«Пентагон ойлап тапқан есім» және қазақша сөз. Ресейліктер Путинді келеке қылды

5453
Adyrna.kz Telegram
Фото: Сергей Смирнов
Фото: Сергей Смирнов

Өткен аптадағы Путиннің Қазақстанға сапарында президент Тоқаевтың аты-жөнінен жаңылысуын ресейлік блогерлердің өзі сынап, келекеге айналдырды. Түрлі мемдер жарияланды. Қазақстан президентінің кездесуде қазақша сөйлегенінен кейбіреулер ілік іздесе, кейбір блогерлер оны Путинге берілген қарымта ретінде сипаттады.

Путиннің Қазақстанға сапары екі ел саясаткерлері, белсенділері, блогерлері және белсенділері арасында үлкен талқыға түсті. Оның ішінде Ресей басшысының Қазақстан президентінің аты-жөнін дұрыс атай алмауы алдыңғы қатарға шықты. Және кездесу соңындағы қортынды баспасөз мәслихатында президент Тоқаевтың бір ауыз ақазақша сөйлегені де ел назарына ерекше ілікті. Әсіресе, өз үйлерінде жүргендей жайбарақат отырған Ресей делегациясының сол кезде тыпырлап құлаққап іздеген видеосын Қазақстан мен Ресейде ғана емес, Украинадағы адамдар да кеңінен таратып жіберді.

Путин мен Тоқаев әңгімесі екі ел арасындағы экономика, геосаяси ахуал, сауда, өнеркәсіп тақырыптарында өрбіді.

«ЖАН ҰШЫРҒАН ЖЫЛАНДАЙ»

9 қараша күні Астана қаласына жеткен Ресей президенті Путин мен оның өкілдері көпшілік алдында қызық жайтпен есте қалды. Сөз тізгінін алып, қонақтар алдында баяндамасын бастаған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінде амандасып, келген ресей делегаттарына қазақ тілінде алғыс білдірді. Ресей делегациясының мұндай кедергіге тап боламыз деп ойламағаны анық. Қазақ сөзін естіген ресейліктер бірден құлаққаптарына жүгірді. Арада аз өткенде Қазақстан президенті орыс тіліне ойысқанда барып, олар өз-өзіне келгендей болды. Видео үзіндісін басқалармен қатар Украина 365 Telegram арнасы жариялады.

Сол сәт залда отырған Ресей сыртқы істер министрі Лавров, Путиннің баспасөз хатшысы Песков және Кремль басшысының сыртқы саясат жөніндегі көмекшісі Ушаков ілеспе аударма үшін тыпырлап, құлаққап іздей жөнелді. Артынша Путин де солай істеуге мәжбүр болды.

Богдан Амосов: «Қазақстан президенті Тоқаев Путинмен кездесуде қазақша сөйлей бастағанда Ресей делегациясы ордалы жыландай ысқырып, ысылдап, жан таппай кетті».

ТҮЛКІ МЕН ТЫРНА

Бұл жағдайды екіжақты қатынаспен салғастырып, астар іздегендер де жоқ емес.

Андрей Никулин: «Тоқаевтың қарымта қайтарғаны дипломатиялық хаттама аясында күтпеген жерден Путинге қазақша сөйлеп бастағанынан белгілі болды. Бұл жағдайдың қаншалықты тосын болғанын залда құлаққап іздеген мәртебелі меймандардың жан ұшырған әрекеттерінен байқауға болады. Тура ертегідей аумайды. Түлкі мен тырна бір-біріне қонаққа қалай барды)) Міне, саған құман, міне саған табақ)».

Вера Афанасьева: «Тоқаев не деді?» Ол «Бұл ақымақтар мені түсінбей тұрғанда, сендерге олар туралы әзіл айтып берейін,-» деді. Тоқаевтың Путинмен баспасөзге ортақ мәлімдеме жасағанда қазақша сөйлегені және бүкіл ресейлік делегацияны ессіз қалдырғаны туралы бәрі жарыса әрі мысқылдай жаза бастады. (Қазақстан) Жақсы көрші болмайтыны анық».

Константин Калачев: «Ресей мен Қазақстан қашан нағыз одақтас болады?» «Владимир Владимирович Путин (немесе оның «сыңары») Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың әкесінің атын дұрыс айтқан күні». Әзірге олар тек серіктестер».

«ТАЗДЫҢ ШЕКЕСІНЕ ЖАСАЛҒАН ӘДЕМІ ШЕРТПЕ»

Иван Яковина: «Путин Қазақстан президентінің әкесінің атын тағы шатастырды. Ал ол болса, міз бақпаған қалпы Путинге қазақша сөйлеп бастады. Путин және оның барлық қызметкерлері құлаққап іздеп, жан-жағына жалтақтай кетті. Мойындау керек: Қасым-Жомарт Кемелұлы таздың шекесіне әдемі шертпе жасады».

