Кенен Әзірбаевтың еш жерде жарияланбаған суреттері табылды

1616
Adyrna.kz Telegram
Фото: Жамбыл облыстық мұрағаттан
Фото: Жамбыл облыстық мұрағаттан

Қазақтың әйгілі халық ақыны, әнші, композитор Кенен Әзірбаевтың  жәдігерлері, эксклюзивті фотосуреттері табылды. Бұл туралы ҚазАқпарат жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Табылған сурет 1963 жылдың 12 қарашасында түсірілген. Суретті сол кездегі Жамбыл облыстық «Знамя труда» газетінің фототілшісі Тілеумағамбет Елемісов Қордай ауданының Киров атындағы колхозында Георгиевка кендір өңдеу зауытының еңбеккерлері мен жұмысшыларына үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп болған соң демалып отырған жерінен түсіріп алған.

aa05db6f-8a19-4ed8-8f20-eafdb9af6354.webp.jpg

Фото: Жамбыл облыстық мұрағатынан

Бүгінде бұл сурет облыстың мемлекеттік архивінің қорында сақтаулы. Кенен атамыздың суретінен бөлек, бұл қорда сол кездегі «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы, майдангер-жазушы Құрманбек Сағындықовпен түскен суреті де бар. 

– Бұл суретте ақын, жыршы, әнші әрі композитор, қоғам қайраткері Кенен Әзірбаевтың 79 жастан асқан кезі. Ғасырға жуық ғұмыр кешкен тұлға туралы облыстық архивте тағы да біршама дерек сақталған. Мәселен, көпшілігіміз Кенен атамыздың күрескерлік қырын, елшілік қызметін біле бермейміз. Ол турасында 1960 жылдардағы Қордай аудандық партия құжаттарының марапат қағаздарында жазба қалған. Ол 1916 жылғы бүкіл қазақ жерін шарпыған халық көтерілісінің бел ортасында болған. Яғни Кеңес өкіметінің орнауына ықпал етіп, патшалық Ресейдің озбырлық әрекетіне қарсы шыққан. Кеңес өкіметі орнаған кезде халық арасында үгіт-насихат жүргізу шараларына белсене атсалысқан. Ораз Жандосов, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Т. Бокин сияқты жалынды революционер-большевиктермен бірге болды, - дейді аталған суреттің тарихы туралы Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі Назым Қожамарова.

Ақынның азаматтық болмысы мұнымен ғана шектеліп қалмайды. Ұлт-азаттық көтеріліс жылдары қазақтың ірі байларын тәркілеп, ауылды ұжымдастырамыз деген өкіметтің шешімі елдің халін нашарлатып, азықсыз қалдырғанын көрген Кенен Қордай жеріндегі Әли Нұрғожаев бастаған халық көтерілісіне қатысып, көптеген оқиғаны көзбен көрген. Көтеріліс басшысы Әлидің қасында жүріп әнімен де, жырымен де көпшілікті күреске үгіттеген. Осы жылдары шығарған «Аттаныңдар!», «Қайран елім, қайда?», «Бұлбұлға» деген әндері – қазақ өнерінің алтын қорына айналған дүниелер. Кейін осы оқиғаға байланысты өзінің атақты «Әли батыр» атты дастанын дүниеге әкелді.

Қордай жеріндегі көтерілістен кейін ақын қудалауға да ұшырайды. Дегенмен, дер кезінде тау асып, қырғыз елінде бірнеше жыл паналап, елге қайта оралады.

– Сталиндік репрессия жылдары кеңестік Қазақстанның барлық шығармашыл зиялысы сияқты ұлтшыл деген айып Кенен Әзірбаевқа да тағылады. Зерттеушілер Кенен Әзірбаевтың тұтқындалуына оның Ораз Жандосовқа арнап шығарған «Оразжан» өлеңі себеп болды деп санайды. Ол Алматыдағы НКВД қабырғасында төрт ай отырып, ақыры ақталып шығады. 1939 жылы Кенен ақын ССРО Композиторлар одағының мүшелігіне қабылданады. Айта кету керек, ол – сол кездегі салалық екі Одақтың мүшесі болған бірінші адам. Соғыс басталардың аз алдында Кенен Әзірбаев Мәскеуге оқуға аттанады. Соғыс басталғанда Кенен Қазақстанда болды. 1916 жылғы көтеріліс жылдарында ол халықты партияның айналасына бірігуге шақырды, ән-жырларымен Жеңісті жақындата түсті. Осылайша қызыл империяның қылышынан аман қалған. Бұл турасында ұлттық қауіпсіздік комитеті жариялаған ашық деректер базасында да ақпараттар бар, - дейді Назым Қожамарова.

Пікірлер