Ұлттық университетте дәстүрлі қалалық пікірсайыс турнирі басталды

1192
Adyrna.kz Telegram
Фото: adyrna.kz
Фото: adyrna.kz

Бүгін, 25 қараша күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Әл-Фараби шәкірттері - VIII» қалалық пікірсайыс турнирі басталды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Әл-Фараби шәкірттері - VIII» 2015 жылдан бері жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан дәстүрлі дебат турнирі. «Алтын сапа» интеллектуалды пікірсайыс клубының бастамашылдығымен өтіп жатқан биылғы ойынға Алматы қаласы бойынша 20-дан астам дебат клубтарынан 64 фракция қатысуда.

Екі күндік турнир салтанатты ашылумен басталды. Жастар домбыра, қобыз, виолончель, гитара сынды түрлі аспаптарда өнер көрсетіп, дебат ойыны туралы өз ойларын ортаға салды.

Бірнеше турнирлердің өтуіне арқау болған «Адырна» қоғамдық қорының президенті Арман Әубәкір ойын алдында қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Дебат ойыны - интеллектуалды ойындардың арасындағы үлкен күш. Қазіргі таңда жетістікке жетіп жатқан түрлі тұлғалардың көбі дебатшылар. Сондықтан «Адырна» қоғамдық қоры бірнеше жыл қатарынан дебат ойындарына демеушілік етіп келеді. Бүгінгі ойынға баршаңызға сәттілік тілеймін. Елдің дамуына, өркендеуіне негіз болатын тұлға болуларыңызға шын жүректен тілектеспін», – деді ол.

Ашылу салтанатының соңында «Алтын сапа» ИПК координаторы Ақшолпан Сүндетова ойыншыларға жылы лебізін білдіріп, турнир ережелерімен түсіндіріп өтті:

«Турнир толық форматта дәстүрлі ережеде өтеді. Құрметті дебатшылар баршаңызға сәтті ойын тілеймін. Шын мықты жеңсін», – деді ол.

Еске сала кетейік, «Алтын сапа» интеллектуалды пікірсайыс клубы 2007 жылы Қазақстандағы ең алғаш құрылған дебат клубы. Клуб мақсаты Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері арасында дебат ойынын дамыту және насихаттауға, интеллектуалды, ұлтжанды жастарды қалыптастыруға негізделген.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер