Фотографияда төңкеріс жасаған Джордж Истмен

744
Adyrna.kz Telegram

Джордж Истмен - американдық кәсіпкер, инноватор, миллионер, меценат. «Eastman Kodak» корпорациясының негізін қалаушы. Джордж Истмен құрастырған фотоаппараттың арқасында фотоға түсу жаппай үрдіске айналды.

Джордж Истмен 1854 жылы 12-шілдеде Ютики қаласының (Нью-Йорк штаты) оңтүстік-батысындағы Уотервиль елдімекенінде дүниеге келеді. Джордж бес жасқа толғанда оның әкесі бүкіл шаруашылығы мен фирмасын сатып, отбасымен бірге Рочестер қаласына көшіп келеді.

Ал Джордж Истменнің мектептегі үлгерімі нашар болды. Мұғалімдер оны қабілеті төмен оқушылардың санатына жатқызды. Джордж 14 жасында мектептегі оқуын тастап, жергілікті сақтандыру компаниясына қызметке тұрады.

Ол мұнда 5 жыл жұмыс істеген соң, Рочестердегі Жинақ банкіне кіші қызметкер болып жұмыс ауыстырады.
1877 жылы АҚШ үкіметі Доминикан Республикасын испан отаршыларынан қорғаймыз деген сылтаумен онда әскери теңіз базасын тұрғызады. Әскери база құрылған жерде қала пайда болатынын, жылжымайтын мүліктің бағасы аспандайтынын білген Джордж Истмен коммерциялық барлау жүргізу мақсатында Санто-Доминго қаласына баруға шешім қабылдайды. Әріптестері оған Доминикан еліндегі жерлер мен объектілерді суретке түсіру үшін фотоаппарат алып баруға кеңес береді. Ол кездегі фотоаппараттың асай-мүсейлері көп еді: ауыр штатив, көлемі осы күнгі микротолқынды пештермен бірдей камера, морт сынғыш әйнек пластинкалар, бір құмыра су мен химикаттар, сұйық эмульсия, жарық өткізбейтін жамылғы.

XIX ғасырда фотоаппаратты алып жүру, қолдану өте күрделі еді. Жарық сезгіш эмульсияны камераның әйнек пластинкасына жағып, эмульсия кеуіп кетпей тұрғанда фотоны түсіріп үлгеру қажет. Жарық өткізбейтін жамылғы эмульсияның тез кеуіп кетпеуі үшін фотокамераны орауға пайдаланылатын. Фотоаппаратты пайдаланудың күрделілігі сондай – Джордж Истмен фотоға түсіруді үйрететін арнайы фотограф жалдауға мәжбүр болды. Фотокамераның салмағы бүкіл асай-мүсейлерімен қосқанда 20 килограммға, ал бағасы 5 долларға тең болатын. Алайда банктегі жұмыс тәртібінің өзгеруіне байланысты Истменның іссапары жүзеге аспай қалды. Есесіне салмағы ауыр фотоаппарат оған терең ой салды.
Фотоаппараттың құрылысын қарапайым етудің жолын іздеген Джордж ағылшын журналдарының бірінен әйнек пластинкаға желатин эмульсия жағуға болатындығы жөнінде мақала оқиды. Желатин эмульсияның артықшылығы – әйнекке жағылғаннан кейін құрғап кетсе де, фотоға түсіруді жалғастыра беруге болады. Күндіз банкте жұмыс істеп, түнде асханасында отырып, желатинделген фотоэмульсия жасаудың қамына кіріседі. Анасының айтуынша, Джордждың асхананың еденінде киімімен ұйықтай салған кездері де болған. Ең қызығы бұл жаңалықты әлі ешкім жетілдіріп, өз атына патенттемеген болып шықты. 1879 жылы Джордж Истмен иесіз жаңалықты жыл бойы жетілдіріп, құрғақ фотопластинка жасап шығарады да, оны өз атына патенттейді. 1880 жылы құрғақ фотопластинка шығаратын машинаға да патент алады.

Өзі құрастырған ең алғашқы «Kodak» фотоаппаратына түскен бірінші фотосы
Инновациялық жаңалықтары орасан пайда әкелетінін сезген ол жаңа кәсіпорын құруға қам жасайды. Әкесінің досы Генри Стронгты жаңа бизнеске қаржы құюға үгіттейді. Жас инноватордың идеясына көңілі ауған Генри Стронг алғашқы салым ретінде 1000 доллар ұсынады. 1881 жылы Рочестердегі ғимараттардың бірінің үшінші қабатын жалға алып, «Eastman Dry Plate Company» кәсіпорнын тіркейді. Жинақ банкіндегі қызметін тастап, фотоаппарат пен оның бөлшектерін дамытып жетілдіруге бел байлайды.

Кәсіпкерліктің алғашқы жылы жайсыз болды. Кәсіпорындағы қызметкерлердің немқұрайлылығынан нарыққа сапасыз дайындалған фотопластинкалар тарап кетеді. Тұтынушылардың ызасын тудырып алмас үшін, сатып алушылардың әрқайсысына жаңадан сапалы фотопластинкалар үлестіріп береді. Бұл оқыс оқиға компанияны шығынға батырады, есесіне тұтынушылардың есінде жауапкершілігі мол кәсіпорын ретінде сақталып қалады. Генри Стронг досының баласының бизнесіне көмек ретінде тағы 5 мың доллар құяды.

XIX ғасырдың 70-жылдарының соңында целлулоид материалы ойлап табылған болатын. Джордж Истмен желатинді енді әйнек пластикке емес, целлулоидқа жағады. Осы жаңалықтың негізінде 1883 жылы «Eastman Dry Plate Company» кәсіпорны барлық әйнек пластинкалы фотоаппараттарға сәйкес келетін орамдалған пленкалар шығарады. Біздің ата-аналарымызбен құрдас буын өкілдері күні кешеге дейін қолданып келген фотоаппараттардағы пленкалардың алғашқы образы осылай дүниеге келген еді. Жаңа тауар түрін өндіруді қолға алғандықтан, тиісінше компания аты да «Eastman Dry Plate and Film Company» болып өзгереді. Орамдалған пленкалар нарықтан әйнек пластинкаларды ығыстырып шығарады деген Истменнің үміті ақталмады. Фотографтар бәз баяғыша әйнек пластинкаларды пайдалана беруді жөн көрді. Десе де, Джордж Истменнің бизнесі баяу дамығанымен, оның компаниясының табысы 1885 жылы 200 мың долларға жетіп үлгерген еді.
Көптеген фотографтардың орамдалған пленкалардан гөрі әйнек пластинкаларды артық бағалауы Джордж Истменді жаңа қадамдарға итермеледі. Фотографтарға ерегескен ол фотоаппаратты әрбір адам үшін қолжетімді дүние еткісі келді. Орамдалған пленкаларды тұтынушылардың көңілінен шығару үшін, тағы бір тауар түрі керек еді. Ол 1888 жылы «Kodak» деп аталатын шағын фотоаппараттың алғашқы үлгісін құрастырады. Фотоаппарат қарапайым, штатив қажет етпейтін, қолға жеңіл болғанымен бағасы қымбат болды: камера мен оның ішіндегі 100 кадрлы пленканың бағасын қосқанда 25 доллар! Сол кездегі қызметкерлердің орташа еңбекақысынан екі есе артық. Азғантай сатып алушылардың өздері жаңа фотоаппараттың болашағына күмәнмен қарады. Фотоаппарат иесі 100 кадрды толық түсіріп болған соң, фотоаппаратты өндіруші кәсіпорынға алып келіп, 100 суретті қағазға шығарып, келесі 100 кадрлы пленканы салдыру үшін кәсіпорынға тағы да 10 доллар төлейтін.

1888 жылы 4-қыркүйекте «Kodak» тауар белгісі ретінде тіркеледі. 1892 жылы корпорацияның аты «Eastman Kodak Company» болып өзгереді.
Фотоаппараттың бағасын арзандатпақ болып, Истмен өндірістік шығындарды азайтуға күш салды. 1900 жылы Джордж Истмен картоннан жасалған «Brownie» фотоаппаратын нарыққа шығарады. Жұмсалған шығын көлемі аз болғандықтан, бағасы 25 есе төмендеді. «Brownie» фотоаппаратының бағасы 1 доллар болды. Арзан фотоаппаратты сатып алған халық, бір-бірін фотоға түсіріп, қуанышқа кенелді. «Brownie» бұқаралық тұрмыстық затқа айналды.

Истмен компаниясына жарнама ретінде өте сәтті сөз тіркесін қолданады: «Сіз тек кнопканы басыңыз, қалғанын өзіміз істейміз!». Жарнама суреттеріне қолына фотоаппарат ұстаған қыздардың фотоларын пайдаланады. 1897 жылы Лондондағы Трафальгар алаңына электр лампаларының көмегімен «Kodak» деген стенд тұрғызады. Ол сонымен қатар «Eastman Kodak Company» кәсіпорнының фотоаппараттарын сататын дүкендерге басқа бәсекелестерінің фотоаппараттарын сатуға тыйым салады. Бұл қылығы үшін АҚШ үкіметі оған «астыртын монополист» деп айдар тағады.
«Kodak» деген сөз ешқандай мағына бермейді. Джордж Истменнің өз сөзіне сенсек ол «k» әрпін қатты жақсы көрген. Өзінің жаңа тауарының аты «k» әрпімен басталып, «k» әрпімен аяқталуын қалаған. Біраз сөздерді саралай келе фотоаппаратына «Kodak» деп ат қоюды ұйғарыпты.

Джордж Истмен тарихта жомарттығымен аты қалған миллионер. Қайырымдылықпен айналысуды миллионер кезінде емес, қарапайым қызметкер болып жүрген шақта бастапты. Банк қызметкері болып жүрген тұста еңбекақысы 50 доллардан 60 долларға өседі. Жаңадан қосылған 10 долларды ай сайын Рочестердегі механикалық институттың қорына аударып отырды. 1899 жылы компаниядағы еңбеккерлердің әрқайсысына жалақысына сай дивидент тағайындайды. «Eastman Kodak Company» кәсіпорнының қызметі дүркіреген кезде, Массачусетс технологиялық университетіне 20 миллион доллар қаржы құяды. Оның компаниясының жұмысшыларының едәуір бөлігін көп уақыт өтпей осы университетті тәмамдаған мамандар құрайды.
1907 жылы ми қабынуының екі жылдық ауыр азабынан соң, Джордждың анасы бақилық болады. Қайғы Джордж Истменнің қабырғасын қайыстырды.
Истмен кәсіпорындағы жұмысшыларының әлеуметтік халіне баса назар аударды. Зейнет жасындағы еңбеккерлерге қосымша жәрдемақы төлеп тұрды. Қызметкерлердің денсаулығы мен өмірін сақтандыру қорын құрды. Еңбекке қабілетсіз жұмысшыларды арнайы жұмыспен, жалақымен қамтамасыз етті.

Египет сұлтаны Хұсейін Кәмілдің «Kodak» фотоаппаратымен түскен суреті
1919 жылы корпорацияның 10 миллион долларға тең бөлігін қарамағандағы қызметкерлеріне үлестіріп береді. Рочестердегі стоматологиялық емханаға 2,5 миллион доллар қаржы құяды. Тек Рочестермен шектеліп қалмай, Париж, Лондон, Брюсель, Стокгольм, Рим қалаларындағы тіс емдеу орталықтарын да қаржыландырады. «Осы салаға жұмсалған қаржы мені ерекше бақытты сезіндіреді, – дейді ол. – Ауыз, тамақ, мұрын, тіске бала кезден күтім жасалуы керек».
1924 жылы жеке қаражатымен Истмен музыка мектебін құрады. 1924 жылы ол ауыр күйзелісте отырған сәтінде бухгалтерін қасына шақырып, Массачусетс технологиялық университетіне, Рочестер институтына, Хэмптон және Таскидж қара нәсілділер институтының атына жалпы сомасы 30 миллион долларды құрайтын чек жазып береді. Чекті жөнелтіп болған соң «Енді өзімді жеңіл сезініп қалдым» деп бойын тіктеген екен. Зерттеуші мамандар Джордж Истмен қайырымдылықпен жанын сала айналысып кетпегенде, оның байлығы 250 миллион долларды құрар еді дейді. Біз үшін ол таяу заманда ғана өмір сүрген Атымтай Жомарт. 30-жылдардағы Ұлы экономикалық депрессия кезінде Истмен 12 жасқа толған 500 мың балаға су жаңа 500 мың фотоаппартты тегін таратып береді.
1930 жылдан бастап Джордж Истменнің денсаулығы күрт нашарлайды. Дәрігерлер оған анасының ауруына ұқсас кеселге ұшырағанын және бұл сырқаттың емі жоқ екенін жеткізеді. Бұл ауру қазіргі уақытта омыртқа өзегінің тарылуы деп аталады. Кеселдің жанға батқан азабына шыдамаған Джордж 1932 жылы 14-наурызда өз-өзін тапаншамен атып өлтіреді. Өлер алдында «Іс бітті. Енді нені күтуім керек?» деген жазбахат жазып қалдырыпты. Сол кезде қолында қалған 25 миллион доллардың 5 миллион долларын жиенінің атына жаздырып, қалған соманы қайырымдылық қорларына аударған.

Бір қызығы Джордж Истмен фотоаппарат құрастырушы компанияның президенті болғанымен, өзі фотоға көп түспеген.
Тұжырым: Жауапкершілік – кәсіпкердің ішкі мотивациясы. Пайда – кәсіпкердің сыртқы мотивациясы. Алғашқы мотивацияның үлесі Джордж Истменнің бойында көп болды. Қалған кәсіби қасиеттер сол жауапкершілікке көмекшілік етті.

Абай Асыл
"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер