Ауыл саябағын абаттандыруға 240 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді

1605
Adyrna.kz Telegram

Шығыс Қазақстан облысы, Алтай ауданының Жаңа Бұқтырма ауылындағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған монумент аумағын абаттандыру жұмысына 240 189 133 теңге қаржы бөлді, - деп хабарлайды Адырна ұлттық порталы goszakup.gov.kz сайтына сілтеме жасап.

Жаңа Бұқтырма — Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданына қарасты кент. Кент деген аты болмаса, тұрғылықты халық саны бес мыңға жетпейтін Ертіс бойындағы шағын ауыл.

Сол ауылға осыдан үш жыл бұрын Екінші дүниежүзілік соғыстың 75 жылдығына арналып монумент cалынған. Сол монументтің аумағын абаттандыру үшін 26 қазан күні екі тендер жарияланған.

Біріншісі "Новая Бұқтырма ауылындағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған монумент аумағын абаттандыру" объект бойынша техникалық қадағалау қызметтерін көрсету" деп аталады. "Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы" мемлекеттік мекемесі аталған жобаға 167 718 274.07 теңге бөлген.

Ал, екінші тендер дәл сол күні "Новая Бұқтырма ауылындағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған монумент аумағын абаттандыру" жобасын басқару бойынша инжинирингтік қызметтер" деген атаумен жарық көрді. Бұл жұмысқа бюджеттен 72 470 859.17 теңге бөлінген. Яғни, екі атаумен жарияланған бір жұмысқа жалпы сомасы 240 189 133 теңге жұмсалады деген сөз.

Аталған екі мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы 10 қараша күні анықталады.

Жаңа Бұқтырма ауылы Үлбі жотасының етегінде, Ертіс өзенінің жағасында орналасқан, табиғаты керемет мекен. Жергілікті билік елдімекен паркін көркейтуге 240 миллион теңгеден астам қаржы бөліп, ресми кент саналатын ауылды туристік орталыққа айналдыруды көздеп отырған шығар.

Олай болса, не себепті Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған монумент аумағын абаттандыруға басымдық беріледі?

Шығыс Қазақстан облысының шенділері дәл Ресей билігі секілді мемлекеттің бар идеологиясын Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіске байлап, халықты рухтандырмақ па?

Бізді осы сұрақ мазалайды. Сіз не дейсіз?

 

Қанат БІРЛІКҰЛЫ,

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер