Жалған ақпарат, алаяқтық. Жәрдемші ЖИ қатерге де қабілетті

1777
Adyrna.kz Telegram

Жаһанның дамуы үйде отырып-ақ,  жасанды интеллектінің (ЖИ) көмегімен кез келген ақпаратты лезде табуға жағдай жасауда. Заманауи әлемнің ажырамас бөлігіне айналған ЖИ-тінің ықпалы артқан сайын, қауіпі де көбеюде. Ол арқылы жеке тұлғалар туралы ақпаратты біліп алып, алаяқтықпен айналысатындар да жиі кездеседі.

Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда соңғы жеті жылда интернет-алаяқтық саны 10 есеге, яғни 2 мыңнан 20 мың қылмысқа дейін өскен. Былтырдың өзінде интернет-алаяқтар азаматтарға 17,5 млрд теңгеден астам шығын келтірген. Ғаламтордағы әккілердің көмекші құралына айналған жаны жоқ, бірақ миы көп жасанды интеллект дегеніміз не? 

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ДЕГЕН НЕ?

Жасанды интеллектінің пайдасы мен зияны туралы «Адырна» ұлттық порталына  ІТ маманы Мейіржан Әуелханұлы айтып берді.  

«Жасанды интеллект дегеніміз – адамның ойын, іс-әрекетін компьютерде бейнелейтін компьютерлік жүйе. Яғни, адамзаттың жетістігі. ЖИ әдетте үйрену, шешім қабылдау, тілді тану, сөйлесу, көру және проблемаларды шешу сияқты адамдық ақыл-ой қызметтерін жасауға бағытталған. Ол дамыған сайын, күрделі міндеттерді орындауға, деректерді талдауға және өздігінен оқуға қабілетті болып келеді.», - деді ІТ маманы. 

Сондай-ақ, ядролық энергияны бейбіт және деструктивті мақсаттар үшін пайдалануға, мұнай өндірудегі энергетикалық мәселелерді шешу және жаңа материалдарды синтездеу үшін шикізат алу сынды адамзаттың өмірін өзгерткен өнертабыстар – жасанды интеллект арқылы жүзеге асады. Дегенмен, ғалымдардың біраз бөлігі жасанды интеллекттен қауіп көреді. 

«ЖИ - АҚПАРАТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІККЕ КЕДЕРГІ КЕЛТІРЕДІ» 

«Жасанды интеллектің қауіптері де өте көп. Eң бірінші, ол біздегі жұмыс орындарын қазірдің өзінде ауыстырып жатыр. Жасанды интеллекттің келуімен автоматтандырып, жұмыс орындары өте көп қысқаруда. Жасанды интеллектің дамуымен жер шарында жұмыссыздық белең алып жатыр. Бұл – біріншісі,  ал екіншісі – ақпараттық қауіпсіздікке кедергі келтіреді. ЖИ адамдардың жеке деректерін пайдаланады. Жеке деректерін көбейтіп, не азайтып пайдалану, болмаған нәрсені болды, деп пайдалану көрініс тауып жатыр. Бұл үлкен алаңдаушылық тудырып отыр», - деді ІТ маманы Мейіржан Әуелханұлы.

Бүгінде түрлі сайттар жасанды интеллекттің көмегімен жеке тұлғалар туралы ақпараттың шын-өтірігін араластырып ашық түрде жариялайды. Ол интернет алаяқтарға жол ашып, жұмыстарын жеңілдетуде. Мәселен, бүкіл әлем бойынша заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер туралы ақпаратты алуға мүмкіндік бретін Statsnet сайты бар. Мұнда бизнес сәйкестендіру нөмірі немесе адамның аты-жөнін жазу арқылы барлық ақпаратты білуге болады. Дегенмен, бұл сайтқа толықтай сенуге бола ма?

Сайттың өзі көрсеткендей, портал ақпаратты жасанды интеллектінің көмегімен алады.

Ал жасанды интеллект ІТ маманынының айтуынша, үнемі дұрыс ақпаратты бере бермейді. Ол ғаламторда жиналған шын-өтірігі аралас ақпараттың барлығын бір жүйеге топтастырады.

