50 миллиондық жыр. Облыстық сот ресми тіл қатты

1192
Adyrna.kz Telegram
фото: Ratel.kz
фото: Ratel.kz

«Адырна» ұлттық порталында “Алматы облысы сот ғимаратын 5 айға жалдау үшін 50 миллионнан астам теңге қаржы бөлді” деген сыни мақала жарияланған еді. Сол материалда көтерілген мәселерге қатысты облыстық сот ресми жауап берді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Біз аталған мақалада Алматы мен Жетісу облыстары бөлініп, облыс орталығы Қонаев қаласына көшкелі бері мемлекеттік мекемелердің дені кеңселерді жалға алып отырғанын, мәселен Алматы облысының Сот әкімшілігі алдағы бар болғаны бес айға 2273,7 шаршы метрден кем емес ауқымдағы әкімшілік ғимаратты (20 адамға дейін сыйымдылығы бар залы, 1 мәжіліс залы, ванна бөлмелері, 2 сот төрағасы, 3 алқа төрағалары, 20 судьяға арналған кабинеттері бар) жалдау үшін қазына қаржысынан 50 752 232 теңге қаржы жұмсағалы жатқанын жазған едік.

Сондай-ақ, облыстық сотқа ресми хат жазып, облыс бөлінген екі жылдан астам уақытта сот әкімшілігі ғимарат жалдауға бюджет қаржысынан қанша ақша шығындағанын, бұл үрдіс қашанға дейін жалғасатынын, ғимаратты жалға алуға кеткен қаржымен мемлекеттік мекемеге ғимарат соғып алуға не кедергі екенін сұрап хат жолдағанбыз.

Алматы облыстық соты біз жолдаған бірнеше сұраққа қысқаша жауап қайырыпты. Қараңыз (хат мәтінін өзгертпей ұсынамыз):

“Алматы облысы Қонаев қаласы әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023 – 2027 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес Алматы облыстық соты мен департаментіне ғимаратын салу жергілікті атқарушы органдарымен жоспарлануда. Бүгінгі таңда, қала әкімдігі тарапынан Алматы-Өскемен автомобиль жолының бойында орналасқан жер учаскелері бөлінді, олар бойынша осы объектілердің құрылысы жоспарланып, "Алматы облысының құрылыс басқармасы" мен "Компания СТРОЙТЕКС" ЖШС жобалау ұйымы арасында жоғарыда аталған объектілер бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге шарттар жасалды. Жобаларды іске асыру республикалық және жергілікті бюджет есебінен 2025-2026 жылдарға жоспарланып отыр. Жобалау-сметалық құжаттаманың аяқталу мерзімі 2024 жылғы 3-тоқсан. Қазіргі уақытта жұмыс жобасын әзірлеу жұмыстары аяқталуда,-” делінген.

Қош! Жауаптан ұққанымыз Алматы облыстық соты біз қойған нақты сұрақтарды айналып өтіп, тек сот ғимаратының 2027 жылға дейін әйтеуір бір салынатынын тілге тиек етіпті. Облыс бөлінген екі жылдың ішінде ғимарат жалдауға қанша қаржы шығын болғаны туралы жақ ашпапты. Ресми жауапта мақалада көтерілген сот ғимаратын бес айға жалдауға бөлінген 50 миллион теңгеден астам қаржы туралы да ештеңе айтылмаған. Демек, облыстық сот жай ғимарат үшін айналдырған бес айға миллиондарды шашып жатқанын жоққа шығарған жоқ!

2027 жылға дейін әлі үш жыл бар. Яғни, 36 ай! Жоғарыдағы 50 752 233 теңгені беске бөлсеңіз 10 150 446 теңгенің, сот ғимаратын айлық жалдау құнының төбесі көрінеді. Демек, Алматы облысының соты алдағы үш жылда тек ғимаратты жалдау үшін халық қазынасынан 365 416 070 теңге қаржы жұмсайды деген сөз.

Біз облысқа қатысты бір ғана мемлекеттік мекеменің жағдайын сөз етіп отырмыз. Алматы облысының басқа мекемелері бюджеттің қанша қаржысын әуеге шашып жатқаны белгісіз.

Асыл Абай

Адырна ұлттық порталы

Пікірлер