Талғарда кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша мемлекеттік айыптаушы болған Дана Сәрсенбай көпшілікке үндеу жасады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Ол әлеуметтік желілерде өзінің атынан жалған парақшалар ашылғанын мәлімдеді.
«Менің Instagram әлеуметтік желісіндегі жалғыз аккаунтым — @s.d.n__. Ол тек отбасым мен жақындарыммен байланыс орнату үшін ғана құрылған. Бұл парақшада ешқандай ресми жарияланым, пікір немесе кәсіби сипаттағы ақпарат жарияланбайды. Менің атымнан ашылған басқа барлық парақша – жалған. Менің атымды, қызметімді немесе фотомды рұқсатсыз пайдалану — заңсыз әрекет және ол Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады»,—деп түсіндірді Дана Сәрсенбай.
Прокурор жалған парақшаларда түрлі блогерлерге жазылуға шақырулар жарияланатынын, жалған сауалнамалар мен сілтемелер таратылатынын, сондай-ақ сыйлықтар мен ұтыс ойындары уәде етілетінін жеткізді.
«Құрметті азаматтар, сіздерді сақ болуға, жалған ақпаратқа сенбеуге және оны таратпауға шақырамын. Мұндай фейк парақшалар мен жалған мәліметтер құқық қорғау органдарына деген сенімге нұқсан келтіріп, тергеу барысына кері әсер етуі мүмкін.
Іске қатысты барлық ресми ақпарат тек уәкілетті мемлекеттік органдардың ресми арналары арқылы ғана жарияланады. Назар аударып, түсіністік танытқандарыңыз үшін алғыс айтамын»,—деп түйіндеді ол.
<