Экстремизммен күрес. Діни миллиондар қайда кетіп жатыр?

4056
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан діни экстремизмге қарсы тұру және алдын алу – мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі екендігін мәлімдеген. Жылдар бойы біршама жұмыстар жүргізіліп те келеді.  Заңнамалық база жетілдіріліп, көптеген мемлекеттік бағдарламалар, тұжырымдамалар да қабылданды. Алайда, қазір ешқандай бағдарлама немесе тұжырымдама, яғни дін саласындағы мемлекеттік саяси жоспары жоқ. 

Кезінде дін саласындағы мемлекеттік саясаттың тұғыры болған «2017- 2020 жылдарға арналған дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасы», сондай-ақ «ҚР Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018 - 2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» болған. 

Мемлекеттік бағдарламаның жалпы қаржыландыру сомасы 270 млрд 148 млн теңгені құрады. 

Қарастырылған қаржы арнайы және құқық қорғау органдарын заманауи техникамен, қару-жарақпен және профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға, сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби дағдыларын арттыруға көзделді. 

Сонымен қатар бағдарлама аясында «халықтың радикалдануына сыртқы факторлардың ықпал етуін төмендету» бойынша шараларды да қолға алу жоспарланды. 

Бюджеттің қомақты бөлігі ақпараттық - түсіндірме жұмыстарына жұмсау қарастырылды. Оны интернет пен әлеуметтік желілер арқылы терроризм мен діни экстремизмге қарсы әрекет ету жөніндегі әлеуметтік тапсырыс берулер мен гранттар арқылы жүзеге асырды. 

Бірақ, дін тақырыбындағы мәселелер шешіліп, бұл іс-шаралардан, бөлінген қаржылардан оң қортынды көріп отырмыз деп бүгін айта аламыз ба?! Керісінше дінге қатысты әлеуметтік араздық арытпаса, кемімегені айқын.

Ашық деректерге сүйенсек, мемлекет осы бесжылдық бағдарламада бір ғана «Каzislam.kz» интернет - порталын кеңінен танымал ету үшін 212 млн. теңгеге қаржы жұмсаған. 

2023 жылы аралығындағы портал қызметі үшін жұмсалған қаржы 42 064 000 млн. теңгені құраған. 

«Дін мәселелері жөнінде діни мамандар мен Республика аумағындағы АТТ мүшелеріне арналған оқыту семинарлары мен тренингтер» гранттық жобасы бойынша 2023-2025 жылдарға - 108 727 000 млн.теңге жоспарланған. 

Бүгін ешқандай мемлекеттік бағдарлама болмаса да, мемлекеттік саясаттың басым бағыты деген бір сөзбен есепсіз қаржыландыру жүріп жатыр. Жауапты орган ретінде қызметті Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитеті мен жергілікті жерлердегі әкімдіктерге қарасты Дін, Қоғамдық даму, Ішкі саясат басқармалары ұйымдастырып отыр. 

Мысалы, Дін істері комитетінің 2022 жылғы есебінде діни экстремизмнің алдын алуға және қарсы насихаттауға бағытталған 110 мыңға жуық жарияланым, 17 мыңнан астам түрлі форматтағы (бейне, фото) материал, БАҚ-та 3856 мақала, әлеуметтік желілерде 106 мыңнан астам жарияланым ұйымдастырылғаны туралы айтылады. 

Алайда, бұл мазмұнды - идеологиялық жұмыстарда мемлекеттік саясаттың бірегейлік ұстанымы жоқ екендігін байқаймыз. Ортақ келісілген саясаттың жоқтығынан дінге қатысты тақырыптың қоғамда ушығуына мемлекеттік саясаттың өзі себеп болып отыр деуге болады. Мәселен, орталық орган мен аймақтардағы тапсырыс тақырыптары мен дін саясатын жүргізуде «қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса» ұстанымымен жүргізіліп жатқандай. Жергілікті жерлерде дінге қатысты жобаларды бір күн құрылыс, екінші күні тауар сатып жүрген жеке кәсіпкерлер ұйымдастырып жүр.  

