Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-басшысы Кәрім Мәсімовтің Астанадағы үйі үшінші рет аукционға шығарылды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Бұған дейін Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компания жертөле қабаты бар тұрғын үйді 1,8 млрд теңгеге бағалаған еді. Ал қазір оның құны 1,6 млрд теңгеге дейін төмендетіліп отыр. Алғашқы жарнасы 117,9 млн теңгені құрайды.
Үйді сатып алуға өтініш 2025 жылдың 13 мамырына дейін жалғасып, сауда-сатты сол күні өтеді. Үй Астана қаласы, Нұра ауданының, Ерейментау -1 мекенжайында орналасқан.
Еске салайық, Кәрім Мәсімов 2022 жылғы қаңтардағы оқиға кезінде ұсталған еді. 2023 жылғы сәуір айында Астанадағы сот Мәсімовті мемлекетке опасыздық жасағаны, билікті күшпен басып алуға тырысқаны, билік пен лауазымдық өкілеттерін асыра пайдаланғаны үшін 18 жылға бас бостандығынан айырды.