Рысқалиев туралы айтқан Шындалиев Самат Әбіш жайлы сөйлеуге құлықсыз

2513
Adyrna.kz Telegram

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіштің ісіне және сырттай үкім шығарылған экс-әкім Бергей Рысқалиевтің желіде тараған суретіне қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Шындалиев Самат Әбіштің ісі сотта екенін айтып, оның әзірге не істеп, не қойып жүргеніне жауап бере алмайтынын айтты:

"Мен бұл іс сотта екенін білем. Ал оның қайда, не істеп жүргенін... Ол Қазақстанда. Тергеу кезінде ол "ешқайда кетпеу жөнінде қолхатпен" жүрген. Бұдан әрі айта алмаймын, өйткені бұл іске менің де рұқсатым жоқ", - деді Әсет Шындалиев Мәжіліс кулуарында.

Сонымен қатар журналистер Әсет Шындалиевтен “Қазақстанда сотталған Бергей Рысқалиев қалайша Лондонда емін-еркін жүр?” деп сұрады. Әсет Шындалиев расында да, Атырау облысының экс-әкіміне сырттай үкім шыққанын, алайда өкінішке қарай Ұлыбритания мен Қазақстан арасында оны экстрадациялау бойынша ешқандай келісім жоқтығын айтты.

"Егер тиісті келісім болмаса, біздің құқық қорғау органдары ештеңе істей алмайды. Ресми сауал жолдаңыздар. Бәлкім, мұндай өтінімдер жіберілген де шығар. Бірақ оның қалай орындалғанын білмеймін", – деді Шындалиев.

Пікірлер