Министрлік енді мұғалімдерді суға қарсы шараға жұмылдыруда

903
Adyrna.kz Telegram
Фото: ТЖМ
Фото: ТЖМ

Елімізде 26 мыңнан астам педагог пен білім беру саласының қызметкерлері су тасқынымен күреске жұмылдырылуда, деп хабарлайды "Адырна” тілшісі.

Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі мәлімдеді.

«Оқу-ағарту министрлігі өңірлерде оқу процесін ұйымдастыру жұмыстарын жалғастыруда. Министрлік өкілдері Атырау, Қостанай, Ақмола, Маңғыстау және Абай облыстарының жағдайымен барып танысты. Су тасқыны басталған уақыттан 4 739 бала сауықтыру орталықтарына, колледждер мен жоғары оқу орындарының жатақханаларына және инновациялық мектеп-лицей интернаттарына орналастырылды. Сондай-ақ балалар мен ата-аналар үшін қосымша 8 мыңға жуық орын әзірленді. Оқушылар қажетті оқу құралдарымен, киіммен және тамақтанумен қамтылуда», - деді министрлік өкілі Мереке Амангелдіқызы  Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Бүгінде су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде сапалы білім беруді ұйымдастыру үшін жоғары жылдамдықтағы интернет тартылғаны айтылды. Топан су басқан Қостанай, Ақтөбе, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстары бойынша 13 мектеп Starlink желісіне қосылды.

«26 мыңнан астам педагогтер мен білім беру саласының қызметкерлері су тасқынына қарсы шараларға, оның ішінде жағалауды бекіту жұмыстарына қатысуда. 400-ге жуық мектеп психологы эвакуациялық пункттердегі балалар мен азаматтарға психологиялық көмек көрсетуде. Одан бөлек министрліктің бағынысты ұйымдары мен аумақтық департаментерінің 300-ден астам қызметкері балалардың оқу процесі мен сапалы демалысын ұйымдастыруда», - деді министрліктің ресми өкілі.

Пікірлер