Мәскеу әуежайларында дрондар шабуылынан кейін 60-тан астам рейс тоқтатылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы DW-ге сілтеме жасап.
Росавиацияның дерегінше, дрондардың шабуылына байланысты кемінде 62 рейс тоқтатылып, тағы 52 рейс екі сағаттан астам уақытқа кешіктірілген.
Ведомство сағат 10:00-ге дейінгі деректерге сүйене отырып, Мәскеуге бағыт алған 55 ұшақтың резервтік аэродромдарға бұрылғанын айтты.
“Кешіктірілген және тоқтатылған рейстердің жолаушыларымен әуекомпаниялар мен әуежайлардың мамандары жұмыс жүргізуде”, – делінген мәлімдемеде.
Әуежайларда жолаушылар көп жиналып қалған. Тіркеу және кіру жолдарында ұзын-сонар кезек байқалады.
Украинаға қарсы соғысты жалғастырып жатқан Ресейде өткен түнде дрондардың ауқымды шабуылы тіркелді. Ресей Қорғаныс министрлігі Украинаның ұшақ типті 296 дронының Мәскеу, Брянск, Белгород, Владимир, Воронеж, Иваново, Калуга, Курск, Орел, Рязань, Смоленск, Тверь және Тула облыстарының үстінен ұшып келе жатқанда ауада жойылғанын мәлімдеді.
Мәскеу мэрі Сергей Собянин ресейлік әскерилер елордаға бағытталған 33 дронды атып түсіргенін хабарлады.