Әрине, Statsnet сайты  корпоративтік ашықтық – әділ қоғам үшін құрылған. Компанияның негізгі мақсаты – жоғары сапалы ресми деректерін қолжетімді етіп, әлемдегі ең үлкен ашық компания деректер базасын құру. Дегенмен, біз бірнеше ақпараттық порталдарды сайт арқылы қарап, олардың жылдық бюджеттерін анықтадық. Төменде көрсетілгендей бірнеше миллиондарды, тіпті жарты миллиардты көрсетіп берді. Сонымен қатар, олардың басшыларынан білгеніміздей, бұл қаржы көздері толықтай шындыққа жанаспайды. Яғни, кейбір ақпараттар артық көрсетілгендігін айтады.


«Сондай-ақ, интернет алаяқтар нейрондық желілердің барлық қол жетімді артықшылықтарын өздерінің мақсаттары үшін пайдаланады. Мәселен, танымал адамдардың суретін пайдалану арқылы халықтан ақша алу немесе алдау. Одан бөлек, жалған дауыстарды жасайтын нейрондық желі шықты. Алаяқтар оны бірден қолдана бастады. Дауысыңызды жүктеп салсаңыз болғаны, нейрондық желі сіздің дауысыңызды тез есте сақтап, көшіріп алады. Қазіргі күні мұндай әрекеттер жиі кездесіп жатады. Баласының дауысы арқылы ата-анасына хабарласып, ақша сұрайтындар да кездесуде”,- дейді ІТ маманы.

Фото:techeela.com

 Мамандардың айтуынша, жасанды интеллект арқылы жалған ақпарат тарататындар көп. Ал әлеуметтік желілерде адамдардың ақпараттық сауатының нашар болуынан бірден сеніп жатады. Тіпті, халықты дүрліктіріп, шу тудыратындар да кездеседі.

“Жасанды интеллект болашақта дамып, үлкен саяси додаларда адамдардың көзқарасына әсер етуі, әртүрлі манипуляциялық  мақсаттарда пайдалануы мүмкін. Қазіргі заманғы машиналық оқыту алгоритмдері шынайы мәтіндерді, кескіндерді және тіпті аудио жазбаларды жасай алады. Бұл жалған жаңалықтарға, қоғамдық пікірді манипуляциялауға және қаржы нарығындағы алаяқтыққа жол ашады. Дегенмен, мұның жазасы бар екенін ұмытпаған жөн”,- деді Мейіржан Әуелханұлы.

«ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ТАРАТҚАН ЖАЗАСЫН АЛАДЫ»

Ал жасанды интеллектті пайдаланып, жалған ақпарат тарататындардың жазасы қандай болмақ? Бұл туралы заң ғылымдарының кандидаты, адвокат Роза Өміртай айтып берді. 

«Жалған ақпарат таратқандарға Қазақстан Республикасының заңдамаларына сәйкес, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Яғни,  әкімшілк құқық бұзушылық кодексіне және Қылмыстық кодекске сәйкес жауапқа тартылады. Жалған ақпарат қоғамда резонанс тудырса, халықты жалған ақпаратпен иландырып, халықтың біраз бөлігі зиян шегетін болса, 20 АЕК сомасындағы айыппұл төлеуден бастап, 7 жылға бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделген. Қылмыстық кодекстің  274-бабына сәйкес жалған ақпарат таратқаны үшін жазаға тартылады.

Жалпы  жалған ақпарат тараған жағдайда, егер әлеуметтік желіде тараса, әлеуметтік желіде кешірім сұрау арқылы қалыпқа келтіреді. Ал ақпарат көзі арқылы жалған ақпарат тараса, сол ақпарат көзі бойынша, кешірім сұрау арқылы болған құқық бұзушылықтың орнын толтыра алады. Бұл халықаралық құқықта да осындай тәжірибемен жүзеге асады. Егер бір  мемлекетті басқа мемлекет жалған ақпарат таратып, абыройын  төгіп жатса, дәл сол дереккөз арқылы кешірім сұрап, олқылықтың орнын толтыру керек. Айыппұл салу , қоғамдық жұмысқа тарту, бас бостандығынан айырылту ға дейін барады», - деді заңгер.

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер