Абайтанушылар ақынды халықтан алыстатып алған жоқ па?

2956
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/05/whatsapp-image-2025-05-11-at-21.11.18-960x500.jpeg?token=fe953d298941bb9a40d03354312ea799
Абайды тану, оның мұрасын зерттеудің жаңа талаптары мен жаңа формалары, форматтары қандай болуы мүмкін? Сұхбатта мәселені жаңа қырынан қарастыратын ұсыныстар айтылады. Абай мұрасын зерттеуші, жазушы, Абайдың "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік музей-қорығының бөлім меңгерушісі Қуат Қиықбаймен сұхбаттасып, хәкімнің қазіргі қоғамдағы рөлі, жастар тәрбиесіндегі маңызын жаңадан қарастыру жайында әңгімелестік. - Абайдың мұрасын халыққа таныстыруда белсенді қызмет етіп келе жатқан музей маманысыз. Сіз үшін Абай кім? – Бүгінде Абай туралы айтқанда, оны данышпан, ақыл-ойдың иесі, ойшыл, ұлы тұлға деп сипаттау әдетке айналған. Бұл сөздердің барлығы рас болғанымен, көп жағдайда біз осы анықтамалармен ғана шектеліп, Абайды жаттанды сөздер арқылы ғана сипаттап жүрміз. Тіпті кейде сол өзіміз айтып отырған аяулы сөзге кереғар іс қылып жүргенімізді көргенде екі ұдай күйде боламыз. Қайда барсақ та, конференция болсын, дәріс болсын, Абай туралы баяндама жасағанда бір ғана қалыпқа түсіп алып, баяғы сарынға салынып, құлақ етімізді жеген сөздерді қайталап отырамыз. Ал шын мәнінде, Абай – қазақтың жаны, қазақтың нақ өзі. Неге бұлай дейміз? Абай – ұлтты ұйыстыратын, бар болмыс-бітімізді айғақтайды. Өкінішке қарай, қазіргі таңда «Абайды оқу керек», «Абайды тану керек», «Абайды түсіну керек» деген сөздердің өзі ұранға айналып кеткені сондай, шын мәніне, терең мағынасына үңіле алмаймыз. Абайды түсіну үшін алдымен оның өмір сүрген дәуірін түсінуіміз қажет. Неге Абай осының бәрін ашынып айтып отыр? Себебі, Абайдың заманы – XIX ғасыр, ол кезде қазақ халқы өзінің болмысынан, ұлттық құндылықтарынан ажырай бастаған кез еді. Осы жағдай Абайдың жүрегіне ауыр тиді. Абайдың шығармаларын оқу арқылы біз тек жақсы адам болуды ғана емес, бүкіл ұлтты сақтап қалуға бағытталған терең танымды көреміз. Мысалы, Абай неге «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп күйінеді? Мұның астарында үлкен сыр бар. Абай – аға сұлтан Құнанбайдың баласы. Өзі де төрт мәрте болыс, екі мәрте би болған адам. Қарапайым бай емес, төрт құбыласы тең жан. Бірақ сонда да ол халқының қамын жеген. Неліктен? Себебі Абай Ресей патшалық үкіметінің отарлау саясатының, ұлттық езгінің, ұлтты жоюға бағытталған зұлым жүйенің бет-пердесін көрді, түсінді. Абайда ақыл-ой болмаған болса, мұны тани алмас еді. Ол замана шындығын терең сезінді, әрі соған қарсы рухани жолмен күресті. Абай – тек қазақ әдебиетімен ғана шектелмей, шығыс әдебиетінен, батыс Еуропа классиктерінен де сусындаған. Ол өз заманының биігіне көтеріліп, ұрпағына терең ой қалдырған. Сондықтан, Абай кім десек, ол – қазақтың нақ өзі. Бүгінгі тәуелсіз елміз деп жүрген біз үшін Абай – қазақты қазақ етіп сақтап қалатын, азаттықтың рухын оятатын, тәуелсіздіктің тірегі болатын тұрлаулы тұлға. Абайдың сөзі – қазақты сақтап қалатын кілт. Оның мұрасы – Алаштың аманаты.

