Ұлы ақын ұнатқан ұлттық ойын

3657
Adyrna.kz Telegram

Қазақтың ұлы ойшылы өз заманында ұлттық ойындардың дамуы мен жаңғыруына да мұрындық болған. Абайтанушылардың ойынша, Абайдың өмірі мен шығармашылығын зерттеуде оның ұлттық ойындардың дамуына жасаған қамқорлығы шет қалып келеді.

Абай тоғызқұмалақ ойынын жақсы көрген және шебер ойыншылардың бірі болған. Және ел ішіндегі тоғызқұмалақшылардың бас қосып, сайысқа түсетін жері де Абай ауылы болған екен. Жаз — жайлауда, қыс – қыстауда тоғызқұмалақшылар Абай ауылына жиналып, өзара жарысқа түскен. Жарысты ұйымдастырушы Абайдың өзі болған.

– Деректерге қарағанда, ел ішінде Құду деген өте білгір тоғызқұмалақшы болған екен. Сол Құду мен Абай бір ойында екі күн, екі түн тапжылмай ойнаған екен. Бұл деген үлкен тәжірбиені қажет етеді ғой, — деді этнограф, шежіреші Молдабек Жанболатұлы.

Молдабек Жанболатұлы Абай аулында өтетін тоғызқұмалақ жарысының кезінде ойын тамашалауға жиналған жамағат ойын арасында ел мен жердің тарихына қатысты танымдық әңгімелерден сусындап отырғанын да атап өтті.

«АБАЙ БІР ОЙЫНДА ЕКІ КҮН, ЕКІ ТҮН ТАПЖЫЛМАЙ ОЙНАҒАН»

– Көрпебай Боранбайұлы деген адам дойбы, тоғызқұмалақ ойынының өте үлкен шебері болған. О кісінің бұл өнерге берілгені сонша, тоғызқұмалақтың тақтасын қанжығасына бөктеріп алып, ел аралап жүріп ойнайды екен. Тіпті, бір айналып өз аулының маңына келгенде «Біздің үй аман ба? Мал-жан аман ба?»,- деп жолай кездескен ауылдастарынан сұрап, амандығын білген соң әрі қарай ел аралап кете береді екен. Осыған қарағанда, сол кезде тоғызқұмалақ ойыны үлкен дәрежеге көтерілген, — дейді Молдабек Жанболатұлы.

Молдабек Жанболатұлы Абай елінде дойбы ойнының да ерекше дамығанын айтады. Оның айтуынша, Қарабас деген бір атаның ауылы еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін дойбы ойнаған. Ол ауылдың дойбы ойнын жетік болғаны соншалықты — ат үстінде келе жатып сен ұзын жол жүрдің, мен қос үйге қойдым дегендей ауызша ойнайтын дәрежеге жеткен.

Абайдың тоғызқұмалақ, дойбы ойындары мектебінен шыққан Әрхам Ысқақов, Жақсылық деген кісілер бертінгі заманғы елуінші-алпысыншы жылдары Орталық Азия және Қазақстан бойынша тоғызқұмалақтан бірнеше дүркін чемпион болған. Тіпті, осы кезде де Абай ауданының жастары республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындар иеленіп келеді.

Осының бәрі Абайдың қазақтың рухани өнерінің дамуына, жетілуіне қамқоршы болғанын танытады.

 

АБАЙ МЕКТЕБІНІҢ ӨНЕРПАЗДАРЫ

Семей қаласындағы ел Абай мұражайы деп атайтын «Жидебай-Бөрлі» қорық-мұражайының директоры Жандос Мағазбекұлы Абай өз маңына өнерлі адамдарды көптеп жинағанын айтады. Оның ішінде әнші, күйші, балуан, тоғызқұмалақшы да болған дейді. Оның сөзіне қарағанда, ақын үшін тоғызқұмалақ шығармашылық жұмыстан сәл тыныс алудың бір түрі болған.

– Тоғызқұмалақ ойынын Абай жақсы көрген және елдің бәрін осы ойынға баулыған деп айта аламыз. Яғни Абай ақындық өнерге ғана баулушы ғана емес, басқа да өнерпаз өнерлі жастарды төңірегіне жинаған.

Абайдың маңына әншілерден Әлмағанбет, Мұқа, Әмір, күйшілерден Біткенбай, Баймағанбет, тоғызқұмалақшылардан Көрпебай, Құттықожа сынды өнерлі жандар жиналған. Яғни Абай өнердің қай түрі болса да құлай сүйіп, соған икемі бар жастарға үйретуге қолғабыс еткен.

Жандос Мағазбекұлы Абай тоғызқұмалақтан жүйелі жарыс ұйымдастырып отырғанын айта келіп, Абай тоғызқұмалақшыларды кейде бірден, кейде тобымен шақырып алып ойын құрғанын атап өтті.

– Жалпы осы Абайдың тоғызқұмалақшылығы туралы Абайдың ақын шәкірті Көкбай Жанатайұлы өз жазбасында айтып өтеді. Көкбай Жанатайұлы бүй дейді: «Тобықты да бес-алты ойыншы шықты. Олар: Көрпебай, Құттықожа, Қуаттың Құдайберісі, Нақыштың Смағұлы дегендер еді. Абай осыларды кезек-кезек алғызып, кейде бәрін бір уақытта жинап, көп күндер бас алмай ойнап жатады. Артынан ойын тарқап, әлгі кісілер қайтатын болғанда дәулеті аз нашарларға соғымдық тай, тайынша, қой, киім сияқты нәрселер беріп қайтарады,- дейді Жандос Мағазбекұлы.

Ал, Молдабек Жанболатұлының айтуынша, Абай елінде қазақтың тұрмыстық қол өнеріне де ерекше мән берілген. Тіпті, қазық шалудан бәсеке өткізген. Ондағы мақсат халықтың тұрмыстық өнерін жетілдіру болған дейді Молдабек Жанболатұлы.


Пікірлер