"Жағдай әлі де күрделі". Солтүстікте судың беті қайтпай тұр

774
Adyrna.kz Telegram
Фото: matritca.kz
Фото: matritca.kz

Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев су қоймасы 153% толып кетті, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Бұл туралы СҚО ТЖД Ақпараттық-аналитикалық тобының бас маманы Жазира Қожахметова айтты.

Оның сөзінше Есіл өзенінде су деңгейі әлі жоғарылап жатыр.

«Облысымыздағы жағдай әлі де күрделі. Сергеев су қоймасы 153% толып, су бөгет шегінен 2 метр 67 см асты. Тәулік ішінде бұл деңгей 8 см төмендесе де, Есіл өзенінде су деңгейі әлі жоғарылауда. Осы орайда өзен жағасының маңында орналасқан Қызылжар ауданының елді мекендері мен Петропавл қаласында үйлерді су басты», - деді спикер Республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте.

Қазіргі сәтте аталған облыста 2023 үй және 1115 үй маңындағы аумақтарды су басқан.

«Негізгі соққы Қызылжар ауданының кенттеріне келді. Сондай-ақ, Петропавл қаласының Хромзавод және Ойқала шағын аудандарында тәулік ішінде 1 324 үйді су басты. Онда 5072 адам көшірілді», - дейді бас маман.

Жалпы облыс бойынша барлығы 10 345 адам, оның ішінде 2328 бала қауіпсіз жерге эвакуацияланған. Сонымен қатар, 3530 мал қауіпсіз жерге айдалғаны да мәлім болды.

Пікірлер