Ақтау маңындағы ұшақ апаты. Қорытынды келесі аптада жарияланатыны айтылды

952
Adyrna.kz Telegram

Ақтау маңындағы әуе апатының нәтижелері келесі аптада жариялануы тиіс. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

«Тергеу жалғасуда. Халықаралық азаматтық авиация ұйымының стандарттары бойынша, бір ай ішінде тергеудің алдын ала нәтижелері жариялануы керек. Бұл қылмыстық тергеу емес, авиациялық оқиғаны авиациялық билік тарапынан тергеу туралы сөз болып отыр. (…) Біз келесі аптада бұл тергеудің алдын ала қорытынды бөлігін көреміз деп үміттенеміз», - деді Бозымбаев үкіметтегі брифингте.

Ол 17-18 адамнан тұратын комиссия қазір тергеу материалдарымен жұмыс істеп жатқанын және оған Ресей, Әзербайжан мен ИКАО мамандарының қатысып жатқанын айтты.

«Қазір олар ұшақтың қара жәшіктерінің деректерін зерттеумен айналысуда, олар Бразилияда толықтай дешифрленді: ұшу параметрлері мен режимдері, жермен және экипаж арасында жүргізілген келіссөздер. Бұл деректер салыстырылып, қорытындылар жасалады. Бұл үлкен халықаралық жұмыс», - деп түсіндірді Бозымбаев.

Сонымен қатар, ол қара жәшіктердің деректерінің тарап кетуіне қатысты пікір білдірді.

«Менің ойымша, бұл көбінесе жермен жүргізілген келіссөздер. Экипаждың сөйлесулері туралы естімедім. Қара жәшікте барлық келіссөздер сақталған. Сондықтан мен оны деректердің тарап кетуі деп санамаймын», - деді Бозымбаев.

Еске салсақ, 2024 жылы 25 желтоқсанда Әзербайжан астанасы Бакудан Шешенстан орталығы Грозныйға ұшып шыққан Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer E190 ұшағы Ақтау қаласы маңында апатқа ұшыраған болатын. Борттағы 67 адамның 38-і қаза тапқан еді.

Болжам бойынша, Грозный әуе кеңістігінде ұшақ ресейлік әуе қорғаныс жүйесінің шабуылына ұшырағаннан кейін бағытын өзгертуге мәжбүр болған, осылайша Қазақстанда апатқа ұшыраған. Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев апатқа Ресей өкілдері кінәлі деп мәлімдеп, Мәскеу өтемақы төлеуі керек деген талап қойды.

Кейін Ресей президенті Владимир Путин Әлиевке ұшақ «Ресейдің әуе кеңістігінде апатқа ұшырағаны үшін» кешірім сұрады. Ресей билігі Әзербайжан ұшағы Грозныйға қонбақ болған кезде украиналық дрондарға байланысты қала төбесінде әуе қорғаныс жүйесі іске қосылып тұрғанын мойындаған.

Қазақстанда апат бойынша үкіметтік комиссия құрылған.

31 желтоқсанда Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі барлық қалған Әзербайжан азаматтарын Ақтаудағы әуе апатынан кейін туған елдеріне жеткізгенін мәлімдеді.

4 қаңтарда Бразилия тергеушілері Ақтау маңындағы апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшіктерінің деректерін зерттей бастағаны туралы хабарланды.

6 қаңтарда Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Қазақстан президенті Тоқаевқа ұшақ апатына байланысты Әзербайжан азаматтарының қайтыс болуына Ресей Федерациясының өкілдері кінәлі екенін айтты.

7 қаңтарда Бразилияда қара жәшіктердің деректерін зерттеу аяқталғаны туралы хабарланды, ал Қазақстан көлік министрлігі Ақтау маңындағы әуе апатына қатысты деректерді зерттеуді жақын арада Астанада бастайтынын мәлімдеді.

Бұған дейін “Адырна” ұлттық порталы Ақтау маңындағы ұшақ апатын тергеу барысында шындықты анықтап, кінәлілерді жазалаудан гөрі, мәселені мағынасыз таласқа бұру әрекеті айқын байқалуда екенін жазды. Ал барлық мүдделі тарап Қазақстаннан Бразилияда жүргізілген қара жәшіктің деректерін зерттеу негізінде Әзербайжан ұшағының апатқа ұшырауының тергеу қорытындыларын күтіп отыр.

Пікірлер