«АБАЙДЫҢ МЕРЕЙТОЙЫ КЕЗІНДЕ “АБАЙТАНУШЫ” КӨБЕЙЕДІ»

Бір сұхбатыңызда Абайды тек мерейтойлар қарсаңында ғана еске алмай, оны күнделікті өмірде де тану қажеттігін атап өткен едіңіз. Ал ол үшін не істеу керек? — Иә, бұл мәселеде шындыққа тура қараған дұрыс. Абайды оқу деген бар, ал Абайды түсініп оқу және оны өмірде кәдеге жарату, тіршілігіңнің тынысына айналдыу — мүлде басқа нәрсе. Музей қызметкері ретінде немесе "абайтанушымын" деп Абайды күнде айтып жүрумен ғана абайтану ғылымын дамыту мүмкін емес. Абайды оқу дегеніміз — оны күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналдыру, Абайдың ойларын іс жүзінде қолдану. Біз, мысалы, Абайдың 170, 175, 180 жылдық мерейтойларында науқаншылдыққа басымдық беріп келеміз. "Абайды оқып жатырмыз" дейміз, бірақ шын мәнінде біз көбіне Абайдың "өлеңін оқып жатқандай" кейіп танытамыз. Кейде сахнаға шығып, суфлерден қарап тұрып, Абайдың сөзін жаттап алып оқимыз да, соны насихаттадық деп ойлаймыз. Бұл — өз-өзімізді алдау. Шын мәнінде біз Абайды танып жатқан жоқпыз. Абайды тану деген — күнделікті өмірде әділ болу, еңбекқор болу, адам болуға ұмтылу. Мысалы, мемлекеттік қызметкер Абайша өмір сүру үшін әділ болуы керек, адал еңбек етуі тиіс. Біз, керісінше, Абайдың мерейтойы келген сайын оған арналған шаралар ұйымдастырып, журналдар мен газеттерге мақала жариялап қойсақ, міндетіміз орындалды деп ойлаймыз. Ал шын мәнінде бұл – Абайды саудаға салу. Кейде тіпті сауда дүкендерінде де, жарнамаларда да Абайдың есімін пайдаланып жүрміз. Бұл — біздің санасыздығымыздың көрінісі. Абай деген — ұлы есім. Біз оны тым жеңіл қолданып, абыройын түсіріп жатырмыз. Жарнамада, өнімнің сыртында Абайдың бір сөзін келтірсек, өтімді болатындай көреміз. Бұл — дұрыс емес. Абайды таныту мақсат емес, өзімізді таныту мақсаты бірінші орынға шығып кеткен. Абайдың мерейтойлары кезінде "абайтанушы" дегендердің саны күрт көбейеді. Неге? Себебі, бұл кезде Абай жайлы бір-екі сөз айтып, цитата келтірсең болды — сен "абайтанушы" болып шыға келесің. Бірақ абайтанушы кім өзі? Нағыз абайтанушылар — Алаш ардақтылары, Мұхтар мен Қайым сынды ғалымдар. Соңғы демі үзілгенше Абай үшін күресіп адалдығын да, адамдығын да танытты. Бір ғана Қайымның өзі Абай үшін темір торға да түсті. Оның «Абайдың әдеби мектебі» тақырыбында қорғаған диссертациясы — ғылыми негіздегі нақты еңбек. Қазір Абай туралы пәннен сабақ беретін мұғалімді де "абайтанушы" дей саламыз. Бірақ ол кісінің Абай жайлы ғылыми-зерттеу еңбегі болмаса, біз оны қалай абайтанушы дейміз? Абайтанушы деген — Абайға қатысты нақты диссертациялық жұмыс жазған, зерттеу жүргізген адам. Бұл — ғылыми атаққа ие болуды талап ететін мәртебе. Дәл қазіргі күні абайтанудың асқан білгірі – Тұрсын Жұртбай деп білемін. Абайдың қырық өлеңін жатқа білу — бұл бір деңгей. Ал Абайдың ойы мен идеяларын бүгінгі күнмен байланыстырып жеткізу — мүлде басқа деңгей. Бұл – үлкен ғылыми әрі рухани еңбек. Сол себепті абайтанушы деп кім көрінгенді атау — үлкен қателік. Осы ұғымды реттемейінше, біз Абайды шын мәнінде тани алмаймыз.

ӘКЕ АБАЙ ҚАНДАЙ?

Абай - дана, дара, ақын, философ, айта берсең көп. Ал әке Абай қандай болды? – Шыны керек, Абай — сан қырлы тұлға. Оны бір ғана қырымен сипаттау қиын. Бірақ әке ретіндегі Абай туралы айтқанда, біз оның алғашқы қара сөзінен-ақ үлкен ой түюімізге болады. Ол қара сөзінің өзінде бес негізгі тақырыпты көтереді: мал бағу, дін бағу (сопылық қылып дін ұстану), ғылым іздеу, ел бағу және бала бағу. Осы тақырыптардың ішінде "бала бағу" мәселесіне тоқталған Абай: "Кім бұл?" деп ойланып, қапаланады. Бұл — терең ой. Өйткені, шын мәнінде, әке болу — жай ғана өзің сүйген адамнан бала сүйіп, ұрпақ жалғастыру емес. Әке болу — үлкен жауапкершілік, терең мәні бар дүние. Абай осыны жан-жүрегімен түсінген. Ол елді тәрбиелеуден бұрын, көпке ақыл айтудан бұрын, ең алдымен — өз балаларын дұрыс жолға салуға тырысты. Қазақ әдебиеттану ғылымында үлкен бір арна — Абайдың ақындық мектебі десек, сол мектептің бастауында ең алдымен Абайдың өз балалары тұрған. Абай әке ретінде балаларына бағыт көрсетіп, тәрбие берді. Мысалы, Құнанбайдың мырзасы болып өскен, Абайдың алғашқы перзенті — Ақылбай. Ақылбай бастапқыда «тентектеу» болғанымен, кейіннен ақылға келіп, шығармашылық ден қойды. Ал Мағауия — Абайдың ерекше үміт артқан, мақтан тұтқан баласы. "Алдымды кісіден босатқан қарағым" деп Абайдың өзі Мағауияны өте жоғары бағалаған. Сөйтіп, Абайдың әке ретіндегі тұлғасы — терең, дана, жауапкершілікті сезінетін, тәрбиелеуші тұлға болып шығады. Ол тек отбасын емес, ұрпағын, сол арқылы елін де тәрбиелеп отыр емес пе?! Абай өзінің ұлы Әбіш жайлы «Жаңа жылдың басшысы – ол, Мен ескінің арты едім», - деп ақтарылып, шын көңілінен сөз қозғайды. Бұл сөздің астарында үлкен мағына жатыр. Яғни, әке ретінде Абай баласының жетістігіне қуанып, соған мейірленіп отырғанын көреміз. Баланың жеткен биігіне әкенің қуана білуі — үлкен даналықтың белгісі. Жалпы, адам баласы — әке-шешеден жақсы да, жаман да болып туады. Бірақ бәріміздің көксейтініміз — жақсы ұрпақ тәрбиелеу. Бұл жолда бізге кім үлгі бола алады? Әрине, тағы да Абай. Абай — тек ақын, ойшыл емес, нағыз әке, нағыз тәлімгер. «Бүйтпеңдер, сөйтпеңдер» деп ақыл айтумен шектелмей, Абай өз өмірінде де пендешіліктен, ойсыздықтан арылуға тырысқан. Өз бойын тәрбиелеген адам ғана өзгені, соның ішінде перзентін тәрбиелей алады. Абайдың әке ретіндегі ұлылығы да осында. Абайдың кіндігінен он бала тараған десек, олардың ішінде жас кезінде шетінеп кеткен Әкімбайды есепке алмаймыз. Қалғандары: Ақылбай, Әбіш, Мағауия, Тұрағұл, Мекайыл, Ізкәйіл және үш қызы — Күлбадан, Райхан, Кенже. Бұл балалардың барлығы әке Абайдың мейірімі мен тәрбиесін, жан жылуын жүректерімен сезінді. Абай тек ұлдарын ғана емес, қыздарын да оқытқан. Оларға ескіше де, жаңаша да білім алуына мүмкіндік жасады. Әр баласының бойынан ізгілік пен білімге деген ұмтылысты көруге тырысты. Ең алдымен, Абай балаларының барлығына білім беруді басты міндеті санады. Тоғыз перзентінің қай-қайсысы да ескіше сауатты болған. Біз кейде «ескіше сауат» деген ұғымды дұрыс түсінбей жатамыз. Бұл — сол кезеңнің медресе-мешіттерінде білім алып, араб графикасында жаза алатын, діни, мәдени сауаты бар адам деген сөз. Дәл сол оқу орындарының қабырғасында білім алған шәкірттер сол кездің өзінде сан салалы ғылымды меңгеріп шыққан. Абай тек ұлдарын ғана емес, қыздарын да сауатты етуге күш салды. Құнанбай негізін қалаған «Ескі там» елді мекеніндегі медреседе Абай әкесінің жолын жалғастырып, ұлдарын ғана емес қыздарын да оқытқан. Ол заманда бұл оқу орындары қазіргі мектептің қызметін атқаратын. Мысалы, Күлбадан кейінірек Семейдегі бес кластық училищеде білім алды. Ол оқу орнына баруына Абайдың өзі себепкер болды. Мағауиямен бірге қалаға барып, сонда білім алған. Бұл — Абайдың тек "менің балам көп оқыса екен" деген ниеті емес, "қыз бала да білімді болуы керек" деген жаңа көзқарастың бастауы еді. Абай өзі орысша терең оқымағанымен, балаларына орыс тілін үйренуге барлық жағдай жасады. Бұған мысал — оның ұлы Әбіш. Әбіш неміс тілінде сауатты оқып, жаза білген. Абайдың өзі оқи алмаған тілдерде балаларының еркін сөйлеп, білім алғанын қалауы — оның болашақты терең ойлағанын көрсетеді. Егер бүгінгі «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде оқитын жастарымызды мақтанышпен айтсақ, ХІХ ғасырдың өзінде сол деңгейде білім алған үш тұлғаны ерекше атауға болады: Шоқан Уәлиханов, Құнанбайдың Айғыздан туған баласы – Халиолла, Абайдың өз баласы — Әбіш. Бұл үш азамат та орысша жоғары деңгейде білім алған. Абай — жақсы әке болу үшін ең алдымен өзіңді тәрбиелеу керегін терең ұққан адам. Ол «Балам әділ болса екен, еңбекқор, ақиқат сүйгіш болса екен», -  деп армандаған. Бірақ сол арманды жай сөзбен емес, іспен дәлелдеді. Балаларына білім беріп, тәрбие көрсетіп, өзі үлгі бола білді. Сондықтан бүгінгі таңда отбасы құрып жатқан ер-азамат үшін, болашақ әке үшін Абайдың өнегесі таптырмас үлгі. Ер адам — отбасының иесі, басшысы, ал Абай сол жауапкершілікті терең сезінген тұлға. Ол әділдік пен еңбекқорлықты, парасат пен шыншылдықты ұрпағына өсиет етті.

