«Құрғақшылық мәселесі алаңдатады». Қазақстандық оқушы наноспутник ойлап тапты

2744
Adyrna.kz Telegram
Коллаж: Adyrna
Коллаж: Adyrna

Іздену жолындағы оқушы өзінің жаңа идеясы жайды әңгімелейді. Ол өзі қолға алған жұмысты қайда қолдануға болатынын айтып, себебін де түсіндірді.  

Әр өңірде талантымен талайды тамсандырып, білімімен көзге түсіп жүрген жастар баршылық. Солардың бірі оқушылар арасында алғаш рет наноспутник ойлап тапқан жас өнертапқыш – Шолпан Аманкелді. Қазіргі таңда ол Алматы қаласындағы М.Базарбаев атындағы №138 гимназияда оқиды.

Жас ғалым бала кезінен жаңа дүниені танып-білуге құмар болған.

«Кішкентай кезімнен табиғаттың тылсым сырларын түсінуге тырысып, айналамдағы дүниені зерттеумен айналыстым. Жылдар өткен сайын ғылымға деген қызығушылығым арта түсті. Түрлі кітаптарды оқып, таным көкжиегімді кеңейттім. Осы бір қабілетімді байқаған ата-анам мені ғылыми үйірмелерге қатыстырды. Осылайша үйде алғашқы тәжірибелерімді жасай бастадым», - дейді ол.

Қажырлы еңбек пен ізденістің нәтижесінде Шолпан  «Venus-Sat.kz» атты наноспутникті ойлап тапты. Айтуынша, идея елдегі құрғақшылық мәселесі көбейгеннен туған.

«Бұл – озон қабатын, ауадағы химикалық бөлшектерді зерттеуге арналған техника.  Жұмыс 2021 жылы басталған еді. Оған дейін спорттық  робототехникамен айналысатынмын. Наноспутник өзекті геоақпаратпен қамтамасыз етеді. Болашақта осы отандық туындыдан алынған геоақпаратты жасанды жаңбыр шақыртуға пайдаланамыз деген ойдамыз. Идея елдегі құрғақшылық мәселесіне орай алаңдаушылықтан туды. Ал құрылғыны жасап шығу үшін физика, химия, биология, информатика, география салаларын жетік меңгеру керек болды. Жұмыс 100-ден астам прототиптен басталды. Бұл жоба мен үшін тек ғылыми жұмыс емес, тұлғалық өсу процесі болды. Бүгінде өнертабысымды патенттеуді қолға алдым. Қазіргі таңда ол экспертизалық процесстен өтуде», - деп түсіндірді жас өнертапқыш.

11 сынып оқушысы болашақта өз жобасын Семей орманына бағыттауды жоспарлап отыр.

«Наноспутник тек қысқа дистанцияда, яғни 5-10 километрге ұшырылды. Десе де,  бұл климаттық бақылауға жеткілікті деректерді алуға мүмкіндік береді. Мен болашақта Семей орманына осы жобамды бағыттағым келеді. Резерват бұған дейін елеулі сынақтардың куәсі болды.  Радиацияның, әсіресе өрттен кейін қоршаған ортамен және биосферамен әрекеттесу мүмкіндігінің қарастыру менің ғылыми қызығушылығымның маңызды тақырыбы екенін атап өткім келеді. Ғылыми зерттеулер мен модельдеу белгілі бір аумақтарда жаңбыр жауып, ылғалдылықты арттыру үшін құралдарды қамтамасыз ете алады, бұл су қоймаларын құруға және өрт шығу ықтималдығын азайтуға көмектеседі. Бұл көп қырлы тәсіл тек өрт пен радиациялық әсердің салдарын зерттеуді ғана емес, сонымен бірге «Семей орманы» қорығында болашақ апаттардың алдын алу және бірегей табиғи ортаны қалпына келтіру бойынша белсенді шараларды қабылдау мүмкіндігін береді», - дейді ол.

Ғылымдағы жас ғалымның қоржыны жарқын жетістіктері толы. Атап айтсақ, Шолпан Аманкелді АҚШ, Индонезия, Малайзия сынды елдерде өткен халықаралық байқауларда топ жарып, үздік нәтиже көрсеткен. Осы орайда ол Үкімет тарапынан үлкен қолдаудың болғанын айтты.

«Бали қаласында өткен INNOPA-2022 халықаралық жас өнертапқыштар байқауына қатысып, 1-орын алдым. 35 мемлекет бой көрсеткен жарысқа Қазақстан  бірінші рет қатысты. Үкімет тарапынан үлкен қолдау, әрі көмек болды. Алматы қаласы Білім басқармасының "Алматы дарыны" дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі орталығы толықтай жарыстың шығынын көтерді. Орталықтың директоры Гүлнұр Кәрімғажы осы сапарда бізді бақылауға алды. Моральды қолдау көрсеткені үшін ол кісіге алғысымымды білдіргім келеді. Сонымен қатар, Халықаралық ғылыми ынтымақтастық орталығы (ICSC) Ләззат Құсайынова үлкен көмек қолын созды», - дейді Шолпан.

Биыл мектеп бітіретін жас түлек өзінің қай бағытта оқитынын анық біледі.

«Болашақта осы компьютерлік ғылым саласын жетік меңгергім келеді. Өзімді осы салада көремін. Жоғарғы оқу орны жайлы әлі толық сенімді емеспін. Алайда, Қазақстанның ғылым саласына үлкен еңбек қосқым келеді», - деп түйіндеді өнертапқыш.

Диана Асан
«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер