Атырау МӨЗ-ін Ресейге сату дауы. Кей депутат кетәрі емес, кей депутат қарсы

1782
Adyrna.kz Telegram

Ақпарат кеңістігінде соңғы кезде ресейлік компанияның Атырау мұнай өңдеу зауытын сатып алу ықтималдығы жайында ақпарат тарағанда бұл жайлы ресми сауал жолдаған депутат байқалмаған. Дегенмен олардың пікірінсұарап көрген тілші парламенттегі көзқарастың әрқилы екенін байқады.

Жуырда БАҚ-та Кремльдің «Лукойлға»Атыраудағы мұнай өңдеу зауытын (МӨЗ) тезірек сатып алуды тапсырғаны жайында дереккөзге сілтеген ақпарат тараған болатын. Бұл мәліметті ешкім жоққа да шығарған жоқ, растаған да жоқ. Мұндай ақпараттың Украина қарулы күштері Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарын дронмен атқылаған тұста тарағаны назар аудартады.

«ҚИЯНАТ КӨРІП ТҰРҒАН ЖОҚПЫН»

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Атырау мұнай өңдеу зауытының белгілі бір үлесін «Лукойл» компаниясына сатуға қарсы. Әйтсе де ол аталған компанияны Ресеймен байланыстырғанды құптамайтынын аңғартты.

– Енді Ресей демейік, «Лукойл» жекеменшік компания болғаннан кейін оның үлесі Әзербайжанда да бар. Өткенде бес күндей Әзербайжанда болғанда газ бен мұнай құю станцияларының біразы «Лукойлда» екенін көрдім. Егер ол біздің заңнамамен келіп, басқа да міндеттемелерін орындайтын болса, зауытты модернизациялап, жыл сайын тоқтап қалмайтын болса, енді толыққанды емес, белгілі бір пайызы өтсе, мысалы үшін мен одан өз басым қиянат көріп отырған жоқпын. Атырау мұнай өңдеу зауытының белгілі бір пайызын Қазақстанның мүддесін сақтай отырып берсек, оған қарсы емеспін. Мысалы үшін кезінде «Лукойлдың» жанар-жағармай бекеттері Америка мен Еуропа елдеріне де тұрды. Одан олар ешқандай қауіп көріп отырған жоқ. Олай болатын болса, біз одан неге қауіп көруіміз керек? – деді депутат.

«Иә, Ресей Украинаға басып кірмес бұрын, «Лукойл» компаниясы Еуропада жұмыс істеген шығар. Алайда соғыстан кейін Кремль санкцияға ұшырады емес пе? Ертең Америка мен Еуропа тарапынан соғысты қаржыландырған ел ретінде санкцияға ұшырамаймыз ба?» деген сұрақ қойылды депутатқа.

Бұл сұраққа Айдос Сарым үзілді кесілді «Жоқ» деп жауап берді.

Ресеймен арада талай сауда-саттық жүріп жатыр. Осы 2-3 жылдың ішінде біздің тауар айналымымыз өспесе, кеміген жоқ. Біздің басты міндетіміз қару және қару жасауға қажетті технологияны сатпауымыз керек. Негізі Ресеймен арамызда 20 мыңға жуық біріккен кәсіпорын бар. Одан біздің миллиондаған Қазақстан азаматы пайда көріп жатыр, – деді ол.

«МҰНАЙ ЗАУЫТЫ РЕСЕЙГЕ БЕРІЛСЕ, ШУ ШЫҒАРАМЫЗ»

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи әріптесі Айдос Сарыммен мүлде келіспейді. Тіпті ол Атырау мұнай өңдеу зауыты сатылатын болса, шу шығарамыз деп мәлімдеді.

Атырау мұнай өңдеу зауытын Ресейге сатумүлде дұрыс емес. Менің ойымша, Ресей бұл тұрғыда қысым жасап отыр ма екен... Қазір Украинаның Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарын атқылап, оның бірнешеуін істен шығарды. Осының салдарынан Ресейдің жанар-жағармай станцияларында бензин тапшылығына байланысты проблема пайда болды. Әсіресе, Еуропа аймағына қарайтын территориясында кезек болып жатыр. Осыған байланысты соғыс алаңына жақын маңайда мұнай өңдеу тиімсіз, содан Атыраудың мұнай өңдеу зауытын алу жөнінде ұсыныстар түсіп жатыр деп естимін. Бірақ бұл зауыт сатылатын болса, біз үлкен шу шығарамыз. Бірінші кезекте агрессиялық елдің тып-тыныш жатқан, Еуропа одағына ұмтылып, өзінің тілі мен діні және мәдениетіндамытуға талпынған елге баса-көктеп барған Ресейге стратегиялық нысанды беріп жатқанымыз әлем қауымдастығының алдында өте түсініксіз мәселе болады. Сондықтан да мен Қазақстан билігі ондайға бармайды деп ойлаймын, – деді депутат Бапи.

«ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІККЕ ҚАТЕР»

Сарапшылар «Қазақстанның ең күлшелі жерлерін, кеніштерін Ресейге беріп жатырмыз» деп сын айтады. Олар Қазақстанның жер асты, жер үсті байлығын соғыс әрекетін тоқтатпаған, санкция астындағы елге берудің тиімсіздігін жиі айтып жүр. Осы орайда соңғы уақытта әлеуметтік желі мен ақпараттық ресурстарда Ресейге сатылғаны бар, сатылмағы бар, өндіріс орындарының тізімі пайда болған еді.

Соңғы кездері әлеуметтік желіде шығып жатқан ақпараттарды қарадым. Солардың кейбірі 1-2 жылдың ішінде емес, 90 жылдардан бастап Ресейге берілген нысандар екен. Ол енді бір соңғы 5 жылдың ішінде беріліп кеткен болса, бірсәрі. Өндірістік нысандардың бәрі дерлік анау 90 жылдардан бергі Қазақстан мен Ресейдің арасындағы қарым-қатынастың әсерінен берілген дүние. Экономика бойынша Қытай, АҚШ, Франция секілді елдердің де нысандары бар. Осы тұрғыдан келгенде экономикалық байланысты тереңдеткен дұрыс. Бірақ Ресейдің соңғы кездері Қазақстанның атом, уран секілді өндіріс саласындағы қызығушылығы ұлттық қауіпсіздігімізге қорқыныш тудырады, – дейді депутат Ермұрат Бапи.

28 сәуірден бастап Ресейдің кей өңірлерінде жанармай тапшылығы басталғаны белгілі. Украина тарапынан Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына жасалған шабуылы елде үлкен мұнай тапшылығын тудырды деп хабарланған БАҚ-та.

Шынар Ақжанқызы

Пікірлер