BAQ liga журналистер арасындағы шахмат турнирінде «Адырна» командасы жеңіске жетті

1280
Adyrna.kz Telegram

Елордада екі айға созылған командалық шахматтан БАҚ өкілдері арасындағы чемпионат өз мәресіне жетті. Алғашқы маусымның шешуші ойындары өтіп, «Адырна» командасы жеңіске жетті.

БАҚ лиганың басқа бәсекелерден айырмашылығы – мұнда тек БАҚ өкілдері қатыса алады. Алғаш 2016 жылдың желтоқсанында басталған жобаға бүгінге дейін 70-тен астам БАҚ редакцияларынан 1000-ға жуық БАҚ өкілдері қатысты.

БАҚ өкілдері арасында алғаш рет өткен командалық шахмат чемпионатына еліміздің әртүрлі журналистерінен құралған 6 команда қатысты. Топтық турнирдің нәтижесінде жартылай финалға жолдама алған 4 команда белгілі болды. Олар: «Қазмедиа» орталығы, «Dıxınews.kz» сайты, «Қазақстан» ұлттық арнасы және «Адырна» ұлттық порталы.


Командалық шахматтың классикалық шахматтан ерекшелігі – мұнда бір тақтада 4 ойыншыдан бөлінген екі команда ойнайды. Партия 36 жүрістен тұрады. Алғашқы 12 жүрісте ойыншылар бір-бірімен ақылдаспай, кезегімен жүреді. Келесі 12 жүрісте өзара талқыласуға мүмкіндік алады. Егер осы аралықта да жеңімпаз анықталмаса, онда соңғы 12 жүріс болып, ойыншылар бір-бірімен ақылдаспай жүреді. Әр команда құрамында кем дегенде бір әйел журналист болуы керек.

«Чемпион болдық, турнирдің «Мырзасы» да атандық, тіпті «Құрмет» номинациясын да алдық. Не керек басқа? Енді Еуропаға кете беруге болады! Baqliga шахмат турнирі екі ай дегенде мәресіне жетті. Арман Әубәкір бастаған «Адырна» командасы үздік атанды. Финалда Qazaqstan телеарнасын жеңдік. Негізгі фаворит қарсылас Kazmedia еді, олардың асығы алшысынан түспеді.
Әзиз Жұмаділ мықты шоу-турнир ұйымдастыра алды. Келесі маусымда командалар саны бұдан да көп болары сөзсіз, әріптестер, осы бастан дайындалыңыздар», - деп әлеуметтік желіде жазба жариялады команда ойыншысы Асқар Беков.

Командалық шахматтан БАҚ лига бірінші маусымының басты ақпараттық қолдаушысы - «Адырна» ұлттық порталы. Агенттік басшысы, команда жетекшісі Арман Әубәкір жоба жайлы:

«Baqliga ұйымдастырған шахмат жарысы керемет деңгейде өтуде. Эмоцияға, стресс пен қуанышқа толы тартысты ойын өтіп жатыр. «Адырна» ұлттық порталы да осы ойынға өз командасын қосып жатыр, сондай-ақ ақпараттық демеушілердің қатарында. Яғни біз де сайысқа өз үлесімізді қосып жатырмыз. Осындай мәнді әрі қызықты ойындар болашақта ары қарай жалғасын табуына тілектеспіз», - деп пікірін білдірді.

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер