айналыспайды

Зайырлылықтың басты бір сипаты бар. Мемлекет діннен, дін мемлекеттен бейтарап болып, билік дін шаруасымен айналыспауы керек. «Бұл мәселе біздің елде қалай?» деген сұраққа заңгер Қазыбек Дәуітәлі:

«Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанға түрлі діни ұйымдар ағылды. Олардың арасында қауіпті ағымдар да аз емес. Осының салдарынан қазақтілді қоғамның өзі бірнеше ағымға, мазхабқа, діни ұстанымға бөлініп, бір-бірімен қырықпышақ болып керісіп жататын болды. Діни наным-сенімге еркіндіктің берілуі посткеңестік кеңістікте қарама-қайшы көзқарастардың өсіп-жетілуіне жағдай туғызды. Сондықтан да, ұлттық қауіпсіздік мәселесі көтерілген жағдайда мемлекет теріс пиғылды діни ағымның мүшелері күш алып кетпеуі үшін ресми діни ұйымдармен бірлесе алдын алу жұмыстарын жүргізуге мәжбүр болды», - дейді.

Қанат Бірлікұлы

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер