ЗИЯЛЫ

2550
Adyrna.kz Telegram

Туған ай – тураған ет...
Көңіл сенбайді...
Атырау мен Алтайдың, Арқа мен Алатаудың арасындағы сан сапарларда өзінің сырбаз да сымбатты болмысымен көшімізді бастап, ағалық жолынан айнымай жүретін Жұмағаң дүниеден өтті дегенге көңіл сенбейді... Ай аунап, жыл да жетіпті. «Журналистика» дейтін көрінгенге жалынан сипата бермес сұрапыл әлемнің бүгінгідей әлемжеліге «жем болмай», сүйкімі қашпай тұрған кездері қоғамдық пікірге ақ жағалыларды жалт қаратып, мойын бұрғызып, кезең-кезеңімен көсем сөз көшінің берекесін кіргізген басы сонау Алаштықтардан басталатын аға буынға тағзым! «Басына ас құйып, сабына қарауыл қойған» керзі етік киген кеңес өкіметі кезінде де «басы ноқтаға сыймаған» Шерхан Мұртаза, Балғабек Қыдырбекұлы, Сейдахмет Бердіқұлов, Нұрмахан Оразбеков, Сағат Әшімбаев сынды қазақ журналистикасының семсер сөзді серкелері аз болған жоқ. Қидай сыпырылып, қынадай қырылған ұлыарымыздың атын атауға үрейленіп, ұлттың өзегі талып жүргенде өртеңге шыққан осы тұлғаларымыздың мектебінен түлеген кезекті буын – Жұмекеңдердің қатары.
Қазақ журналистикасы мен көсемсөзінің кейінгі кезеңдерін көрнекті публицист, Қазақстан Республикасы Президент сыйлығының лауреаты, Қазақстан Журналистер Академиясының толық мүшесі – академигі Жұмабек Кенжалинсіз елестету мүмкін емес. Ол өзі де Алаштың әйгілі қайраткерлері – Ахаң мен Жақаңның топырағынан түледі. Кенезесі кепкен Кеңес одағының ақырғы жылдары мен сын-сағаттарында және Тәуелсіз Қазақ Елінің қалыптасу жылдарынан күні бүгінге дейін ақырғы демі үзілгенше төл кәсібінен бір сәт те қол үзген емес.
КазГУ-дегі ұлттық журналистиканың қара шаңырағы саналатын факультеттен түлеп ұшып, «Социалистік Қазақастан» газетінен басталған Жұмабек Омарұлының еңбек жолы әр жылдары еліміздегі ең іргелі басылымдарда сәтті жалғасқаны баспасөз хақындағы шежірелерде ерекше баға беріліп, тасқа түскен таңбадай көрсетілген.
Қазақстан Тәуелсіздік алған алғашқы кезеңдерде әлеуметтік-экономикалық құрылымдармен қатар ұлттық канондарға сай ақпарат кеңістігінің құру да оңайға түспегені баршаға мәлім. Жаңа дәуір... Жаңа кезең... Жаңа мемлекет. Тоталитарлық вакуумда дем жетпей келген қоғамдық пікірдің тығыны атылып, демократиялық ұйымдар түрлі жалауларды көтеріп көшеге шыққан сәт... Жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған сол ұйымдардың ішінде ұлт болып қалыптасу жолын таңдаған Қазақ Елінің тамырына балта шапқысы келген кертартпалар да аз болған жоқ. Тілге, дінге, ұлттық рухтың тұтасуы мен елдік мүддеге сай жобаларға тас атушылар қатары артып тұрған шақта идеологиялық майданның ауыр жүгін ақпараттық үгіт-насихат саясаты атқарды. Біз оқуға тапсыруға келген тоқсаныншы жылдардың басында саясаттың көрігін қыздырып, көбігін аспанға атып жатқан Жоғарғы Кеңестің құрылтайшылығындағы «Халық кеңесі» басылымы «бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін» алып тұр екен. Редакторы – Жұмабек Кенжалин. Жариялылықтың жалауы желбіреп, деморкатияның демі ішіне тартып тұрған кез ғой. Жалпы, кез келген тарапты тыңдап барып баға беретін сырбаз мінезді Жұмағаңның жаратылысында демократтың смокингінен гөрі консерватордың костюмін лайық көретіні іс-әрекетінен анық аңғарылатын. Жаңа құрылып жатқан мемлекеттік жүйені жүргізу үшін арнайы заңдар қабылдау керек болды. Сол кезеңдерде «Халық кеңесінің» Парламенттегі тілшісі болған, бүгінде елімізге белгілі қаламгер, «Ана тілі» газетінің Бас редакторы Самат Ибраим бір күнде ондаған заңдардың қабылданғанын айтын таң қалдырып еді. «Мемлекеттік тіл туралы» Заңды даңқты академик Салық Зимановтың мінбеде сегіз сағат бойы тік тұрып қорғағаны тураы аңызға бергісіз әңгіме бар. Осындай от-жалын шарпып тұрған, түрлі көзқарастар арнасынан асыпы төгіліп жатқан шақта қоғамдық пікірдің мінбесіне айналған басылым тізгінін түрлі саяси топтардың жетегінде кеткпей өте абыройлы басқарған Бас редакторды әріптестері әлі күнге ауыздарының суы құрып айтады.
Біз білім ала жүріп газет ісіне араласа бастаған 1996-97 жылдары Жұмағаң заманында Орталық Комитеттің органы болған «Қазақстан комунисі», бүгінгі «Ақиқат» журналының Бас редакторы қызметінде екен. Іле-шала еліміздегі бірден бір тарихи басылым «Қазақ әдебиетінің» тізгінін ұстады. Сол жылдары ақпараттық үгіт-насихат әлеміндегі күллі газет-журнал, теле-радиолардың әлеуметтік жағдайы толық жүйелене қоймаған, айлап жалақы берілмейтін қиын кез еді. Жұмабек Кенжалиннің амалдың жоқтығынан әдеби басылымды нарықтық кезеңге бейімдеп, әлеуметтік, экономикалық тақырыптарға икемдегінін оқырман ретінде анық сезінгенбіз. Бұл орайда ақсақал қаламгерлеріміздің «әдебиетті шаруашылыққа айналдырып жіберді» деген сөздерін де жиындар да естіп қалатынбыз. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дейді, уақыттың диірменіне қарай солай істеуге тура келді, кейін тарихи басылым өзінің ырғақты қалпына қайта келді.
Жұмабек Омарұлы кәсіби журналист қана емес, журналистика теориясының терісін илеген кәнігі ғалым, ұстаз болды. Саяси ғылымдарының кандидаты. Кейінгі жылдары газет-журналдарды басқара жүріп тәжірибе мен теорияны ұштастырып журналистика факультетінде студенттерге дәріс оқыды. Бүгінде елімізге есімі мәлім біраз журналистердің дипломдық жұмысына жетекшілік жасады. Бакалаврлық оқуды бітіргеннен кейін біраз жыл газеттерде жұмыс істеп, араға бірнеше жыл салып барып ҚазҰУ-ге магистратурада оқыдым. Сонда магистрлік диплом жұмысыма Жұмағаң сарапшы болды. Сарпашылық қызметін тап-тұйнақтай етіп, ғылыми жұмысты бастан-аяқ мұқият оқып, ғылыми салмағы жан-жақты талдап, таразылап барып сарапшылық пікірін қағазға түсірді. Кейін ағамызбен кезекті бір іссапраға шыққанда бүгінгі ғылымдағы проблемалар туралы майын тамызып керемет тұжырымдамалар айтты. Сосын «сенің ғылымға да ебің бар екен, сеннен тәуір ғалым шығады, докторантураға тәуекел етіп көрмейсің бе?» деп ақыл-кеңесін айтып еді...
Еліміздегі ұлттық басылымдардың басын біріктірген «Қазақ газеттері» ЖШС құрылғанда басы-қасында болып, басқарды. Аралықта «Ана тілі» апталығында жетекші болды. Кейін Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы қызметіне қайта оралды.
Ұлттық мақсат-мұраттарға бейжай қарамайтын қайраткер азамат қоғамдық қызметтерден де шет қалған жоқ. Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминологиялық комиссия мүшесі, Алматы қалалық Мәслихатының депутаты болып сайланып, әсем Алматымыздың мәдени-рухани, әлеуметтік дамуына да көп қызмет етті. Әйгілі тұлғаларымыздың есімдерін тарихта қалдыру бағытында атқарылған әруақты істердің басында жүріп, көше аттарына көрнекті азаматтардың аттарын беруде бел шешіп араласты.
Қаламгер ретінде деректі прозада жаңа заманның тыныс-тіршілігін көркем бейнелеген бірнеше шығармаларын тасқа басып, тарихқа қаттап кетті. «Желкілдеп өскен құрақтай», «Шындықты шырақ етіп ұстаңыз», «Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз» атты бірнеше деректі әңгімелер мен эсселері, публицистикалық ой-толғамдарға құрылған кітаптары сол жанкешті еңбектің нәтижесі.
Жұмағаң – өте мәдениетті және өте жауапкершілікке берік адам болды ғой. Және өте сақ. Кез келген тарапты ең әуелі мұқият тыңдай біледі. Сөз бұзбай, тосып сөйлейді. Жиындарда қайсыбір қаламгер әріптестеріміз секілді қайнаған қазандай қақпағын лақтырып жатқан тосын мінезін көрмеппіз. Кеудемсоқтанып мінбеге ұмтылмайтын, ал жол-жөнімен мінбеге көтеріле қалса құлаққа қонатын идеяларды, елдік мәселелерді айғай-аттандамай-ақ қоңыр ғана дауысымен күллі аудиторияға нанымды, сенімді жеткізіп береді. Жастар жағы Жұмағаңның осы бір сабырлы да салмақты, бостекі сөзден ада болмысын және еңбекқорлығын қадір тұтатын еді.
Артынан ерген перзенттері де Жұмағаң секілді «аспай, саспай, жаман, жерді баспай» жүретін салиқалы азаматтар болды. Дастан Жұмабекұлы бауырымыз, әріптесіміз әкесінің ізін басып журналистика саласында абыройлы қызмет етіп келеді. Дастан да көркем мінезді.
Жұмағаңдай тұлғаға сыйлас інісі, қас-қабағына қараған әріптесі болғанымды Жаратқан Иеміздің өзінше бір сыйы деп сезінем.
Ұлттық журналистиканың адалбақандары мен уықтары майыспай, шаңырағы шайқалмай тұрса Жұмабек Кенжалин дейтін кесек болмысты, арына кір жұқтырмаған ЗИЯЛЫ тұлғаны кейінгі ұрпақ ешқашан ұмытпайды.

Жанарбек ӘШІМЖАН,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Пікірлер