Украинасыз өткен Украина келіссөзі. Зеленский мәлімдеме жасады

1099
Adyrna.kz Telegram
Фото: Thomas Peter/ Reuters
Фото: Thomas Peter/ Reuters

Украина президенті Владимир Зеленский Сауд Арабиясында өткен Ресей мен АҚШ делегациялары арасындағы келіссөздерге қатысты пікір білдіріп, бұл кездесуде Украина мәселесі қаралып жатқанымен, Киевтің қатыспағанын атап өтті. Ол Украина ешқашан Мәскеудің ультиматумдарын қабылдамайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы DW-ге сілтеме жасап. 

Зеленскийдің айтуынша, Ресей соғыстың басында Украинадан армия санын қысқартуды, кейбір территориялардан бас тартуды  талап еткен. Алайда Киев бұл талаптарды қабылдамаған.

Зеленский АҚШ пен Ресей арасындағы кездесу туралы алдын ала хабардар болмағанын және бұл жағдай Украина үшін күтпеген жаңалық болғанын мәлімдеді. Осы себепті ол Сауд Арабиясына жоспарланған сапарын кейінге шегеріп, 10 наурызда ресми сапармен баратынын хабарлады.

Зеленский Ресеймен ешқандай келісім жасалмағанын тағы да еске салды.

"Біз Киев облысы оккупацияланған кезде де, Беларусьтегі келіссөздерде де, Түркиядағы кездесулерде де ешқандай келісімге келген жоқпыз. Мен, Украина президенті ретінде, ешкімге ештеңе кепілдік берген жоқпын, ештеңені растамадым. Ал Ресейдің ультиматумдарын қабылдау ойымда да жоқ, әрі қабылдамаймын", – деп түйіндеді ол.

АҚШ Мемлекеттік департаменті Эр-Риядтағы кездесуді Украинаға қатысты бейбіт келіссөздердің басталуы ретінде емес, АҚШ пен Ресей президенттері арасындағы телефон арқылы жүргізілген келіссөздердің жалғасы ретінде қарастыру қажет екенін мәлімдеді.

Келіссөздер барысында Ресей мен АҚШ делегациялары екі ел басшыларының кездесу мүмкіндігін және Ресейдің Украинадағы соғысын аяқтау бойынша арнайы өкілдер тағайындау мәселесін талқылады.

Пікірлер