Аты-жөнді бұзып атау. Тілі кембағал Путиннің протоколының да мүкісі бар

2447
Adyrna.kz Telegram
Сурет: Риа Новости
Сурет: Риа Новости

Ресей президенті мен оның протокол қызметі Орталық Азия президенттерінің аты-жөнін бұзып атауды дағдыға айналдырып келеді. Ал Путиннің өзін күтіп алған тараптың ең жоғары лауазымды тұлғасын дұрыс атамауының астарында не жатыр?

Қарашаның 9-ында жасы 72-ге қараған шағында Ресей президентінің Астанаға келіп, өзін әуежайдан күтіп алған Қазақстан басшысының аты-жөнін бұзып атауы бірінші рет емес. Бұрын да Қазақстаннан тыс жердегі кездесулерінде Путин осындай жағдайға жол берген. Алайда күтіп алушы тараптың еліне келіп тұрып, төрінде отырып, ресми жиында ең жоғары лауазымды тұлғаның аты-жөнінен бір емес, екі рет жаңылысуы алғаш рет болып отыр.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТТАН АРХИМЕДКЕ ДЕЙІН

Путиннің Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың аты-жөнін дұрыс атамаған жиындарды атай берсе, бұл да бір тізім болуға жарап қалады. Бір былтырдың өзінде ҰҚШҰ-ның онлайн жиыны, Петербург экономикалық форумы, және тамыз айындағы кездесуінде мұндай мүкістік дүркін-дүркін қайталанған.

Мұның сыртында бірқанша баспасөз-мәслихаты мен ресми отырыстарда ол Қазақстан президентінің аты-жөнін есіне түсіре алмаған кейіп танытып, кейде «әріптесім», кейде «Қазақстанның жаңа президенті» дей салатын.

Мұны былай қойғанда, Путин Қазақстанның облыс басшыларының әдеттен тыс есімдерін де келемежге айналдырған. Мәселен, Қостанай облысының әкім болған Архимед Мұхамбетовті әкесінің атымен атап, таңырқаған түр көрсеткен. Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық форумдарының бірінде Путин Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловты да тек фамилиясымен ғана атап, кекеткен.  

ТҰТЫҒУ АСТАРЫНДАҒЫ АРГУМЕНТ

Жоғары билік басында отырғанына 20 жылдан асқан Ресей басшысының бұл қылығы адами кемшілік, әшейін жаңылысу емес сияқты. Әсіресе, Украина соғысы басталғалы Путин Қазақстан жайын айтарда тұтыға беретін болған. Оған Қазақстанның соғысты қолдамаған ұстанымы және президент Тоқаевтың мұны Путиннің бетіне ашық айтуы себеп болғандай.

Бұл шындап келгенде, Ресей президентінің кейбір позицияда өзінің келіспеушілігін осылай білдіруін дағдыға айналдырғанын көрсетеді.

Лауазымды тұлғаның аты-жөнін дұрыс атамау дипломатияда бері дегенде қарсы тарапты сыйламаушылықты білдіреді. Ал мәселеге тереңдей қарасақ, арадағы күрделі жайлардың мүкісі бар тарап қалағандай шешілмегенін де көрсетеді. Бұл да бір диломатиялық аргументтің әлемде ешқайда кездеспеген, теңдесі жоқ ресейлік нұсқасы болуы мүмкін.

ПУТИН ҒАНА ЕМЕС, ПРОТОКОЛЫНЫҢ ДА МҮКІСІ БАР

Президенттердің аты-жөнін бұзып атау Ресейде саяси әрекетке айналып келе жатқан сияқты. Бұл технологияны Ресей, әсіресе, Орталық Азия президенттеріне бұрын да бірнеше рет қолданып, «сынақтан өткізіп» көрген. Бірақ бұл сынақ негізінен Ресейге қонаққа барғандар үшін бірнеше рет қолданылған еді.

Бұдан бірнеше жыл бұрын Өзбекстан президенті Шавкат Мирзеев Ресейге сапарлап барған кезінде Путиннің протокол қызметі оның да әкесінің атын дұрыс атай алмай «қор болған».

Оның видеосын мына жерден көре аласыз.

Орталық Азияның тағы бір елінің президенті болған Түркіменстан басшысы Құрбанғұлы Бердімұхаммедовті Путин Невский орденімен марапаттайтын кезде Ресей президентінің протоколы оның да әкесінің атын мүлдем атай алмай, соңы залдың қошемет, қол шапалақтауына ұласқан.

Оның видеосын мына жерден көре аласыз.  

Сондықтан Ресей басшысының Қазақстан президентінің аты-жөнін атауда мүкісі ұстап қалатыны жеке адамның емес, тұтас аппараттың қитұрқы әрекеті деп атауға негіз бар. Және бұл Орталық Азия президенттеріне де қатысты бірнеше рет қайталанған. Ал ең жақын көрші және санкциядан құтқарушы ретінде Қазақстан басшысының есімін дұрыстап айтуда Путинге әлі де талай тер төгуге тура келетін сияқты...

Жанат Алғадай

 

Пікірлер