Қаражал қаласының 60 жылдық мерейтойы аталып өтті

982
Adyrna.kz Telegram

Өңірімізде өндіріс саласының өркендеуіне мол үлес қосып келе жатқан Қаражал қаласының 60 жылдық мерейтойы аталып өтті. Салтанатты іс-шараның шымылдығы театрландырылған қойылыммен ашылды.

Қала халқын мерейлі күнмен құттықтау үшін Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы арнайы келіп, аймақтың өсіп-өркендеуіне, құлдыраудан кейін қайта бой түзеуіне атсалысып келе жатқан бірқатар азаматты облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.

«Кейінгі он жылдықтың көлемінде қазыналы өлкенің екінші тынысы ашылғандай. Қалада әлеуметтік нысандар бой көтеріп, республикалық маңызы бар Қаражал-Жәйрем, Қаражал-Жаңаарқа автомобиль жолдары, облыстық маңызы бар Қаражал-Атасу тас жолы қалпына келтірілді. Бұдан бөлек, қалаішілік жолдардың жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Атап айтар болсақ, биыл Қаражал қаласының 19 көшесінің, Жәйрем кентінің 13 көшесінің автомобиль жолдарын жаңарту жұмыстары қолға алынды» – деді өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы өз сөзінде.

Дүбірлі іс-шара үш блоктан тұрды. Алғашқы блокта қала халқы мен қонақтарына арналған салтанатты кеш ұйымдастырылса, екінші блок – ұлттық спорт алаңында өтті. Ал үшінші блок – қаланың орталық алаңында эстрада жұлдыздарының қатысуымен ұйымдастырылған концерт және отшашумен түйінделді.

Қаражал қаласының 60 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған дүбірлі жиынға еліміздің барлық өңірінен ұлттық ойындардың спортшылары қатысты. Қонақтардың құрметіне 50 киіз үй тігіліп, дәм ұсынылды.

Пікірлер