Астанада қар қалай тазаланады?

885
Adyrna.kz Telegram

Арқада алты ай аяз болса да, Астананың қысы бәрібір әдемі. Бірақ табиғаты тамсандырғанымен қардың жаууы қала тұрғындарын едәуір әбігерге салып қоятыны тағы рас. Әлбетте аулалар омбы қарға толып, көшелер көктайғаққа айналмас үшін коммуналдық қызметтер де 24/7 режимінде жұмыс істейді.

Қаланы қардан тазарту жұмысына орта есеппен күн сайын 2,5 мыңнан астам жол жұмысшы мен 1,5 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылады екен. Ал бір ауданға ше?

- Бір ғана “Сарыарқа” ауданында қар тазалау жұмыстарына бір күнде 623 жол жұмысшысы және 285 арнайы техника жұмылдырылады. Оның өзіндік тәртібі бар. Мәселен, ауданның барлық аумағындағы қар бір уақытта бірдей жиналады. Бекітілген алгоритм бойынша, қар жауғанда алдымен әлеуметтік нысандарға апарар жол, жаяу жүргіншілер жолдары, тұрғын үйлерге кіріп-шығу жолдары, аялдамалар маңы, басты көшелер тазаланады. Қарды жинап алған соң келесі кезекте автомобиль жолдарына, жаяу жүргіншілер тротуарларына құм-тұз қоспасы себіледі. Бұл мұздың еруіне септігін тигізіп, тұрғындардың қозғалысын жеңілдетеді. Одан кейін еріп, қайта қата бастаған мұз қалдықтарын тазалаймыз. Сондай-ақ, тұрғындар әлеуметтік желілер мен Ikomek жедел қызметіне қар тазалау туралы өз өтініштерін қалдыра алады. Мұндай кезде дереу назар аударылып, қосымша тазалау жұмыстары жүргізіледі, - деді “Сарыарқа” ауданы әкімінің орынбасары Ержан Жұмағұлов.

Қыс басталғалы бір ғана “Сарыарқа” ауданынан 700 мың текше метрден астам қар шығарылыпты. Оның барлығы арнайы полигонға жөнелтіледі. Айта кететін нәрсе, әр ауданның қар төгетін өз полигоны бар. Бір ғана “Сарыарқа” ауданында 22 мердігерлік ұйым жұмыс істейді.

- Екі режимде жұмыс істейміз. Күндізгі ауысым таңғы 6-да басталып, 16:00-ге дейін, әрі қарай түнгі ауысым таңғы 4-ке дейін қар тазалайды. Қар тазалағанда алдымен басты көшелерде 7 техникадан тұратын жолтазалағыш машиналар колонасы өтеді. Сосын жол жиегіне ысырылған қарды тиегіш техника арқылы артып, полигонға тасимыз. Ал жаяу жүргіншілер жолын тазалауға арнайы шағын тракторлар жұмылдырылған. Сондай-ақ, техника кіре алмайтын жерлерді жұмысшылар күрекпен тазалайды. Тұрғын үй аулаларына келетін болсақ, әр мекенжайды тазалайтын жұмыс кестесі аулаларда ілінген. Кестеге сәйкес толық қардан тазарту жұмыстарын жүргіземіз. Дегенмен, қалың қар түскенде алдымен аулаларға кіру-шығу жолдарының болуын қамтамасыз етуге тырысамыз, да жалпы тазалау жұмыстарына көшеміз, - деді “Абат Сервис” мердігерлік компаниясының менеджері Дәулет Сәдуақасов

Қар тазалау жұмыстарына қала тұрғындарының да көңілдері толады. Көпшілігі түсіністікпен қарауда.

- Ауламызды жиі тазалайды. Өзім К. Байсеитова, 8 мекенжайы бойынша тұрамын. Кейде түнде келіп тазалап кететін кездер де болады. Кішкене ыңғайсыздықтар туындағанмен таңертең тап-таза болып тұрады. Жұмысқа барар жолда да коммуналдық қызметкерлердің тынымсыз жұмысын байқаймын. Негізі біздің ауданда әрқашан таза. Жол тазалайтын кісілерге күш-қуат тілеймін, - деп қала тұрғыны Нағима Сатенова өз пікірін білдірді.

 

 

Пікірлер