Табыл трагедиясы туралы толғаныс

5852
Adyrna.kz Telegram

Ертеректе Тума құм жақта Аманғали есімді сері өткен... Ерте дейтін ерте де емес... Жиырмасыншы ғасырдың басындағы «ақ қашты, қызыл қуды» алмағайып кезеңде кеңес жендеттерінің қолынан қапыда қаза тапқан қайран ер... «Қолымда бір қамшым бар сәліңгірдей» деп басталатын Аманғалидың әнін біздің елдің кеудесінде сәулесі бар өнерпаздары сүйіп орындайды. «Бір тентек ел ішінде жүрмей ме екен, Соңыма неге түстің бәрің бірдей» деп назаланған намысты серінің артында қалған алып-қашты әңгіме көп. Көпшілігі «Ердің түбіне ерегіс жетіптіге» саяды. Сол Аманғалидың әдебиеттегі трагедиялық тұлғасын жасаған серімен тағдырлас та мұңдас Табыл еді...
Халқының сәби санасы өліара кезеңде шалықтап тұрғанда шарасыздық уын ішкен ен даланың еркесі Аманғали мен өркениет қақпасы алдында тұрған қоғамда өмір сүрген ерен талант Табылдың арасында жүректің қылындай бір нәзік байланыс бар секілді көрінеді де тұрады. Ол еркіндіктің аңсары еді... Меніңше солай... Тұлғаның бақытты болуы ол өмір сүріп отырған заманның әлеуеті мен мәдениетіне байланысты емес. Оның бақыты ішкі жан дүниесінің қанағаттануында... Рухани қажетін өтеуінде... Қалғаны далбаса! Жылтырақ киім де, жүйіткіген көлік те түкке тұрмайды оның қасында... Жанның мәңгі бостандығының жанында...
Мен есімді білгелі Табыл елде еді... Ару Алматыдан «туған жер деген түрмеге» көшіп келген жылдары болса керек. Кейінірек оң мен солымды айыра бастаған, өлеңнің дертіне шалдыққан уақыттарымда мен оған анықтап қарай бастадым. Айтпақшы, мүлде кішкентай кезімде теледидардан (ол жарықтық сол кезде ақ-қара түсті еді-ау) студент Табылдың әдемі қызбен қосылып гитарамен ән шырқағанын әке-шешеммен отырып көргенім бар. Ол Табыл мен таныған Табылдан мүлде басқаша болатын. Ол Табыл қазіргі жалғыз тұяғы Абыл секілді албырт та алаңсыз секілді көрінген. Соңғы Табылдың жүзінде өзгеше таңба бар еді. Біртүрлі бұл дүниелік емес қасіреттің табы сезілетін. Ол айналасына біртүрлі мұңлы асқақтықпен қарайтын. Бәрін біліп, бәрін көріп жеріген жанның немқұрайлылығымен еріне көз тастайтын... Дендердің тар көшелерінде маңғаз басып келе жатып не ойлайтыны бір құдайдың өзіне аян. Қолдарын бірінің үстіне бірін қойып маңқиып отырған сәттерінің өзінде жанның тыныштығы сезілмейтін.
Иә, иә, дәл солай... Кейде сол қырсық қалпына бір түрлі ерегіспен қарайтын едім. Өйткені, мен алаңсыз ақымақ едім. Оның жанарында Шәкәрімнің теоремасы жатушы еді... «Мақтап жүрген өмірің осы болса, Үш-ақ ауыз өлеңмен болды тамам»... Қазір осы жолдарды жазып отырғанда Табылдай алыппен бір топырақты басып жүріп көбірек сырласа алмағаныма өкіндім... Сосын көптен жыламағанымды түсіндім. Шынында, Табылдың сол мұңлы тәкаппарлығын көргенде жүрегім қатты сығымдалатын. Қатты риза болып кеткенде «Адайдың жиені ғой!» деп мақтанып, маңдайымнан сүйетін. Кейде маған «Ейй, байғұс бала, көрешегің алдыңда ғой...» дейтіндей біртүрлі аяушылықпен қарайтын. Мен оны қазір түсініп жүрмін...
Сонау сексенінші жылдары ару Алматыдан аңыз-дастаны басталып, күллі қазақты селт еткізген рухты поэзия мен музыканың ғажайып синхронын жасаған Табыл феномені күні бүгінге дейін басынан бірнеше кезеңді өткізді. Солдат сағынышы, асау бозбаланың албырт махаббаты, «Мен қазақпын» деп ширыққан шымыр толғауларынан балықшы көпес Гурий Назаровқа арнаған әйгілі найзағай жырларына дейін ол шығармашылық шабыттың нағыз ләззатты шақтарын басынан өткізді. Ол Табылдың айдарынан жел ескен армансыз кездері шығар, бәлкім... Оның тағдыр-талайы соқтықпалы-соқпақсыз жолдарда өтті. Қайран таланттың қамыққан да мағынасыздықтан жалыққан сәттері көбірек болды ма деймін...
Сөйтіп жүріп туған елдің жоғын түгендеді. «Азалдан біздің бабалар шіркін, Болған-ау, сірә, қыркезбе» деп Дендердің ой-жотасын, жұмбақ сырын түгендеді. Сонау Махамбет, Малайсарыдан бастап, Баламайсан күйшісі бар, ескерусіз-елеусіз ақын-жыршысы бар, туған жердің таланттарын жарыққа шығаруға есепсіз еңбек етті. Ол қарт Дендердің ерікті тұтқыны еді... Бәрібір жүрегінің түкпірінде белігісіз іңкәр сағыныш жататын. «Біреу келсе екен» дейтін жалғыздықтың, көп ішіндегі жалғыздықтың дерті жеңіп кете беретін. Әсіресе өмірінің соңғы жылдарында осы шексіз аңсар түпсіз үрейге ұласқандай боп көрінеді маған. Әйтпесе, мына жолдарды жазар ма еді?...
Алып кет мені ауылдан, аға,
Сені аңсап біраз шет жүрдік.
Мен өмір сүрген қауымға қара,
Айналысқаны боқ тірлік.

Жанымды салма зарлатып отқа,
Болмысым сені күтті әр күн.
Алып кет мені Алматы жаққа,
Азаптан сүйтіп құтқарғын.

Рәсуасы болып ессіз ғаламның,
Дендерім-туған жерімде.
Махамбет құсап бассыз қалармын,
Қаройдың қара көрінде.

Ақынның алып жүрегі қырық бес жасында тоқтады. Жанқияр достан жалпы жұртшылыққа дейін аза тұтты. Тіпті Табылдың мына жарық жалғанда бар екенінен бейхабар, бірақ әніне ғашық қанша қазақ көз жасын төкті. Жұлдызы сонау көкке жайғасты да, тәні Дендердің жалпақ жотасында мәңгі тыныс тапты. «Мен өлемін, мылтық пен домбырамды, Құм төбенің басына қадап кетем» деп аяр тіршілікке айбат шегіп кетті. Дүниенің тұрақсыздығын, алапат дарынға жер үстінің тарлығын тағы бір мәрте дәлелдеп кетті. Табылды мәңгілік сапарына шығарып салған азалы жиында табытты көтере жөнелген сәтте «Жалған дүниесі» зарлап қоя берді. Қаралы жұрттың есін алып қара нөсер төккен еді-ау... Одан бері де сегіз жыл жылжыған екен.
Мына сәйкестікті қараңызшы... Марғасқа Махамбеттің ақтық демі жиырмасыншы қазанда үзілген екен. Табыл болса он тоғызыншы қазанда көз жұмды. Екеуі де туған жердің тынымсыз қызғышы еді... «Алаштан асқан алпауыт біреу болмаса, Жолымды менің кеспеуі керек енді ешкім. Мен кеттім!» деп Аманғалидың аузына салғаны Табылдың өзінің де тағдырына айналды.
Біздің елдің абадан ұлдары ажалын да қасқиып қарсы алып, аспанға қарап күліп қалған секілді көрінетіні несі екен?.. Солай шығар... Өйткені, олардың өлмейтін ғұмыры енді басталды ғой...

 

Әлия  ДӘУЛЕТБАЕВА

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер