Табиғи апаттан кейінгі індет. Сақтанудың жолы бар ма?

14334
Adyrna.kz Telegram
Фото: adyrna.kz
Фото: adyrna.kz

Адамзат үшін қауіпті   жұқпалы аурудың үш жүзден астам түрі болса, соның басым бөлігі климат өзгеруінен туындаған. Ғылыми әдебиеттер күйдіргі, тырысқақ, безгек, Лайма ауруы, Батыс Ніл, Зика сияқты бактериялық және вирустық аурулар жаһандық жылыну, құрғақшылық, аптап ыстық, орман өрті, су тасқыны мен теңіз деңгейінің көтерілуі салдарынан таралады дейді. 

Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ары қарай - ДДСҰ) климат құбылуының Қазақстанға тікелей және жанама әсері 30-дан астам жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін екенін айтады. Оның бірін биыл бастан өткердік. 

Қазақстандағы ең ірі табиғи апат

Биыл соңғы 80 жылдағы болмаған ірі табиғи апат салдарынан еліміздің 10 облысында  төтенше жағдай жарияланды. Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарына ең көп зардап шеккен өңірлер қатарында. Тасқын инфрақұрылымдарды бүлдіріп, бөгеттерді бұзды, су қоймаларын қиратты. 120 мыңнан астам адам, оның ішінде 40 мыңға жуық бала эвакуацияланды, 7 адам қаза тапты. Апаттан келген шығын 300 млрд теңгеден асты. 

Елді осынша әбігерге салған тасқынға не себеп болды? Су мәселелері жөніндегі ғылыми-ақпараттық орталықтың Қазақстандағы филиалының сарапшысы Құралай Яхияеваның пікірінше,  елдегі су тасқынына климаттың өзгеруі ықпал етті.  

– Кыс бойы жердің тоңы жібімей үстіндегі қар жылдам еріді де, ол жерге сіңбей  сай-саламен аға бастады. Салдарынан көп көлемде келген су өзен арнасына сыймай, су тасқынына ұласты. Су тасқыны кейде экожүйеге   пайдасын да тигізуі мүмкін, себебі су тапшылығы кезінде жайылым мен шабындық жерлер суарылмай қалады. Сол жерлер осындай су тасқынында табиғи жолмен суарылады. Ал зиянын айтсақ, орасан зор – тасқын жердегі зиянды заттарын шайып, экожүйеге, көлге апарып құяды. Сонымен қатар су тасқыны жердің құнарлы қабатын да  шайып кетеді, – дейді маман.

Құралай Яхияева
Фото: спикердің жеке мұрағатынан

Джорджтаун университеті ғалымдарының баяндамасында жаһандық жылыну  жаңа пандемияның пайда болуына ықпал ететінін болжаған. Себебі планета температурасы көтерілген  сайын жануарлар жаңа мекен іздеп, адамға жақындай түсіп, жаңа вирус жұқтыру қаупін күшейтеді.

 М.Оспанов атындағы Батыс Қазақсан мемлекеттік университеті эпидемиология бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор Салтанат Оразаева да су тасқыны экожүйеге   зиян келтіруден бөлек, вирустық инфекциялардың таралуына  ықпал ететінін айтады. 

– Су тасқыны азық-түлік жүйесінің бұзылуына, ағын судың ауыз су көзіне түсуіне, су және тамақ арқылы таралатын жұқпалы аурулардың көбеюіне әкеліп соғады. Табиғи апаттан кейін таралуы жоғары аурулар диарея, А гепатиті, Е гепатиті және лептоспироз белгілерін тудыратын су арқылы берілетін аурулар деп бөлінеді. Қызылша, менингит және жіті респираторлық инфекцияларды қоса алғанда, топпен байланысты аурулар; Тасымалдаушы аурулар, соның ішінде безгек және қан безгегі бар, – дейді профессор.

Салтанат Оразаева
Фото: спикердің жеке мұрағатынан

Есте болса, көктемдегі тасқын кезінде елді мекендерден бөлек, 14 бейіт пен 8 мал қорымы су астында қалған еді. Ел-жұрт ауру тарап кетпей ме деп алаңдай бастағанда, Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл аймақтардағы эпизоотиялық жағдай тұрақты деп сендіреді.  Алайда Батыс Қазақстандағы су шайып кеткен қорымдарда ауру мал көмілгені белгілі болды. Денсаулық сақтау министрлігі де елде климат өзгеруіне байланысты вирустық инфекция өсімі тіркелмегенін айтып жатты. Ал редакциямызға  су басқан аймақтан хабарласқан тұрғындар денсаулығы үшін алаңдаулы. Солардың бірі – Ұлытау  облысы Малшыбай ауылының тұрғыны Есжан Әділбековтің айтуынша, малы жаз бойы ауырып шыққан. 

– Алғашында бір қашарым ауырып, шөп жемей жатып алды. Антибиотик ектік. Әуелде шөптен ауырған болар деп ойладық. Содан кейін тағы бір сиыр ауырды, бұзауы өліп қалды. Ветеринар шақырып ек, сынама алмастан “жылан шаққан” деген «диагноз» қоя салды. Арада апта өткенде үш жасар өгізім ісініп, ауырды. Тағы да мал дәрігерін шақырдық, “қарасан” келген деді. Енді тағы бір сиырым да  ауырып тұр. Су тасқыны кезінде қойымыздан айырылып ек, енді кезек сиырларға жетті ме? Су тасқынынан кейін инфекция тарап жатыр ма, деп қауіптенемін, – дейді ол.

Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Қаратал ауылының тұрғыны Болат Сыздықов бізге хабарласқанда киіз үйде тұрып жатқанын айтқан. Ол балалардың денсаулығына алаңдаулы. 

– Ауылымызда жаңа үй салынып жатыр, дайын болмағандықтан, көшіп кірмедік. Балалар жаз бойы ауырып шықты. Ауруханаға барсақ дәрі жазады да қайтарады. Қыс болса қыр астында. Тасқыннан кейін тұратын баспанамыз болмаған соң вирус жүріп жатса да оған мән беріп жатқанымыз жоқ, – дейді .  

Жоғарыда аталған министрліктер мен тұрғындар сөзі бір-біріне сәйкес келмей тұрғандықтан, су басқан облыстарға сауал жолдап, қандай да бір инфекция тіркелді ме деген сұрақтың жауабын білгіміз келді.   

Батыс Қазақстан облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті су басқан аумақтарда инфекциялық ауру тіркелген жоқ дегенімен, былтырмен салыстырғанда қызылша, көкжөтел, менингит, жіті респираторлы вирусты жұқпалар көбейгенін айтады.  

«Орал обаға қарсы станциясы мамандары аса қауіпті инфекциялар – оба, туляремияға 79 кеміргіш, күйдіргіге 32 топырақты зерттеп, нәтижесі теріс болды», деп жауап берді аталған департамент.

Қостанай облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті биылғы 8 айда су тасқынынан зардап шеккен аудандарда жіті ішек инфекцияларының 201 жағдайы тіркелгенін, бұл өткен жылға қарағанда, 1,1 есе төмен екенін айтты. 

«Сальмонеллез инфекциясы Қостанай қаласы (15 жағдай) мен Қостанай ауданында (1 жағдай) тіркелді. Жыл басынан Қостанай ауданы мен Қостанай қаласы тұрғындары арасында АВГ-нің 8 жағдайы тіркелді, АВГ-нің өршуі тіркелген жоқ. Су басқан өңірлерде эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша барлығы 1447 адам АВГ-не қарсы егілді, бұл субъектілердің 100% құрады. Судың ластануы және санитарлық жағдайдың нашарлауынан пайда болуы мүмкін бактериялық инфекциялардың алдын алу және емдеу үшін сальмонеллез мен дизентериялық бактериофаг қолданылды. Іш сүзегіне қарсы 452 адамға вакцина егілді», делінген жауапта. 

 Ұлытау облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті дерегіне сүйенсек, су тасқынынан кейін “А” вирустық гепатитіне қарсы 77 адам вакцина алған. Жезқазған қалалық ветеринарлық станциясы ақпаратына сәйкес, көктемгі су тасқыны кезінде Малшыбай елді мекенінде 26 бас ірі қара мал, 22 бас ұсақ мал шығын болған. Өлген малдың өлексесі заң талабына сәйкес жойылған.    

Ал Ақтөбе облысының су тасқынынан зардап шеккен аудандарындағы инфекциялық аурулар бойынша ахуал тұрақты.  

ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы Марат Байтүгелов те елдегі ахуал тұрақты дейді.  

– Жалпы су тасқыны кезінде эпидемиологиялық жағдай тұрақты болды. Су тасқыны басталғалы бері су басқан аумақтардағы орталықтандырылған көздерден 18774 сынама алынды. Оның ішінде гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейтіні – 936 сынама. Орталықтандырылмаған су көздерінен 2187 сынама алынды. Оның ішінде гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейтін – 162 сынама. Су тaқынынан зардап шеккен барлық өңірде дизенфекциялық өңдеу жүргізетін 24 635 нысан болса, соның  24624-і     өңдеуден өткізілді, – деді. 

Марат Байтүгелов
Фото: спикердің жеке мұрағатынан

«Су тасқыны қайталануы мүмкін»

Жаман айтпай, жақсы жоқ. Тілсіз жауды басынан өткеріп, аурумен алысқан елдер аз емес. Мәселен, 2022 жылы Пәкістандағы су тасқыны салдарынан 1,2 мыңнан астам адам қаза тапты. Зардап шеккен аудандарда судан түрлі ауру тарап, әсіресе тері мен ішек инфекциясы өршіген. Тасқын 33 миллион адамға әсер етіп, шамамен бір миллион тұрғын үй қирады. 

Бұл су тасқыны Пәкістанда алғаш болып тұрған жоқ, WHO Pakistan Floods мәліметінше, бұған дейін 2010 жылғы су тасқынынан А және Е гепатиті, диарея тарап, 2 миллионнан астам адам зардап шеккен.

Биыл Бразилияның оңтүстігіндегі штатында су тасқыны 169 адамның өмірін қиды. Су арқылы таралатын ауру түрлері де қауіп тудырды.

Сәуір айының соңында басталған жаңбыр Рио-Гранди-ду-Сул штатындағы бірнеше өзен мен көлдегі су деңгейі рекордтық деңгейге дейін көтеріліп, 580 мыңнан астам адам үйін тастап кетуге мәжбүр болды.  

Одан бөлек АҚШ 2005 жылы “Кatrina дауылы” деп аталатын су тасқынын басынан өткерді. CDC (Centers for Disease Control and Prevention) мәліметінше, тасқыннан кейін A гепатиті мен басқа да инфекциялар көбейген. Жалпы тасқыннан 1 800-ден астам адам қайтыс болған.

Аталған мысалдардан су тасқыны қайталанғанын байқаймыз.  

  Құралай Яхияева болашақта біздің елде де климат өзгерісінен болатын су тасқыны қайталануы мүмкін екенін айтады. Себебі, су мол жылдар цикліне климаттың өзгеруі тура келген жағдайда және қардың бір сәтте еруінің әсерінен су тасқынын күтуге болады. Табиғи экожүйелер негізі бейімделген, тек оған антропогендік әсердің салдарынан экожүйеге баратын су жолдары жабылған. 

– Қазақстанда табиғи су қалыптасу жолдары бөгелген, тегістелініп нысандар салынғандықтан көптеген қиындық туындап отыр. Су қорғау аймақтары мен жолақтарында нысан салуға рұқсат жоқ. Ол Су Кодексінде жазылған. Дегенмен, ондай жерде демалыс үшін уақытша нысан салып қолдануға болады. Су тасқыны болғанда келетін су мөлшері мен уақытын болжап, оны реттеп отыру қажет. Сондықтан Қазақстанда өзендер гидрологиясына зерттеу жүргізу маңызды, – дейді.

Оның айтуынша, климаттың өзгеру әсерін ескере отырып өзен арнасында орналасқан су қоймаларының жұмыс режимін қайта бекіту керек. Қажет болған жағдайда маусымдық су реттеу нысандарын жобалау қажет. Су қойма

ларын балық өсіретін тоғанға айналдырған жеке кәсіпкерлерден су қоймаларын үкімет меншігіне қайтаруды, су қоймаларына күрделі жөндеу жүргізуді ұсынады маман. 

– Экожүйелерді қалпына келтіру мақсатында көптеген елдер су қоймаларын салудан бас тартуды ұсынуда. Оның орнына су үнемдейтін технологиялар арқылы өнім алуды ұсынады. Табиғатпен үйлесімді өмір сүру қажеттілігі туындап отырғанын мойындау қажет. Қазақ халқы табиғатпен үндесіп тіршілік еткен: көктеу, жайлау, күздеу, қыстау деп көшіп жерді, суды тиімді пайдаланған, – дейді Құралай Яхияева. 

Ақпараттандыру мен алдын алудың маңызы

Молекулярлық биология ғылымдарының кандидаты, Иммундау және жаһандық денсаулық саласындағы маман, вирусолог Әсел Мұсабекованың пікірінше, су тасқыны қашанда инфекцияның таралу қаупін арттырады. Сондықтан мүмкіндігінше, оның алдын алу маңызды.  Одан нәтиже болмаса, инфекцияның ықтимал ошағын дер кезінде анықтап, локализациялау қажет. 

– Ол үшін алдымен, сынама алу керек, бірақ су тасқыны кезінде бақылау қиын, себебі ластаушы заттар әр аймақта әртүрлі болуы мүмкін. Оның үстіне кей зерттеулерге сүйенсек, Қазақстандағы ауыл тұрғындарының жартысынан астамы ауыз су көзі ретінде СЭС тексермейтін жеке құдықтарды пайдаланады. Сондықтан ауруды дер кезінде анықтаудың негізгі әдісінің бірі – симптомдар туралы тиімді хабарлау. Яғни, халықты әрдайым ақпараттандыру қажет, – дейді.


Әсел Мұсабекова
Фото: спикердің жеке мұрағатынан 

Ақпараттандыру демекші, қазақстандықтарды су ресурстарының ластануы аса алаңдата қоймайды. Мұны ДДҰ-ның 2020 жылғы климаттың өзгеруі және экологиялық мәселелер бойынша жүргізген сауалнама нәтижесінен білуге болады. Респонденттердің 63%  климаттың өзгеруі және оның қауіпті салдары туралы хабардар. Дегенмен, климат өзгеруінің барлық зардабының ішінен қазақстандықтарды ең алдымен ауаның ластануы мен атмосфераға зиянды заттардың шығарылуы алаңдатады (61,5%). Одан кейін алаңдататын мәселелер – өндірістік және қатты тұрмыстық қалдықтардың жиналуы (16%), су ресурстарының ластануы (9%) мен шөлейттену, жердің тозуы (8,5%).  Сондықтан су тасқынынан кейінгі зардаптар мен инфекциялардың қаупі, оның алдын-алуы туралы ақпараттандыру өте маңызды. 

– Инфекцияның алдын алу және онымен күресудің үш жолы бар: Инфекцияны жұқтырған адамға әсер ету, мысалы, вакцинация жасау. Екінші, инфекция көзіне әсер ету, оған дезинфекция жатады. Үшінші, таралу жолын тоқтату. Бұл микроб-беру-хост логикасы — әрбір жұқпалы ауру қаупіне әрекет жоспарын құру үшін өте пайдалы. Әсіресе, ересектердің соңғы 10 жыл ішінде ADS-M вакцинасын алғанын тексерген жөн.

Сонымен қатар, төтенше жағдайлар циклімен жұмыс істеу қажет. Мәселен, желтоқсан айында “су тасқыны болады” деген кезде инфекция қаупі туралы ойланып, сол кезден алдын алу шараларын бастау керек. Су тасқыны болғанда дайындықты қамтамасыз етіп, кейін салдарын жоюмен айналысып, жауап беру шараларын жасау қажет, – дейді Әсел Мұсабекова. 

Халықаралық тәжірибе не дейді?

Су тасқынынан кейін болатын вирустық инфекциялардың таралмауы үшін, алдымен су тасқынының алдын алу қажет. Ол үшін дамыған елдер апаттан қорғайтын ірі жобаларды іске асырып келеді. Мысалы, Солтүстік мұхитпен көршілес жатқан Нидерланды еліндегі басты қауіп – су тасқыны. Олар бұл апаттан қорғану «Дельта» деп аталатын ең үлкен жобаны іске асырды. Бұған 1953 жылғы су тасқыны себеп болды. Осы трагедиядан кейін ел су қорғау жүйесін күшейту қажеттілігін сезінді. Жоба ресми түрде 1958 жылы басталып, бірнеше кезеңмен жүзеге асырылды. «Дельта» жобасының құрылысы 1980 жылдардың ортасына дейін жалғасты, ал жобаның әртүрлі компоненттері әлі күнге дейін жетілдіріліп, жаңартылып отырады.

Нидерландыдағы су тасқынына қарсы қорғаныс жүйесі 3D бейнесі
фото:mozaweb.com

Жоба әлемдік деңгейде су басқару мен климаттың өзгеруіне қарсы әрекет ету жөніндегі үлгі ретінде қарастырылады. Басқа елдер де Нидерланды тәжірибесінен сабақ алып, су тасқынынан қорғау стратегиясын енгізіп жатыр. 

Dutch Water Authority  мәліметінше, Нидерландыда дренаж жүйелер мен бөгеттер арқылы су деңгейін бақылап отырады. Олар заманауи биологиялық және физикалық тазарту технологияларын пайдаланады.

Қауіпті аймақта орналасқан тағы бір ел – Малайзия. Су тасқынынан қорғану үшін ел астанасы Куала-Лумпурда  SMART  тунелі салынған.  Тунелдің ұзындығы 9,5 шақырым, орталық бөлімінің ұзақтығы 3 шақырым, бұл екі деңгейлі автожол трассасы. Тунелде жай күндері көлік қозғалысы жүзеге асады, ал су тасқыны болса, тунельге су жиналады. Қалыпты ауа-райында, дауыл болмағанда тунельге су кірмейді. Ал су тасқыны кезінде су тунель астындағы айналма жолға жіберіледі,  көлік үшін учаске ашық болады. Кейін тунель көлік қозғалысы үшін жабылады. Барлық көлік тунелден шыққаннан кейін автоматты түрде су өткізетін қақпа ашылып, ол арқылы тасқын су өтеді. Су тасқыны аяқталғаннан кейін тунель тексеріліп,  жуып тазартылады. Автожол жабылғаннан кейін 48 сағат ішінде қозғалыс үшін қайта ашылады.

Тунелдің негізгі жұмыс режимдері.
Фото: water.gov.my

Дамыған елдердің бірі Жапония астанасы Токио ойпатты жерде орналасқан. Бұл ел жаңбырлы және тайфун маусымында су тасқынына бейімделген. Осыған байланысты қала басшылығы мұндай апаттардың алдын алу үшін әлемдегі ең үлкен су тасқынына қарсы коллектор салған.

Бұл коллекторлар ресми түрде, "Токиодағы су тасқынына қарсы коллектор" деп аталады. Коллекторлар мемлекеттік автожол астында 50 метр тереңде орналасқан, жалпы ұзындығы - 6,5 шақырым, диаметрі - 10 метр. Коллектор 5 үлкен құдықтан тұрады, олар бір-бірімен алты шақырым тунель арқылы байланысқан. Нөсер кезінде су құдықтарға құйылады, құдық арқылы орталық тунельге, одан резервуарға өтеді және одан Токио шығанағына ағады.

Токиодағы тунель
Фото: shkaf-gingemy.livejournal.com

Сонымен бірге, Жапония су тасқынынан кейін қалдықтарды дұрыс жоюға ерекше көңіл бөлінеді. Қалдықтардың ішінде тұрмыстық қоқыс пен биологиялық қалдықтарды зарарсыздандыру, су қоймалары мен каналдарды тазалау жүргізіледі. Бұл жұмыстарды мемлекет пен жеке сектор бірге атқарады.

Сингапур да нөсер суын жинау және өңдеу жүйелері бар, ол суды қайта пайдалану үшін тиімді. Ел NEWater бағдарламасын іске асырып келеді. Ол судың қайта өңделуін қамтамасыз етеді және ластанған суды жоғары сапалы таза суға айналдырады. Ал  Германия судың экологиялық сапасын сақтау мақсатында табиғатқа зиян тигізбейтін әдістер қолданады. Яғни, заманауи сүзу және биологиялық тазарту әдістері іске асырылады.

Осындай дамыған елдер тәжірибесі Қазақстандағы су басқару жүйесін жетілдіруге сабақ бола алады.  

Ал біздің елде...

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, су тапшылығын азайту, маусымдық су тасқыны мен құрғақшылықтан болатын экономикалық шығынды азайту үшін жаңадан 42 су қоймасын салу, 30 су қоймасы мен 14 мың шақырымнан астам суару каналын реконструкциялау және жаңғырту жұмысы басталмақ. Нәтижесінде экономика салаларында пайдалану үшін 2,6 текше шақырым су жинау, су тасқыны қаупін азайту, сондай-ақ магистралдық және шаруашылық каналдар арқылы тасымалдау кезінде су шығынын 50%-дан 25%-ға дейін азайту жоспарланып отыр. 

Солтүстік, батыс, орталық және шығыс өңірлер бойынша көктемгі су тасқынына дайындық шеңберінде су қоймалары бос сыйымдылықтарды қамтамасыз ету және 2025 жылғы тасқын суды қабылдау мақсатында су көлемін тастау режимінде жұмыс істеуге көшті, ал оңтүстік өңірлердің су қоймалары жинақтау режимінде жұмыс істемек.  

БІР МӘСЕЛЕНІҢ БЕС ШЕШІМІ

  1. Таза су көздерін сақтау және ластанған суды тазарту жүйелерін құру. Су ресурстарын басқару мен тазартудың тиімді жүйесін жасау арқылы судың ластануын болдырмау. Бұл ретте біз жоғарыда атап өткен дамыған елдер тәжірибесіне назар аудару;
  2. Эвакуацияланған халықты вирустық инфекцияларға қарсы жедел вакцинациялауды қадағалау. Бұл әсіресе COVID-19 және гепатит А сияқты вирусты инфекцияларға қатысты;
  3. Вирустық инфекциялардың таралуын бақылау үшін тұрақты эпидемиологиялық мониторинг жүргізу. Осы мақсатта инфекция ошақтарын анықтау және оларды оқшаулау жұмыстарын жеделдету.
  4. Халықты инфекциядан қорғану, санитарлық нормаларды сақтау және өз денсаулығына назар аударуы үшін ақпараттандыруды тиімді ұйымдастыру. Төтенше жағдай кезінде қалай әрекет етуді халыққа ерте бастан ескерту;
  5. Су тасқынының халық саулығына тигізген салдары туралы ақпаратты ашық ету. Бұл ретте  АҚШ-тың Ауруларды бақылау орталығының (СDC) тәжірибесін ұсынамыз, бұл орталық біздің елдегі қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің баламасы. Оларда су тасқыны зардаптарымен күресудің  тұтас желісі бар. Бұл жұмыс өте ашық жүргізіледі, өйткені салық төлеушілердің ақшасы пайдаланылады. Ал бізде төтенше жағдайлардың салдарын жоюға қатысты шығыстарға қатысты ақпарат ашық емес. Бюджеттен бөлінген, халықтан жиналған қаржы мен оның қандай мақсаттарға жұмсалғаны туралы ақпарат қолжетімді емес. Сондықтан бірінші кезекте облыстық мәслихат пен парламент депутаттары атқарушы органнан тасқын сумен күреске бөлінген мемлекет қаржысының жұмсалуы, аса қауіпті инфекциялармен күресі туралы есеп беруін талап етуді ұсынамыз.  Бұл алдағы уақытта болуы ықтимал су тасқынының, қауіпті инфекциялардың  алдын алуға ықпал етеді. 

Бұл материал Solutions Journalism in Medicine (SJMED) жобасы аясында шешім журналистикасы жанрында дайындалды. Материалда айтылған пікірлер авторларға тиесілі және «Әділ сөз»  сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының, ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігінің, АҚШ халықаралық даму агенттігінің (USAID) ресми көзқарасын білдірмейді.”

Дана Нұрмұханбет 

Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер