Қазақстанда білім беру мекемелерінің қауіпсіздігін күшейту мақсатында күзет қызметіне бірыңғай талаптар белгіленді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың айтуынша, балабақшалар мен мектептердегі қауіпсіздік штаттық қызметкерлердің көмегімен немесе арнайы лицензиясы бар күзет ұйымдарын тарту арқылы қамтамасыз етіледі.
«Күзет қызметін алу кезінде нақты іріктеу критерийлерін, мамандардың біліктілік деңгейін, инженерлік-техникалық жабдықтың болуын талап ететін үлгілік конкурстық құжаттама әзірленді», — деді Көшербаев.
Жаңа талаптарға сәйкес, күзетшілердің жасы 25 пен 50 жас аралығында болуы тиіс, олар арнайы дайындықтан өтуі керек және қару алып жүруге лицензиясы болуы шарт. Сонымен қатар, соттылығы болмауы, кеңсе ғимараты мен кем дегенде екі жедел әрекет ету тобының болуы талап етіледі.
Қазіргі таңда елімізде 6,9 мыңнан астам нысан лицензияланған күзетпен қамтылған.
Сондай-ақ, 2022 жылдан бері 20 мыңға жуық оқу орнында 220 мыңнан астам цифрлық бейнебақылау камералары орнатылды. Бұл құрылғылар полицияның жедел басқару орталықтарына қосылған және ақпаратты 30 күнге дейін сақтай алады.
Көшербаев білім беру ұйымдарында жасанды интеллект жүйесі енгізілгенін де атап өтті:
«Бұл жүйе мектептегі және оның аумағындағы буллингті автоматты түрде анықтауға және бірден мектеп әкімшілігіне хабарлауға мүмкіндік береді», — деді ол.