Трамп Сирияға салынған санкцияларды алып тастамақ

742
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/01/d63930c8-dd4f-400c-9828-73192e83a3d4-960x500.jpeg?token=df2300f1a76b0d45c4f63aa4deed447e
АҚШ президенті Дональд Трамп Сирияға салынған санкцияларды алып тастау туралы шешім қабылдағанын жариялады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы euronews-ке сілтеме жасап.  Сондай-ақ, АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио сәрсенбі күні Түркияда Сирияның ауыспалы үкіметінің сыртқы істер министрі Асад әл-Шайбанимен кездесетінін мәлімдеді. АҚШ басшысының айтуынша, бұл шешім Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман және Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен Сириядағы жағдайды талқылағаннан кейін қабылданған. Axios басылымы Сирияның ауыспалы президенті Эр-Риядқа сапары барысында Трамп пен аш-Шараа арасында кездесу өтуі мүмкін екенін хабарлады. The National газеті дереккөздерге сілтеме жасап, Трамп аш-Шарааға " уақыт бөлуге" келіскенін жазды. Бұл кездесу Парсы шығанағы елдері мен АҚШ арасындағы саммит аясында өтетін болады. Дипломатиялық дереккөздерге сүйенсек, аш-Шараа сәрсенбі күні Сауд Арабиясына келіп, Трамппен 45 минуттық келіссөз өткізеді. АҚШ бұл кездесуді ресми түрде әлі растаған жоқ. "Санкцияларды жою – президент аш-Шараа үшін басым мәселе", – деп атап өтті дереккөздер. Жақын Шығысқа сапары алдында Трамп: "Санкцияларға қатысты шешім қабылдауға тура келеді, және, бәлкім, біз оларды Сирияға қатысты жақында алып тастаймыз, өйткені біз оларға мүмкіндік бергіміз келеді", – деді. Бұл мәлімдеме Сирияны он жылдан астам уақытқа созылған жойқын азаматтық соғыстан кейін қалпына келтіруге бағытталған халықаралық күш-жігер аясында айтылды. Дамаск таратқан мәлімдемеде Трамптың сөздері сириялық халықтың азабын жеңілдетуге бағытталған үміт сыйлайтын қадам ретінде бағаланды. Егер Трамп пен аш-Шараа арасындағы кездесу өтсе, бұл тарихи оқиға болмақ. Ол екі ел арасындағы ұзақ жылдарға созылған қақтығыстан кейін қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашуы мүмкін.
Комментарии