Анатолий Несмиян: «Тоқаев Путиннің дөрекілігін ұмыта қоймас. Тоқаев – мол дипломатиялық тәжірибесі бар мықты саясаткер. Ал оның жеке басына ашық тіл тигізген, атын әдейі бұрмалаған Путиннің дөрекілігін ұмыта салуы екіталай. Сондықтан ол дипломатияны қалай жасау керектігін біледі және тікелей нұқсан келтірмейтіндей жолмен сытылуды да қатырды. Астанада Путинмен кездесуде покер Тоқаев кенеттен қазақ тілінде сөйлеп, есесінің бір бөлігін қайтарып, қонақтарды аударма құлаққаптарын іздеуге мәжбүр етті. Бір қызығы, қазақ тіліне ұқсас түрік тілінде сөйлейтін Песковтың да  құлаққап іздей бастағаны таңғалдырады. Мұны ол бәлкім көбіне орысша балағат сөйлейтін әріптестерінен ерекшеленбес үшін жасаған шығар».

«ТӘУЕЛСІЗ ТІЛ САЯСАТЫ»

Аркадий Дубнов:  «Путин достас ТМД астаналарына барған кезде мұндай жағдайды бұрын-соңды кездестірмеген. Ондағы басшылар оған әрқашан тек орыс тілінде сөйлейтін, Үлкен ағаның тілімен айтқанда, бұл дәстүр бұзылмайтын болып көрінетін. Сөйтсе, басқаша да боалды екен... Бұл «қазақша кіріспе» Путин мен оның делегациясы мүшелерін соншалықты таңғалдырды, олар үстел үстіндегі құлаққапты іздеуге асықты. Тоқаев оларды аударма арқылы оның сөзін тыңдауға мәжбүрледі. Бұл өзі теңдесі жоқ оқиға болды. Мәскеуде үлкен ықыласпен қарсы алған ТМД елдерінде орыс тілін зерттеу ұйымын құру туралы бастама көтерген Қазақстан президенті Қазақстанның тәуелсіз тіл саясатын жүргізуге ниетті екенін бірден аңғартты».

«КРЕМЛЬДЕГІ НАУҚАС»

Бұл – Путиннің Тоқаевты атағандағы шамамен төртінші рет қателесуі.

«Көбі Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты тағы да қате атағанына, негізі «Кемелович» бола тұра, «Келемович» атағанын сынауда. Десе де, «Василич» (Владимир Путин – авт.) таяудағы жылдары әлемдегі ең күрделі әрі ұзақ есімдердің бірін атап, құттықтау жолдағаны белгілі болды. 2016 жылы Кремль сайтында «Таиланд королі Маха Важиралонгкорн Бодинтратхепаварангкунды таққа отыруымен құттықтады» деп хабарланды. Алайда, ауызша құттықтаған видеосы еш жерден табылмаған» деп жазды Подосокорский телеграм арнасы.

«Пал Василич» бүгін өзінің комфортты зонасынан шықты – ол енді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың есімін қайта-қайта қайталап жаттауы керек. Спойлер – «Жим-жимычтан» дәуірінен бері ол әлі Тоқаевтың есімін айтып үйренбеген» деп жазды Дабл Ять.

Сергей Абашин: «Неменеее, тағы ма? Жемелеевич, Ишемельевич, қазіргі Келемич. Енді тағы не деп атар екен?»

Аталған блогерлердің сынауынан бөлек Сергей Смирнов телеграм арнасында Путинге арнап «мем» де жарияланып үлгеріпті.

«Такаевтың есімін путин жаттай алмасын деп Пентагон ойлап тапқан» делінген фотода.

Ешкин Крот: «Кремльдегі науқас» көпшілік алдында Қазақстан президентінің атын төртінші рет дұрыс атай алмай отыр. 2022 жылдың қаңтарында ол оған «Кемел Жомартұлы Тоқаев» деген ат берді. Сол жылдың маусым айында ол Тоқаевтың атын тез атағаны соншалық, тыңдап үлгеру мүмкін болмады. Ал 2022 жылдың тамыз айында ол Тоқаев Қасым Жомартұлы Кемелұлы деді... Дегенмен, таңғалатын дүние емес: «бункердегі геостратег» ешқашан қателіктерінен сабақ алуды үйренбейді – бір батқан былығына қайта-қайта бата беруді жөн көреді.

«ЛАДИМЛАДИМИЧ ПУКИН»

Путинді «біраз жерге апарып тастаған» блогерлер енді Тоқаевтың бұған неге көне беретінін сөз қылды.

Андрей Никулин: «Тағы шатасты. Дәлірек айтсақ, атын ұмытып қалғандай кейіп танытты».

Фарида Курбангалеева: «Путин тағы да Қазақстан президенті Тоқаевтың есімін дұрыс айта алмады. Астанаға барғанында «Қасым-Жомарт Кемелұлының» орнына алдымен түсініксіз бірдеңені айтты. Тоқаев бұған қайтіп шыдап жүр? Өткен жазда Санкт-Петербург экономикалық форумында Путин оны «Кемеж Ишемильевич» деп атады.  Ал 2022 жылдың қаңтарында ҰҚШҰ елдері басшыларының кездесуінде – «Кемел Жомартұлы» деді. Шынымен Тоқаевтың бұған қалай шыдайтыны таңғалдырады. Ладимладимич Пукин қалай жасаса, оған да солай жауап беру керек..

Дина Литпин

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер