"Астана Темірланның бағын ашты"

956
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/05/whatsapp-image-2025-05-11-at-11.57.04-2-960x500.png?token=192bcdeb958d408e38cf82130b685c2c
Аналар мейрамы аясында болашағынан зор үміт күттіретін спортшының артында тұрған асыл жан – анасына құрмет ретінде төмендегі сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз. Қиындық пен қуаныш қатар жүретін спорт жолында баласына тірек бола білген, оның әр жеңісін жүрегімен бірге өткерген ардақты ана – Ардақ Ысқақова. Ол – 22 жасқа дейінгі боксшылар арасында Азия чемпионы атанған Темірлан Мұқатаевтың анасы. "Адырна" ұлттық порталы болашағынан зор үміт күттіретін боксшның анасымен әңгімелесіп, Темірланның балалық шағы туралы сұхбат құрды. – Қазіргі таңда Темірлан бокста ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Балаңызды қанша жасынан бастап боксқа бердіңіз? – Темірлан өте тентек, бұзық болған соң 8 жасынан бастап «Толқын» спорт кешеніндегі бокс блөміне бердім. Негізі балам 2004 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Мен Семейдің Абай ауданының қызы болсам, күйеуім Жарма ауданының азаматы. Әкем ауданға белгілі балуан болса, күйеуім боксқа қатысып, кейін амалсыз тастап кетеді. Өзінің орындалмай қалған арманын қазір баласы жалғастырып жатыр. Темірлан өте зерек болып, білімге құмар болып өсті. Сондай-ақ көшеге шықса күші тасып төбелесіп келетін бала болды. Өскеннен кейін тәртібін реттейік деп спортқа бердік. Мектептің 6-7 сыныбында оқып жүргенде бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы болды. Баламыздың нәтижесі көтерілгеннен кейін «Қазақ технология және бизнес университетінің» жанындағы колледждің спорт факультетіне түсті. Одан кейін Темірлан жасөсіпірімдер және жастар арасында бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы болды. Сондай-ақ ол жастар арасында Дубайда өткен Азия чемпионатына қатысып, онда бірінші орын алып келді. Осы жеңісінен кейін Қазақ технологияя және бизнес университетінің басшылығы грантқа түсіріп, колледжден кейін алып қалды. Қазіргі таңда балам ерлер арасында Қазақстанның екі дүркін чемпионы, үш дүркін Азия чемпионы және 22 жасқа дейін Азия чемпионы болды. 2004 жылдың тамыз айында Афинада Олимпиада ойындары өтті. Ал мен Темірланды ақпан айында босанып, жұмыс барысымен Семей қаласынан Астанаға көшіп келген едік. Мен де және жолдасым да боксты қатты жақсы көріп, Олимпиада ойындарын тағатсыздана күтеміз. Бірақ 2004 жылғы Олимпиада да боксшыларымыз медаль алмай, зарығып күтіп жүрміз. Афина Олимпиадасының соңғы күндердің бірінде Бақтияр Артаев бауырымыз алтын медальды жұлып алады ғой. Ол кезде жатаханада тұрамыз. Емізулі Темірланымды алып, қазақ па, орыс па, оған қарамай әр үйдің есігін қағып «Қазақтар алтын медаль алды. Ура!» деп сүйінші сұрадым. Бір әжеміздің үйіне барып «Бақтияр Артаев жеңді» деп жылап тұрсам «Ойбай қызым не болды? Сонша айғайлағаның не? Жарайды енді, мына ұлыңа батамды берейін. Қолыңдағы бала Бақтияр Артаевтай чемпион болсын» деп батасын беріп жіберді. Кейде сол кісінің батасы қабыл болып, періштелер «Әумин» деді ме деп ойлаймын. – Балаңыздың алдына қойған мақсаты қандай? Болашақта балам Бақтияр ағасы секілді Әлем және Олимпиада чемпионы болып жаста, нұр үстіне нұр болар еді.  Қазір Темірлан 21 жасқа толды. 19 жасында ерексектер арасындағы Қазақстанның бокстан ұлттық құрамасына кірдік. Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп пен Кеңес Рақышев және ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжановқа мыңда бір рахмет. Қазіргі таңда балам Түркістан қаласында ойын-жаттығу жұмыстарында жүр. Алла сәтін салса күзде өтетін әлем чемпионатына қатысып, абыройлы болып келеді деп сенемін. Барған жерінен медальсіз қайтпаған бала ғой. – Әдетте аналар баласының боксқа бергісі келмейді ғой. Сіз балаңызды боксқа беруден қорықпадыңыз ба? – Жоқ, қорықпадым. Бақтияр Артаев, Генадий Головкин, Серік Сәпиев, Бақыт Сәрсекбаев секілді боксшыларды үлгі тұтып, солар секілді азамат болса деп армандадым. «Дәулет» спорт кешенінде әкесі күзетші болып жұмыс істегеннен кейін Темірлан елімізге аты белгілі боксшылармен суретке түсіп келеді. Әке-шеше ретінде атақты спортшылармен суретке түскенін ырымдап «Ағаларыңның жолын берсе екен» деп ырымдайтынбыз. – Сөз басына «Семейден Астанаға көшіп келдік» деп айтып жатырсыз ғой. Елордаға көшіп келуіңіз балаңыздың жетістікке жетуіне қаншалықты ықпал етті? Отбасымызбен Астанаға көшіп келуіміз Темірланның және өзге балаларымның бағын ашты. Елордада тұрып жатқанымызға 20 жылдан асты. Астанада өсіп-өніп бес баланы аяқтан тұрғыздық. Темірланның Бексұлтан деген бауыры «Ағамның жолын қуамын» деп бокста жүр. Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасына мыңда бір рахмет. Темірлан секілді балалар спорттағы қамқорлықтың арқасында ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге жетті. Бір сөзбен айтқанда Астана Темірланның бағын ашты. Барша аналарды осы керемет көктем мерекесі – Аналар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ана – әрбір отбасының, әрбір елдің жүрегі. Бала үшін отқа да, суға да түсетін аналардың жүрегі мейірім мен үмітке толы. Біз – аналар, баламыздың әрбір табысына қуанып, әрбір қадамына демеу болуға тырысамыз. Балаларымыз аман болып, армандарына жетсін. Әрбір ана баласының жетістігіне мақтана алатын бақытты ғұмыр кешсін! - Жауабыңызға рақмет!  
Комментарии