«ҮЛКЕН АҒА БУЫННЫҢ ӨЗІ АБАЙДЫ ТОЛЫҚ ТҮСІНІП ОТЫРҒАН ЖОҚ»

Бүгінгі жастар Абайды қаншалықты дұрыс түсінеді деп ойлайсыз? Түсінуге не кедергі? Сөздің ашығын айту керек, бүгінгі жастардың басым бөлігі Абайды толық түсініп жүр деп айта алмаймын. Неге десеңіз, бұл жерде үлкен бір мәселе жатыр. Қазіргі жастар әлеуметтік желіде күні бойы отырып, түрлі мазмұндағы жеңіл, кейде зиянды контенттерді көріп үйренген. Сол себепті, Абайдың кітабын алып оқуға ниет те, ынта да бола бермейді. Абайды түсіну үшін ең алдымен қазақ тілін таза, сауатты меңгеру қажет. Қазақы таным мен түйсікті бойға сіңірмей, Абайды түсіну мүмкін емес. Біз Абайдан алыстап кеттік. Тек жастар ғана емес, орта буын, тіпті үлкен аға буынның өзі Абайды толық түсініп отырған жоқ. Бұл — біздің тіліміздің, сөздік қорымыздың жұтап, қазақылықтан алыстауымыздың салдары. Абай шығармаларында біз күнделікті өмірде кездестірмейтін, ұмытыла бастаған байырғы сөздер өте көп. Бір сөзге түсінбей қалсақ, бүкіл ой үзіледі. Мысалы, «басалқа» деген сөз шықса, оның мағынасын түсінбей, әрі қарай жылжи алмай қаламыз. Немесе кей сөздер бізге "сырттан енген", "көне", "түсініксіз" болып көрінеді. Мұндай сәтте адамда Абайға деген тосқауыл, жатсыну сезімі пайда болады. Ал Абайды терең түсіну үшін ең алдымен ділімізді — яғни ішкі дүниемізді — қазақы танымға жақындатуымыз керек. Қазақы түсініктен ажыраған сайын, Абайды ұғу да қиындай береді. Біз тек сыртқы салт-дәстүрмен шектеліп қалмауымыз керек, ең бастысы — ішкі жан дүниемізде қазақылықты қайта тірілтуіміз қажет. Бізде тағы бір үлкен кедергі бар: Абай туралы айтатын, өзін "абайтанушы" деп жүрген кейбір мамандар Абайды тым алыстатып жіберді. Олар Абайды "данышпан", "философ", "ұлы ойшыл" деп сипаттап, оны күнделікті адам қол жеткізе алмайтын биік тұлға етіп көрсетіп қойды. Соның салдарынан қарапайым адам Абайды өзіне жат санап, оқуға, ұғынуға ниеттенбей қояды. Абайды биікке көтерген сайын, қарапайым адам өзіне «Мен ақымақпын, мен түк түсінбеймін, Абай маған арналмаған» деген ой түйеді. Бірақ Абай — бізден биік, алыстағы мүсін емес. Абай — бізбен қатар өмір сүретін, біз секілді жақсыны да, жаманды да сезінген, біз секілді ізденген, қазақтың өз ортасынан шыққан тұлға. Абайды ұғыну үшін ең алдымен өзімізді ақылды адам болуға лайықпын деп мойындауымыз керек. Әйтпесе, біз "Абай ақылды, біз ақымақпыз" деген ұстаныммен ешқашан алға жылжи алмаймыз. Ақылды адам ғана ақыл иесін тыңдайды. Бүгінгі таңда, мысалы, орысша сөйлеп жүрген, қазақшаға шорқақ, рухани дүниеден алыстап қалған адам Абайдың шығармаларын немесе «Абай жолы» романын қолына алса, әрине, ештеңе түсінбей, тез жалығады. Себебі ол адам қазақтың болмысынан алыстаған. Мұндай адамның Абай шығармасынан ләззат алуы қиын. Абай – қалалық прагматикалық түсініктен әлдеқайда кең, дала философиясымен астасып жатқан тұлға. Қорытындылай айтқанда, Абайды түсіну үшін:
  1. Қазақ тілін жақсы меңгеру керек.
  2. Қазақы танымға терең бойлау қажет.
  3. Әлеуметтік желідегі жеңіл дүниелерден арылып, терең мазмұнды іздеуге ұмтылу керек.
  4. Абайды тым алыстатып көрсетпей, оны өмірімізбен байланыстырып, қарапайым тілмен түсіндіру қажет.
Сонда ғана біз, бүкіл ұрпақ — жасы да, үлкені де — Абайға жақындай аламыз. Абайды тану, мұрасын зерттеу жолында қандай жаңа форматтар керек деп есептейсіз? – Абай мұрасына бойлау — бұл биік мінберлерде айқайлап сөйлеп, аттандаумен шектелетін іс емес. Бұл — әр адамға, әр жасқа жеке-жеке түсіндірілуі қажет, мәні терең ілім. Бүгінде қоғамда деструктивті ағымдардың көбейіп, кей жағдайда фанатизмге ұласуы — өте алаңдатарлық жағдай. Соның салдарынан Абайдың мұрасын бұрмалап, оны өз мақсаттарына пайдаланғысы келетін топтар да шығып жатыр. Біреулер Абайды "құдайшыл", енді біреулер "діншіл" етіп көрсетеді. Ақиқатында, Абайды тану үшін оны дін адамына айналдыру емес, шынайы өмірлік ұстанымдарын терең түсінген ләзім. Абайды тану — күрделі ғылым емес. Ол — ең алдымен адам болып өмір сүруді үйрететін, қарапайым әрі айқын жол. Құдайшылдық пен құдайсыздықтың арасы арсы өте жақын. Құдайшыл болып көрініп, құдайсыздық жасайтындарды да көріп жүрміз. Иманы кәміл адам бейнесі Абайда анық көрінеді: «Адамды сүй...» Абай шығармаларын бүгінгі заманға сай етіп жеткізуіміз қажет. "Абай не айтты?" дегеннен бұрын, "Қазіргі адам Абайдан не іздейді?" деген сұраққа жауап беру маңызды. Мысалы, "Әке Абай", "Абайдың қыздарға айтқан насихаты", "Абайдың еңбекке көзқарасы" секілді тақырыптарды тереңінен ашып, нақты мысалдармен көрсету керек. Бұл үшін Абайдың тек өлеңдері мен қара сөздерін емес, сонымен қатар "Абай жолы" романын, Абай туралы жазылған естеліктерді де оқу қажет. Сонда ғана біз Абайдың шын мәніндегі тағылымын түсіне аламыз. Әр қазақ баласы Абайды өзінше тануы тиіс. Егер түсінбеген жері болса, білетін адамнан сұрауға ұялмаса керек-ті. Абайдың "Ақылмен ойлап білген сөз, бойыңа жұқпас, сырғанар дегеніндей, адам ақылды сөзді тыңдап, ойланып, талқылап, қабылдай білуі қажет. Абайды жаңа форматта тану дегеніміз — Абай туралы YouTube арналарын ашу, әлеуметтік желілерде арнайы парақшалар жүргізу. Бірақ мұның бәрі формалды емес, мазмұнды болуы керек. Яғни Абайды терең таныған тұлғалардың қатысуымен ғылыми-танымдық дәрістер ұйымдастыру қажет. Бұл дәрістер тек сан қуалап, адам жинау үшін емес, шын мәнінде Абайды түсініп, соны басқаларға жеткізу үшін қызмет етсе, арман не?! Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Дана Нұрмұханбет

«Адырна»

Комментарии