Дін саласындағы мемлекеттік саясатты түзеуші органның өзінің құжатнамаларында (техникалық ерекшеліктер) «дәстүрлі емес діни ағым», «деструктивті діни ағым», «діни радикализм» т.б. терминология өрбіп жүр. Алайда, заңда «діни экстремизм» деген термин жоқ, керек десеңіз «деструктивті діни ағым», «діни радикализм» деген терминдер де жоқ.

Осындай жүйесіз, иесіз жұмыстардың әсерінен деструктивті діни идеологияға қарсы насихат жұмыстарының өзі халықтың санасына исламофобия мен жүйесіз хаос идеологиясын нық орнықтырып, қоғамдағы дін тақырыбындағы поляризация арасын күннен күнге алшақтатып жатыр. 

 АЗАМАТТЫҚ БАСТАМАЛАРДЫ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ ЖӘНЕ ДІН 

Сөзіміздің деректі және дәйекті болуы үшін бір ғана жоба барысындағы қызметті зерделеп, зерттеп көрдік. 

Біріншіден, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитетінің «Мемлекеттік гранттардың тиімділігін бағалау жөніндегі отырыстың 2023 жылғы 27 желтоқсандағы № хаттамасына 2-қосымшасына» назар салсақ.

Бұл жерде Дін істері комитетінің тапсырысымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы ұйымдастырған гранттық жобалардың қортынды жылдық есебіне негізделген бағалау көрсетілген. 

  1. Дін мәселелері жөнінде діни мамандар мен Республика аумағындағы АТТ мүшелеріне арналған оқыту семинарлары мен тренингтер жобасы - сәтті жүзеге асырылды.
  1. Террористік белсенділік аймақтарынан қайтарылған азаматтарға, сондай-ақ қаза тапқан және хабар-ошарсыз кеткен қазақстандықтардың туыстарына құқықтық және әлеуметтік көмек - сәтті жүзеге асырылды.
  1. «Kazislam» әлеуметтік исламдық Интернет-порталының тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету - сәтті жүзеге асырылды.
  1. Интернет кеңістікте діни экстремизм мен терроризмге қарсы насихат жұмыстарына бағытталған ақпараттық материалдарды әзірлеу және ілгерілету - орта деңгейде жүзеге асырылды. 

Егер гранттық жоба 10-нан төмен, яғни қанағаттанарлықсыз іске асырылды деген баға алатын болса, тапсырысты орындаушымен келісім-шарт бұзылып жұмсалған қаржыны өндіріп алуға құқылы. Соңғы жоба бойынша қойылған 11,4 балл Дін істері комитеті тарапынан жобаны ұйымдастырушы Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы (АБҚО) және орындаушы ҮЕҰ-ға берілген карт-бланш деп бағамдауға болатын секілді. 

Екіншіден, бұл бағалауды өте төмен екендігін көріп және уәкілетті орган ретінде тапсырыс беруші Дін істері комитетіде өз қолын өзі кесе алмайтындығын түсініп, бұл жобаны жіті қарап шықтық. 

 «Интернет кеңістікте діни экстремизм мен терроризмге қарсы бағытталған ақпараттық материалдарды әзірлеу және ілгерілету» қысқа мерзімді мемлекеттік грант жобасын «ДАМУ Қазақстан Ассоциациясы» 3ТБ ұйымы жеңіп алған.  

«ДАМУ Қазақстан Ассоциациясы» ұйымы ашық деректерде негізінен Астана қаласының әкімдігінің, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының әртүрлі тапсырыстарын орындаумен қатар, «Аманат» партиясымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы етене байланыста қызмет етіп жүрген ұйым. Діни тақырыпта бұған дейін ешқандай жобалар орындамаған. 

Kompra.kz сайтының деректері бойынша 2023 жылы 2 377 553 теңгеге салық төлеген.

Жобаның құны: 62 421 000 млн. теңге. 

2023 жылға – 27 922 мың теңге, 2024 жылға – 34 499 мың теңге. 

Мақсаты: Дін саласында ақпараттық-түсіндіру, діни экстремизмнің алдын алу және қарсы насихат жұмыстарын орталықтандыру  арқылы еліміздегі діни ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету.

Жоба бойынша күтілетін нәтижелер:

  • интернет кеңістіктіктегі діни экстремизмге қарсы іс-қимыл бойынша алдын алу, ақпараттық-түсіндіру және қарсы насихат жұмыстары жүйеленеді;
  • интернет-кеңістікті діни экстремизмнің алдын алуға және діни радикалды идеологияларға қарсы насихатқа  бағытталған ақпараттық жұмыстардың біртұтастығы мен толымдылығы қалыптасады;
  • белгіленген ақпараттық басымдықтарға сәйкес қолданыстағы насихат арналарымен бірге жаңа ілгерілету каналдары іске қосылады;
  • әзірленген ақпараттық материалдардың сапасын және олардың таратылу тиімділігін бағалау автоматтандырылып, кемшіліктер мен жетістіктерді бағалап, оңтайлы шешім қабылдаудың мүмкіндігі артады.

Жоба барысында жүзеге асырылуы тиіс жұмыстар: 

  1. Діни экстремизмге қарсы насихаттық және профилактикалық сарындағы фотоматериалдар дайындау және оларды тарату.

 

Сараптама: төмендегі скринде көріп отырғанымыздай фото постерлер деп аталатын жұмыс түрі негізінен Instagram желісінде ұйымдастырылған, жазбалардың мәтіні структурасы бойынша бірегей, сондықтан ChatGPT жасанды интеллект жүйесі арқылы жазылған деп болжауға болады. Яғни, контексті еліміздегі діни тақырыптар өзектілігінен алшақ.

Digital коммуникацияларды (3 компонентті бағдарлама) және дизайндық ойлауды оқыту қызметтеріне – 1.2 млн теңге қаржы жұмсаған. SMM маманға – 1.4 млн төленген.

Instagram жазылған оқырман саны - 124 және әрбір жазбаға лүпіл басу жиілігі 3-4 адам, олар жоба ұйымдастырушылары мен  «ДАМУ Қазақстан Ассоциациясы» 3ТБ ұйымының қызметкерлері. 

Facebook желісіндегі оқырман саны – 0. Telegram желісінде – 6 адам жазылған. TikTok желісінде – 46 оқырман.

  1. Діни экстремизм мен радикализмге қарсы күн тәртібіндегі тақырыптарға арналған бейне подкасттар дайындау және тарату.

Сараптама: 20 бейне подкаст пен 10 вирусты роликтер дайындалған. «QPARATTYQ QALQAN» атауымен шыққан подкасттардың орташа қаралым жиілігі – 50 адам. Бейнежазбалар «ДАМУ Қазақстан Ассоциациясы» 3ТБ ұйымының ресми Youtube каналына жүктелген. Каналдың оқырмандар саны- 20 адам. 

Әрбір түсірілімге 300 мың теңгеден қарастырылып, жалпы сомасы – 6 млн. теңге жұмсалған. 

Жобаның техникалық ерекшелігіне сәйкес дайындалуы керек болған «вирусты роликтер» осы подкасттың қималарынан құралып жасалған, жалпы саны – 10. 

Tiktok желісіне жүктелген бұл «Вирусты роликтерді» дайындауға жалпы сомасы – 2.5 млн теңге, таргет арқылы тарату жұмысына – 1 млн жұмсалған.

  1. Бірыңғай интернет-портал құру арқылы интернет кеңістігінде ақпараттық-түсіндіру және қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүйелеу, ұйымдастыру және жүргізу.

Сараптама: Аталған қызмет бойынша noradical.kz сайты дайындалған. Қаралым саны - 100 000 кем емес және 100  ақпараттық материал жазылып орналастырлуы керек. Сайтта жарияланған барлық ақпараттар Kazislam, mazhab.kz, nurgasyr.kz секілді мешіттер мен салаға қатысты ақпарат көздерінен көшіріліп басылған. Яғни, эксклюзивті, өзіндік ешқандай мақала, жаңалық, сұхбат жоқ. 

Сайттың жасау мен жүргізуге 7 айлық мерзімге – 2.1 млн теңге қаржы жұмсалған.  

  1. Қазақстандық жастардың бойында терроризмге қарсы сана мен радикалды идеологияға қарсы иммунитетті қалыптастыру мақсатында әлеуметтік желілерде және TikTok-та жастар арасында челлендж ұйымдастыру.

Сараптама: #no_radical хэштегімен TikTok желісінде колледж студенттері арасында діни радикализмге қарсы би арқылы челлендж ұйымдастырылған. Адамның санасына әсер ететін идеологиялық құралға, би арқылы қарсы иммунитет қалыптастыру дегеннің өзі жасандылық пен немқұрайлық немесе басқа мүддеге ұмтылу деуге болады. Бұл қызметке 300 мың теңге жұмсалған.

  1. Қазақстанның барлық ұялы желілерінің абоненттері үшін бірыңғай мобильді нөмірде ақпараттық-анықтамалық қызметті ұйымдастыру.

Өтініш берушілерге тегін алғашқы консультациялық заңгерлік, психологиялық көмек көрсету. 

Сараптама: Қаурыт желі арқылы 2023 жылдың маусым-желтоқсан айлары аралығында кемінде 100 қазақстандық азаматқа консультациялық көмек көрсетілуі керек. Алайда, жалпы жобаның интернет арқылы барша қазақстандықтарға бағытталғанын, бірақ желідегі қаралым мен белсенділік жасанды немесе өте төмен ескерсек, жоба жөнінде ешқандай мақсатты аудитория қамтылмаған деген тұжырым жасауға болады. Бұл жағдайда  қаурыт желі номері +7 776 136 75 90 келіп түскен қоңыраулар да фальсификация немесе жасанды болуы әбден мүмкін.

  1. Интернет желісінде экстремистік идеологияға қарсы тұру мақсатында жастар арасында квиз ойындарын өткізу. 

Сараптама: Діни сауаттылықты арттыру мақсатында онлайн форматта өткен квиз ойындарына кемінде 50 000 адам мен 17 аймақ және 3 қаладан 20 команда қатысқан. Алайда, жобаның сайты, әлеуметтік желілердегі парақшаларында ойынның барысы жарияланбаған, тек қана қортындылары ғана жүктелген. Қандай сұрақтар қойылғаны, қандай мақсатты индикаторларға қол жеткізілгені туралы ақпарат жоқ. Бұл іс-шараны өткізуге – 1.7 млн. теңге, оның ішінде шара туралы БАҚ-тағы жарияланымдарға – 1 160 076 теңге жұмсалған.

Жалпы жоба барысында әкімшілік шығындарға - 8.3 млн.теңге оның ішінде - 5.7 млн. теңгесі жалақы қоры, ал 12 ш.м. кеңсе жалдауға (250 000) 7 айға - 1.7 млн.теңге жұмсалған. Жобаға қызмет көрсеткен мамандардың ішінде бірде-бір салаға қатысты дінтанушы маман жоқ. 

Мінекей, дін тақырыбындағы ешкім ешқашан қарамайтын подкасттар мен бейне роликтер, ешкім оқымайтын мақалалар осылай пайда болады. Бұл салық төлеушілердің, яғни мемлекет қаржысына ұйымдастырлып жатқан, орталық уәкілетті органның тапсырысымен орындалып жатқан жобадағы жағдай. Ал аймақтардағы болып жатқан оқиғаларды өзіңіз ойлай беріңіз. 

Жобаны үйлестіруші оператор «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығына» сұрақтар: 

  1. Гранттық жобаның конкурстық этапында эксперт ретінде салаға қатысты, кәсіби тәжірибесі бар дінтанушы мамандар қатысты ма? Себебі, маман қаурыт желі, квиз, челлендж деген бастамалармен интернеттегі деструктивті діни идеологияға қарсы насихат жұмыстары жүргізу қазір өзекті емес екенін айтар еді. Түк болмағанда 10 мықты дінтанушы, теолог мамандарға ақысын төлеп сол TikTok-та стрим жүргізу он есе тиімді екенін көзі қырағы белсенді азамат біледі. 
  1. «Интернет кеңістікте діни экстремизм мен терроризмге қарсы бағытталған ақпараттық материалдарды әзірлеу және ілгерілету» деп аталатын, яғни жұмыстың барлығы интернетте болуы керек, халық көріп, сауат ашуы керек, көзі ашылуы керек жобаны ешкім қарамаса да, естімесе де есебін қалай қабылдадыңыздар? Әлде, сіздерге мемлекет қаржысын еш қисынсыз жұмсау, мемлекеттік қызметтің этикасы ма?
  1. Жоба бойынша дайындалуы керек 10 бейне роликті, дайындалмай, түсірілген подкаст қималары мен монтаж екенін көріп тұрып, оған қалайша қаржы төлеп бердіңіздер? Әлде орталықта қызмет ететін эксперттер дайындалу мен дайын деген сөздердің ара жігін ажырата алмайды ма? 
  1. 1.2 млн теңге төлеп оқитын Digital коммуникацияларды (3 компонентті бағдарлама) және дизайндық ойлауды оқыту деген не? Егер жоба қызметкерлері арнайы оқулардан өткен болса, неге әлеуметтік желідегі жазбалардың мәтіні жасанды интеллектпен жазылған немесе посттардың дизайндық ерекшеліктері  жобадан күтілетін нәтижеге, индикаторларға қалайша әсер етпеген?
  1. Бірыңғай интернет-портал noradical.kz сайтындағы жарияланған материалдардың көшірме екендегі, авторлық материалдардың дайындалмағаны сіздерге еш сұрақ тудырмады ма? Жалпы сайттың қаралым бойынша жетуі керек 100 000 межесі талапқа сай орындалды ма? 
  1. Қаурыт желі бойынша консультациялық көмек алған адамдардың саны мен көрсетілген көмек сапасын қалай тексеріп алдыңыздар? Дінге қатысты келіп түскен сұрақтар болды ма, болса жоба штатында көрсетілмеген маман сұрақтарына кімдер жауап берді? 
  1. Жалпы жоба штатында бірде-бір дінтанушы маманның қатыспауы сіздерді алаңдатпады ма? Әлде дін саласы, әркім келіп маман бола алатын сала деп есептейсіздер ме? 

Дін саласындағы мемлекеттік саясатты дискредитациялау, жоққа шығару мен аяқ асты еткен бұл жобаға қатысты, құзыретті орган Дін істері комитеті мен үйлестіруші оператор  «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» ұлттық қауіпсіздікке тікелей байланысты дін тақырыбымен ойнап отыр деп тұжырым жасауға болады. 

Ал дін тақырыбы ойнайтын, сыбайластыққа жол беретін тақырып емес. Себебі, ертең елімізде қандай да бір діни мотивті террорлық, экстремистік оқиғалар болып жатса, ешкім өз өмірінің, жақындарының өмірінің қауіпсіздігі үшін кепілдік бере аламайды. 

Және діни-идеологиялық бағытта мұндай жобалар керек, тек «шымшық сойса да, қасапшысы сойсын» дегендей мұндай қызметтерді мамандары мен дайындығы бар, тәжірибесі бар азаматтар айналысқаны абзал.

 

Осыған байланысты құзыретті органдарға арнайы ұсыныстар: 

  1. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің назарына, «ДАМУ Қазақстан Ассоциациясы» 3ТБ ұйымының нақты осы гранттық жоба бойынша жүргізген қызметіне толық кешенді тексеру жүргізу; керек болған жағдайда шартты бұзып, мемлекет қаржысын қайтару; 
  1. «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» дін тақырыбына қатысты гранттық жобаларын ұйымдастыру бойынша құқықтық-нормалары мен ұйымдастыру тәртібін қайта қарау; 
  1. Керек болған жағдайда орталыққа қызметке бұл жобаларды жүргізуге дінтанулық білімі бар мамандарды тарту;
  1. Дінге қатысты гранттық жобалар конкурсына дінтанулық білімі бар мамандарды тартуды міндеттеу; 
  2. «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» мамандарының дін тақырыбындағы жобаларды басқаруға, үйлестіруге біліктілігі жетпеген жағдайда гранттық қаржыландырудан бас тартып, құзыретті органдарға мемлекет қаржысын қайтарып, әлеуметтік тапсырыс аясында жобаларды жүзеге асыруды қолға алу; 

Асхат Ахмедияр

Пікірлер