Қырғызстанның жоғарғы соты елдің бұрынғы премьер-министрі Сапар Исақовқа қатысты барлық үкімдерді жойды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы 24.kg басылымына сілтеме жасап.
Ол бұған дейін жемқорлық үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылған болатын.
Биылғы жылдың 29 сәуірінде республикадағы ең жоғарғы сот органы бас прокуратура мен адвокаттың Исақовқа қатысты қылмыстық істі «жаңадан ашылған мән-жайлар» бойынша қайта қарау туралы өтінішін қанағаттандырды.
Осыған байланысты Бішкектегі Свердлов аудандық сотының 2019 жылғы 6 желтоқсандағы, Бішкек қалалық сотының 2020 жылғы 23 наурыздағы, сондай-ақ жоғарғы соттың 2020 жылғы 22 маусым мен 2021 жылғы 2 наурыздағы қаулылары жойылды.
Енді бұл істі Свердлов аудандық соты басқа құрамда қайта қарайтын болады.
Сапар Исақов бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевтың оң қолы ретінде танылған. Ол 2018 жылдың жазында тұтқындалған еді.
Бұрынғы премьер-министрге қатысты бірнеше іс қозғалған. Алғашқы үкім бойынша Исақов 18 жылға сотталған, бірақ кейін бұл шешімді жоғарғы сот жойды.
Сонымен қатар, Исақовқа Бішкек ЖЭО-ын жаңарту кезіндегі жемқорлық фактілері бойынша айып тағылып, ол 15 жылға бас бостандығынан айырылған. Бұл үкім 2025 жылғы сәуір айына дейін күшінде болған.
2020 жылы Қырғызстанда қазан айындағы оқиғалар кезінде Исақов түрмеден босатылды. Бұл оқиғалар барысында елде билік ауысқан. Сол кезде Исақовқа «демалыс» берілгені айтылған, алайда ол кейін колонияға қайта оралмаған. 2020 жылдың 26 қазанында бұрынғы премьер-министрге халықаралық іздеу жарияланды.