Назарбаевтың тағы да Кремльге кіруі "жеке кездесу" аталды

1723
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/05/img_9648-960x500.jpeg?token=e343b1d42d6c5dd062c048cf008a6014

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путин кездесті. Бұл туралы бүгін, 29 мамырда Ресей басшысының баспасөз хатшысы Дмитрий Песков айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Кремльде Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен жеке кездесу өтті», – деді ол.

Соңғы рет Назарбаев 2024 жылдың желтоқсанында Путинмен жеке кездесу үшін Мәскеуге барған болатын.  Кездесудің мән-жайы егжей-тегжейлі айтылмады. Саясаткерлер жекелей форматта бұрын да бірнеше рет кездескен.

2025 жылдың қаңтарында президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің байырғы достар әрі әріптестер екенін айтқан еді.

Сұхбат барысында: “Жақында тұңғыш президенттің Мәскеуге барып, Владимир Путинмен кездесуін жұртшылық сан-саққа жүгіртті. Би­ліктен кеткеннен кейін бес жыл­дан соң бұлай жүздесудің ақылға сыймайтыны айтылды. Қазақстанда алдағы уақытта Президент сайлауы өтеді-міс деген болжамдар да пайда болды. Мұндай кездесу кімге және не үшін қажет, бұған кім бастамашы болды? Сіздің пікіріңізді білсе”, - делінген сауал қойылды.

“Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің желтоқсандағы кездесуі өткен жылдағы екінші жүздесуі ғой деймін. Күз басындағы бірінші кездесу туралы бұқаралық ақпарат құралдарында айтылған жоқ. Олар байырғы достар әрі әріптестер ретінде жүздесетін болса керек, ортақ әңгімелері де бар шығар. Мұндай кездесулер әдетте Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен өтеді. Ол үшін мұның маңызы зор. Бұрынғы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, партия басшысы және егемен Қазақстанның президенті ретінде Нұрсұлтан Әбішұлының Кремльмен тығыз моральдық және саяси байланысы барын естен шығармаған жөн. Оның талай уақыты Мәскеуде өтті, сан мәрте іссапарға барды, съезд және пленум отырыстарына қатысты, жұмыс бабымен және ресми сапарлармен де болды”, - деген еді президент Тоқаев.
Комментарии