Президент: Тоталитаризм құрбандарын жадымызда сақтау – қастерлі парызымыз

874
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/05/5319095565218346384-960x500.jpg?token=5eac4c08bfd5b3b74733ccfafccb18ac
Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай өткен іс-шарада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің тарихындағы қасіретті кезеңдерді ұмытпай, сол нәубеттерден сабақ алудың маңызын ерекше атап өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. Президенттің айтуынша, соңғы жылдары саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Осыдан бес жыл бұрын құрылған мемлекеттік комиссия үш жыл бойы үздіксіз еңбек етіп, 300 мыңнан астам азаматтың саяси ақталуына жол ашқан. Сонымен қатар 2,5 миллионнан астам құжаттың құпия белгісі алынып, 72 томдық жинақ және Алаш қайраткерлеріне қатысты 12 томдық материал жарық көрді. "Төл тарихымыздың ақтаңдақ беттерін ашу – ата-бабаларымыздың және кейінгі ұрпақтың алдындағы қастерлі борышымыз. Осыдан 5 жыл бұрын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Көптеген сарапшылар мен ғалымдар үш жыл бойы тынымсыз еңбек етті. Мемлекеттік және мекемелік архив құжаттары егжей-тегжей зерттелді. Саяси қуғынға ұшыраған 300 мыңнан астам азамат ақталды. Екі жарым миллионнан астам материалдың құпия белгісі алынып тасталды. Комиссия зерттеген құжаттар негізінде 72 томдық жинақ дайындалды. Қуғын-сүргін кезінде Алашорда қайраткерлеріне қатысты қозғалған істер 12 том болып жарыққа шықты. Бұл еңбекті әзірлеу барысында бұрын еш жерде жария етілмеген құжаттар алғаш рет ғылыми айналымға енгізілді", – деді Президент. Арнайы архив орталығы құрылып, бұрын құпия болған 700 мыңнан астам құжат ғылыми айналымға берілді. Тоқаев бұл бастамалардың тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті. Президент қуғын-сүргін мен ашаршылық салдарынан қазақ халқы ең көп зардап шеккенін еске сала отырып, бұл қасірет тек бір ұлттың ғана емес, тұтас кеңестік кеңістіктегі халықтардың трагедиясы екенін жеткізді. "Бұрын құпия болып келген 700 мың құжат, яғни қылмыстық іс осы орталыққа тапсырылды. Бұл — шын мәнінде, елімізде бұрын-соңды болмаған өте ауқымды жұмыс. Ашығын айтуымыз керек, басқа мемлекеттерде осындай көлемді зерттеулер әлі жасалған жоқ. Мұның бәрі — зерттеуші мамандардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Мен ел тарихын зерделеуге белсене атсалысқан барша азаматтарға, соның ішінде Комиссия мүшелеріне шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Олардың еңбегі міндетті түрде марапатталады. Қазіргі таңда ғалымдарымыз жиналған деректерді жүйелеп, бір ізге түсіріп жатыр. Бұл — ұлт келешегіне қажетті аса маңызды жұмыс", – деді Мемлекет басшысы. Сөз соңында Президент тарихты саясат құралына айналдырмауға шақырып, ұлтымыздың берік бірлігі, жауапкершілігі мен гуманизмі ел болашағы үшін басты құндылық болып қала беруі керектігін айтты.
Комментарии