Қазақстанның тұрақты дамуы. Форсайт және болашақты болжау

1034
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/05/8bf2ae26-fbb6-4b74-a3f2-b5069f7f50ef-960x500.jpeg?token=8337ce918f71391d0f50691b0ca254f7
Климаттың өзгеруі, технологиялық серпілістер мен әлеуметтік трансформациялар бүкіл әлемде шынайы ақиқатқа айналып жатқан дәуірде  болашақты алдын-ала болжай білу  тұрақты дамуға жол ашады. Осы ретте қоғамдағы трендтерді талдап, сценарийлерді модельдеуге негізделген  жүйелі әдіс арқылы  қалаған болашақты құра аламыз. Ол – Форсайт әдісі. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, жүйе белгісіздік жағдайында тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік бермек. Бұл әдісті еліміздің тұрақты дамуының қозғаушы күшіне айналдыруға болады.     Форсайт — болашақта маңызды рөл атқаратын технологиялар мен шешімдерді анықтау үшін мәліметтер талдауын, сарапшылық талқылаулар мен сценарийлік жоспарлауды біріктіретін әдіс. Бұл әдіске ғылым, бизнес, мемлекет және қоғам өкілдерін тартып, ортақ көзқарас қалыптастырған жөн. Яғни, форсайт дегеніміз  — «болашақты жүйелі түрде ой елегінен өткізіп, оған ықпал ету». Әлемдік үздік тәжірибелерге, жаңа технологияларға және ұлттық ерекшеліктерімізге сүйене отырып, болашақпен жұмыс істеудің әдістемелерін саралап көрелік.  

Халықаралық тәжірибе: тиімді саясат

    Дамыған елдерде форсайт әдісін қолдану – ғылым мен технологиядағы басымдықтарды дұрыс айқындауға мүмкіндік береді. Еуроодақ елдері (Германия, Финляндия) мен Жапония ұзақмерзімді технологиялық және әлеуметтік трендтерді болжау үшін форсайтты белсенді қолданады. Бұл әдіске ғалымдар, бизнес, үкімет пен қоғам өкілдері қатысады. Олар форсайт әдіснамасы бойынша  Big Data мен  жасанды интеллектті пайдаланады, платформалар мен мен құзырет орталықтарын құрады, осы бағдардағы  басымдықтарды икемді түрде  үнемі жаңартып отырады.

     Мәселен, Германияның «Foresight 2030» бағдарламасы жасанды интеллект, биотехнология және жаңартылатын энергия көздерін ұлттық стратегиялардың өзегіне айналдырса, Оңтүстік Корея мен Сингапур үлкен деректер мен патенттік белсенділікті талдау арқылы ғылымдағы перспективалы бағыттарды анықтайды. Айталық, Сингапурдың «Smart Nation» бағдарламасы сандық трансформация мен биомедицинадағы басымдықтарды анықтау үшін ЖИ-ді қолданады. Ал, Австралия мен Канада университеттері, бизнес және мемлекеттік институттарды біріктіретін пәнаралық технологиялық платформалар құруда. Австралияның «Cooperative Research Centres» бағдарламасы ауыл шаруашылығы мен энергетика салаларындағы қолданбалы зерттеулерге бағытталған. Американың Ұлттық ғылыми қоры (NSF) болса басымдықтарын үнемі жаңартып отырады. Бұл технологиялық серпілістерге жылдам жауап беруге мүмкіндік береді. Осы тәсілдердің барлығы  болашақты жоспарлау, мүдделі тараптарды тарту, жаһандық трендтерге бейімделу және басқару икемділігінің маңызын көрсетеді.

 

Қазақстан: 2024 жылғы нәтижелер

 

    Қазақстанда ғылым дамуының басымдықтарын айқындайтын қазіргі жүйе Жоғары ғылыми-техникалық комиссиямен бекітілген және жеті бағыт пен 153 мамандандырылған ғылыми саланы қамтиды. Алайда, бұл жүйенің бірқатар шектеулері бар.

     Өткен жылы Ұлттық Ғылым академиясы ғылым мен технология саласында алты басым бағыт бойынша форсайт-зерттеу жүргізді. Олар: АӨК-тің тұрақты дамуы және азық-түлік қауіпсіздігі; Геология, пайдалы қазбалар, жаңа материалдар мен технологиялар; Энергетика және машина жасау; Ғылым және денсаулық; Ақпараттық, коммуникациялық және ғарыштық технологиялар; Су ресурстарын, флора мен фаунаны ұтымды пайдалану, экология.

    Әр бағыт бойынша еліміздің жетекші ғалымдары мен сарапшыларынан құралған жұмыс топтары құрылып, жаһандық трендтер мен ұлттық жағдай кешенді талданды. 2018–2023 жылдар аралығындағы статистика, ғылыми жобалар нәтижелері мен трендтер қамтылған ақпараттық-аналитикалық база жасалды. Ұлттық және жаһандық басымдықтар, соның ішінде цифрландыру, экология және тұрақты даму ескерілді. Форсайт аясында 10 өңірлік және 15 салалық сессия өткізілді. ҒЗИ, ЖОО, халықаралық ұйымдар, бизнес пен министрліктерден 1100 респондент қатысқан сауалнама және 400 сарапшымен тереңдетілген сұхбат жүргізілді. Нәтижесінде, ғылым мен технологияларды дамытудың 200 перспективалық міндеті айқындалды. Бұл міндеттер 2026–2028 жылдарға арналған бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру конкурсына енгізілмек.

                                           Болашақ технологиялары

 

   Дүниежүзілік экономикалық форум мен «Horizon Europe» сияқты ғаламдық форсайттар болашақты өзгертетін нақты 6 технологияны айқындады. Олар:

Кванттық технологиялар: АҚШ пен Қытайда дамып жатқан кванттық компьютерлер мен сенсорлар деректерді өңдеу мен  киберқауіпсіздік саласында  төңкеріс жасамақ. Қазақстан үшін посткванттық криптография – цифрлық егемендікті қамтамасыз ету құралы.

Жасанды интеллект: ЖИ ауыл шаруашылығынан бастап денсаулық сақтау мен пайдалы қазбалар салаларына дейін трансформация жасайды. Қазақстан 2024 жылғы форсайт аясында ЖИ-ды мемлекеттік басымдық ретінде анықтап, қазақ тіліне арналған тілдік модельдер, медициналық диагностика және су тұтынуды мониторингілеу сияқты нақты бағыттарды атап көрсетті.

Биотехнология және синтетикалық биология: Гендік инженерия және биопрепараттар азық-түлік қауіпсіздігі мен медициналық мәселелерді шешеді. Қазақстан құрғақшылыққа төзімді дақылдар мен тұқымдарды әзірлеуге кірісіп отыр.

3D-баспа: Бұл технология машина жасау мен құрылыста шығындарды азайтады. Қазақстан 2024 жылы жеңіл материалдарды өндіру үшін аддитивті технологияларды ұсынды.

Нейротехнологиялар мен ми-компьютер интерфейстері: Neuralink жобасы секілді бастамалар нейрологиялық ауруларды емдеуге мүмкіндік береді. Қазақстанда бұл саланы ЖИ көмегімен дамыту – перспективті бағдар.

Көміртекті бейтараптық технологиялар: Қазақстан Норвегияда дамып жатқан көміртекті ұстау жүйелерін өзінің ЖЭО-ларын жаңғыртуда қолдана алады.

   Жасанды интеллект – басым бағдар

Қазақстандағы «Форсайт 2024» жасанды интеллектіні бірқатар  салаларда басым технология ретінде анықтады. Мәселен, ауыл шаруашылығында австралиялық үлгідегі егіншіліктегі  ЖИ платформалары өнімділікті 20–30%-ға арттырады. Геология мен кен өндіруде геодеректерді ЖИ арқылы талдау барлау шығындарын 15%-ға азайтады. Энергетикада ЖИ энергия жүйелерін оңтайландырады, шығынды 10%-ға төмендетеді. Медицинада  ЖИ көмегімен диагностика  жүргізу ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік береді. Ал, киберқауіпсіздік саласында  қазақ тіліне арналған ЖИ-модель мен посткванттық алгоритмдер елдің цифрлық егемендігін нығайтуға ықпал етсе,

Экологиялық бағдарда су тұтынуды ЖИ көмегімен басқару 20%-ға дейінгі үнем береді.

Елімізде жасанды интеллектті дамыту үшін мамандар мен инфрақұрылым қажет. Форсайтты, жаңа технологияларды дамыту мен енгізуді қолдау Қазақстанға өңірлік көшбасшы болуға жол ашады. Сондықтан  бірлескен PhD бағдарламалар мен ЖИ құзыреттілік орталықтарын құрудың маңызы зор. Футуролог Ричард Лэм айтқандай, «форсайт — бұл әрбір жүректе жатқан қалаулы болашақтың бейнесі». Қазақстан бұл болашақты бүгіннен бастап құра алады.  

Арайлым Өмірбекова

Журналист, ҚР ҰҒА қызметкері

Комментарии