«Біз дауласып жүргенде...» Көпке жетпеген Жалаңтөс туралы фильмнің бәсі күшейді

2201
Adyrna.kz Telegram

Өзбекстанда түсірілген Самарқанды билеген, Регистанды құрған атақты батыр, қолбасшы Жалаңтөс Баһадүр туралы тарихи көркем фильмнің трейлері әлеуметтік желінің дауын қыздырып жатыр.

Өзбек БАҚ-тың мәліметінше, президент Шавкат Мирзиеевтің жеке тапсырысымен түсірілген тарихи туынды наурыз айында көрерменге жол тартады.

Фильмде өзбек актерлерімен бірге Қазақстан мен Қырғызстанның кино жұлдыздары, Nomad Stants каскадерлар тобы да бой көрсеткен.

«ҰРПАҚ РУХ АЛАТЫНДАЙ ЖОБА ЖАСАЙ АЛМАДЫҚ»

Бірнеше күн бұрын O’zbekkino қоғамда резонанс тудырған фильмнің трейлерін жариялады. Джахангир Ахмедов түсірген «Амир Баҳодир Ялангтўш» үзіндісі әлеуметтік желіде әп-сәтте тарап, талық тудырған.

Тарихтағы ұлы тұлға туралы түсірілген фильмге пікір білдірген желі белсендісі Дәурен Сейітжанұлы:

«Өзбек ағайынға қызыға да қызғана қарап отырмын. Киногерлері «Амир Баҳодир Ялангтўш» деген фильм түсіріпті. Қазақстан кино театрларында да көрсетсе, жақсы болар еді.  Ал біз Жалаңтөс сияқты батырларға қатысты ұрпақ рух алатындай жоба жасай алмадық. Әр жерге ескерткіш орната бергеннен басқа. Оның өзі халықтың немесе халық арасынан шыққан белгілі бір топтың бастамасымен қолға алынған істер. Өзбектерде мұндай жобалар рулық емес, ұлттық, мемлекеттік деңгейде іске асып жатқанына тағы бір көзіміз жетті», - деп пікір қалдырған.

"ХАН КЕНЕ" ФИЛЬМІН ҚАШАН ТҮСІРЕМІЗ?»

Facebook желісінде журналист, белсенді Оңғар Қабден Өзбекстанда түсірілген фильмге қарап, отандық киноларға жаны ашитынын жеткізді.

«Өзбек ағайындар "Жалаңтөс баһадүр" киносын түсіріпті. Мына қысқа үзіндісінен-ақ қандай туынды екенін бағамдай беріңіздер! Миллиондаған долларға түсіріліп, клип деңгейінде қалған "Көшпенділер" мен хиджап кигізіп «мане, сане» деп шауып жүрген "Томиристі" ойлап артым жаман ашығаны-ай. Әттең, "Қабанбай батыр", "Бөгенбай батыр", "Хан Кене" деген фильмдерді қашан түсіреміз?» - деп өкінішін білдірді.

«ӨЗГЕНІҢ ЕНШІСІ»

«Басқалар жоқтан жонып батыр жасайды, қолдан аңыз құрайды. Ал бізде бәрі бар, батыр десең батыр, ерлік десең ерлік бар. Тек соны өзіміз мойындамай, ырың-жырың етеміз. Біз дауласып жүргенде, өзбектер Жалаңтөске арнап фильм түсіріп тастапты», - деп жарыса пікір қалдырған оқырмандар көп.

Осы тұста «Жалаңтөс батыр – қазақтың тұлғасы, қазақ батыры. Тарихың ұрланып жатқандай. Тарихы бай қазақтар кеудесін жалаң ұрып, өзгенің, өзбектің ісіне шекарадан қызыға қарап тұрамыз, әйтеуір» деп фильмге пікір білдіргендердің қарасы қалың.

Үкі Нұратай: «Өзбек ағайындар Жалаңтөс батыр туралы фильм түсіріпті. Фильмнің трейлерін көрген жұрт «Зак Снайдердің өзі түсіргендей екен!» деп ауыздарының суы құрып жатыр...  Қысқасы, тағы бір тарихи тұлғамыз өзгенің еншісінде кеткелі тұр...» - деп пікір қалдырды.

«ТАСҚА ҰРҒАН ПЫШАҚТАЙ»

Кино – бір елдің тарихын, болмысын, мәдениетін бірнеше сағатта көрсететін идеологиялық мәні бар туынды. Дегенмен қазақ киносының басым көпшілігі махаббат үшін өлім құшқан батырларға арналған.  Нұрбол Ханағат желідегі парақшасында:

«Біздегі фильмдер қызға қырқысып, бір-бірін өлтіруден аспайды. Көшпенділерді алайықшы, екі досты бір қызға ғашық қылады, қырылысады. «Жау жүрек мың бала», «Сардар», «Қыз Жібек» т. б фильмдер солай кете береді. Мысалы, кәрістер тарихи фильмдерін түрлі жанрда тіпті зомби стилінде де шығара береді. Бірақ, ар жағында айтары, тарихи мәні көрініп тұрады. Оны кәрістер ғана емес, барша шет елдіктер қызығып көреді.                                                                                                                           Біздегі отандық фильмдерге менің ғана емес, бәрінің қарны ашады. Қаржысын көріп, бармағын тістейді. Аттандаған «Алмас қылыштың» өзі алаштың көңіліне тасқа ұрған пышақтай өтпеді. Сүреңсіз шаң басқан «Томиристің» түрі анау!» - деп жазды.

«ТЕГІН БАРЫП ТҮСЕЙІН»

Жалаңтөс батырдың трейлері көптің көңілінен шығып, қызықтырғаны сөзсіз. Фильмнен үзіндіні көрген көрермен түрлі веб сериалдарды түсіріп жүрген режиссерлер бірігіп, тарихи фильм түсірсе екен деген өтініштерін де жарыса жазып жатыр. Әйтпесе, мемлекеттік қолдаумен «жаттанды, қысы жазы бөрік, сауыт киіп жүрген жоңғарлармен шайқасқан» кинолардан жұрт әбден мезі болған көрінеді.

Қоғам белсендісі Бурахан Дақанов та Қазақ фильм сапалы тарихи кино түсірсе ешқандай ақысыз бір рөлді ойнап беретінін жазды.

«Өзбек ағайындар,  Самарқандтың әмірі деп Жалаңтөс батыр жайлы сұмдық кино түсіріпті. Көре алмай, қызғанып отырмын.  Оу, «Қазақфильм», бір тарихи кино проектісін бастаңдаршы, тегін барып түсейін әкесін. Қазақтың рөлін қимасаңдар да бір жынды жоңғардың рөлін ойнасам жетеді маған. Тек басында, қойшы-пойшының қолынан тыраштанып өліп қалмай, кино соңында атам Қабанбай, Бөгенбай сынды батырлардың қолынан жəһаннамға аттансам болды. Тіпті екеуі жабылса да болады. Оған да көндім... Бастаңдаршы тек», - деген. Ал дәл осы жазбаның астына көптеген оқырман «мен де тегін түсемін», «иә, қолдаймыз», «мен өзім түспесем де бірнеше жылқымды тегін берейін, көмегім болсын» деп пікір білдірген.

САМАРҚАННЫҢ ӘКІМІ

Қазақ тарихында Самарқанды билеген Жалаңтөс би Сейітқұлұлы шамамен 1576 – 1656 жылдар аралығында өмір сүрген. Тарихта Жалаңтөс баһадүрдің Сырдарияның саға-жағалауын мекен еткен Алшын елінің Әлімұлы рулық бірлестігінен тарайтын Төртқара руынан шыққаны айтылады. Деректерде Жалаңтөс батырдың Әйтеке би заманында өмір сүріп, билік еткені айтылған. Оны жалпақ жұрт «Құлық Жалаңтөс, Сарым Жалаңтөс батыр» деп те атаған.

Ал өзбек тарихында Ялангтуш Бахадур есімімен танылған  батырды 1578 жылы Бұхара хандығында өмірге келіп, 1656 жыл Дахбедте қайтыс болғаны айтылған. Жалаңтөс батырды Өзбекстанда - өзбек әскери қолбасшысы, саясаткер, Самарқандтағы Бұхара хандарының орынбасары ретінде көрсетеді. Кейбір дереккөздерде оның толық аты-жөні Ялангтуш Бахадур Ибн Байходжа ретінде көрсетілген.

Ялангтуш би өзбек ханы II  Абдулла хан кезінде Бұхарада мектепте және медреседе білім алып, сол заманда ел ісіне араласқаны айтылады.

 

Сымбат Наухан

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер