Достар дауы отбасыаралық сотқа айналып барады

2570
Adyrna.kz Telegram

Кезінде оппозициялық саясаткер ретінде қатар жүрген кәсіпкерлер Төлен Тоқтасынов пен Ғалымжан Жақияновтың арасындағы дау-дамай әлі жалғасып келеді.

16 қаңтар күні Медеу аудандық сотында өткен Ғалымжан Жақияновтың Төлен Тоқтасынов пен оның жұбайы Алма Тоқтасынованың үстінен түсірген талап-арызының қорытынды соты өткен болатын. «Адырна» ұлттық порталы сот барысына қатысып, сот нәтижесі Төлен Тоқтасыновтың пайдасына шешілгенін хабарлаған еді. Дегенмен, Павлодар облысының экс-әкімі Ғалымжан Жақиянов досы мен оның жұбайын жайына қалдырар емес. Неліктен?

АҚША ҮШІН ТАРТЫС

Бұрын-соңды арасын ақша бөлген ескі екі дос арасындағы даудың қалай басталғанын жазған едік. Қысқаша айтсақ, 2000 жылдарда халықтың сөзін сөйлеп, мұңын мұңдаған, 30 жыл айырылмастай дос болған саясаткерлер Ғалымжан Жақиянов пен Төлен Тоқтасыновтың арасын «қара мысық» кесіп өтті.

2019 жылы 30 тамызда Жақиянов пен Тоқтасынов арасында  Моңғолиядағы ALGT компаниясының 37,5 пайыз көлеміндегі үлесін сату-сатып алу туралы хаттамалық келісім рәсімделген. Хаттамалық келісім шарттарына сәйкес, тараптардың үлес құны 1 765 000 (бір миллион жеті жүз алпыс бес мың) АҚШ долларына бағаланды. Тоқтасынов компанияны басқаруды Жақияновқа берген, кейін Жақиянов келісілген ақшаның қалған бөлігін төлеуді доғарып, Тоқтасыновты «алаяқ» деп айыптап, үстінен арыз түсірген.

Осылайша, екі жылға созылған даудан кейін Медеу аудандық соты Жақияновтың арызын қанағаттандырмады.

Одан бөлек, былтыр Жақиянов Алма Тоқтасынованың әлеуметтік желідегі жазған жазбаларына байланысты «ар-намысымды таптады» деген желеумен 2 000 000 теңгеге жуық ақша талап еткен болатын. Екі айға созылған бұл соттың қорытындысы да Тоқтасынованың пайдасына шешілген еді. Алайда Жақиянов сот нәтижесіне қанағаттанбай, апелляцияға берген.

«ЕКІСӨЗДІЛІК БЕРЕКЕ ӘКЕЛМЕЙДІ»

Алма Тоқтасынованың айтуынша, Жақияновтың қорғаушысы 16 қаңтар күні өткен соттың нәтижесін де апелляцияға беретіндіктерін айтқан.

«Бұл әдеттегі азаматтық іс сияқты. Бірақ бұл жерде процестің қызықты тұсы - танымал адамдар арасында болып отыр. Жақиянов өзін оппозицияның көшбасшысы санайды. Сөз бостандығы, әділдік, жариялылық туралы үнемі сұхбаттар береді... Алайда, сотта өзі бұл ұғымдарға қарсы шығып, мүлде төбе көрсетпеді.  Тіпті, соттың ашық өтуіне, журналистердің қатысуына қарсы шықты. Оның орнына Жоғарғы Соттың бұрынғы судьясы, қазір адвокат Тагир Сисимбаев отырды.

Жақиянов прокурордың қаулысымен анықталған анық фактілерді де жоққа шығарды. Сөйтіп, Төленді алдағаны үшін онымен келісім шартқа қол қойғанын айтты. Бірақ сотта Ғалымжанның Төленнің үлескер екенін өзі растаған алғашқы хаттары көрсетілді. Ғалымжан бұл хаттарды жоғалтып алғанын мәлімдеді. Дегенмен, хаттар жоғалмайды, олар тек жойылады. Сондықтан Тоқтасынов Жақияновтан фактіні жоққа шығаратын әдетін біле тұра, бұл хаттарды нотариалды куәландырған. Сотта куәгер Жақияновтың Линкидиндегі парақшасын оқыды, онда ол өзі «ALGT» компаниясының тең иесі екенін жазады. Бірақ сотта ол бұл компанияға ешқандай қатысы жоқ деп өтірік айтқан. Сот процесі аяқталғанына бір минуттан кейін бұл бет Linkidin-нен жоғалып кетті. Ғалымжан тағы да өшірген болуы мүмкін.

Одан бөлек,  Ғалымжан Моңғолия полициясына Төленді алғаш 2008 жылы танығанын айтқан. Ал Жақияновтың қорғаушысы 2005 жылы Назарбаевтың атына кешірім жасау туралы өтініш жазбағанын мәлімдеді. Дегенмен, халық екеуін 2000 жылдардан бері біледі. Жақияновтың сөзі мен ісі сай келмейді. Екісөзділік береке әкелмейді», - деді Алма Тоқтасынова «Адырна» ұлттық порталына берген сұхбатында.

«ЖАҚИЯНОВ ӨТІРІК АЙТУДАН ҰЯЛА МА?»

Сонымен қатар, Алма Тоқтасынова ақша үшін емес, отағасының абыройы үшін соңына дейін күресетінін жеткізді.

«Бұл сот ақшаға қатысты дау болып көрінеді. Бірақ ақша түкке де тұрмайды. Мен Төленнің атына жағылған айып пен оның абыройы үшін, балаларымыздың болашағы үшін соңына дейін күресемін.

Ғалымжан Төленмен соттасса да, «Адырна» ұсынған сұхбаттан қашады. Сонда Төленнің көзіне қарап, өтірік айтуға ұяла ма? Төлен онымен ашық сұхбаттасуға қарсы емес, оны талай айтты. Бірақ Жақиянов тарап оны да, мені де, тіпті БАҚ өкілдерін де жайына қалдырар емес», - деді Тоқтасынова.

Айта кетейік, 2023 жылы қаңтар айында Төлен Тоқтасыновтың «Адырнаның» ютуб арнасына берген сұхбатынан кейін, “Адырна” ұлттық порталы Ғалымжан Жақияновқа да алаң ұсынып, сұхбат беруін сұраған болатын. Алайда ол оған оң жауабын бермей, "Адырна" порталының үстінен арыз тастап үлгерді. Іс Алатау аудандық сотында қаралуда. Кезекті сот отырысы 25 қаңтарда өтеді.

Дана Нұрмұханбет

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер