"Менің Қазақстаным". Бүгін – ақын Жұмекен Нәжімеденовтің туған күні

1883
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ашық дереккөз беттерінен
Фото: Ашық дереккөз беттерінен

88 жыл бұрын 28 қарашада ақын, Қазақстан Мемлекеттік әнұранының (мәтіні) авторы, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденов Атырау облысы, Құрманғазы ауданында дүниеге келді.

Ақын 1963 жылы Москвада өткен Жас жазушылардың IV конференциясына делегат болып қатысып, 1967 жылы Ұлы Отан соғысындағы қасіретті жырлаған «Жоқ, ұмытуға болмайды!» деген дастандар жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. Жұмекен Нәжімеденов – 2006 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Әнұраны авторларының бірі. «Менің Қазақстаным» әні оның шығармашылық жолының басында, ақынның 21 жасында жазылған.

«Ол уақытта қазақтың кең даласын Ресейге бөліп бермекші болып жатты ғой. Ақынның қаруы – қалам. Сол кезде қаламымен білдірген қарсылығы осы сөзі  болды.  «Менің елім, менің жерім, қазағым», деп жырлады. Алайда, мұны Орталық комитет эфирге шығармады. Әуені ұнады, тек сөзін өзгерт депті. «Сен неге «Менің елім, менің жерім, қазағым» дейсің? Олай болмайды, партияны қос дейді.  Содан амал жоқ, партияны қосқан жерлері бар еді. Қанша өзгертілгенімен,  кейін Жамал Омарова орындаған алғашқы нұсқасы 1959 жылы қараша айында эфирге  шықты»,- дейді ақынның жары Нәсіп Мұстақызы.

1983 жылы ақын 47 жасында өмірден өтті. 2010 жылы «Менің Қазақстаным» атты жыр жинағы үшін Жұмекен Нәжімеденовке Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы (қайтыс болғаннан кейін) берілді.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер