Күй шалқытқан домбырада үш ішекті

3367
Adyrna.kz Telegram

Үш ішекті домбыраның тарихи бастауы — сонау қазақтың  ата-бабаларынан  жалғасқан дәстүрлі жол. Үш ішекті домбырада ойналатын күйлер, адамның жан дүниесін елітіп, ерекше бір ләззат пен рухани рахатқа бөлейтіндігімен ерекшеленеді.   Әйтсе де, бұл аспап жайлы арнайы зерттеулердің болмауы, кең түрде насихатталмауы музыка мәдениетіміздегі «ақтаңдақ» беттердің бірі болды. 1960 жылдары осы «ақтаңдақты» жойып  алғаш зерттеген, ел ішіне қайтадан таралуға себепкер болған, жаны жайсаң ұлтжанды азамат профессор Болат Сарыбаев болды.

Құрманғазы атындағы консерватория түлегі, зерттеуші, орындаушы Нұргүл Әкімқожа бүгін сол жолды жалғастырып, үш ішекті домбырада  күйлер орындап, тіпті  «Үш ішекті домбыраға арналған күйлер»  ноталық жинағының қолжазбасын дайындап, алғаш рет баспаға ұсынып отыр. Нұргүлдің бұл көпшілікке таныс емес істі жалғастыруды қолға алуының өзіндік себептері де бар. Ол үш ішекті домбырада орындаушылық дәстүрі кеңінен таралған (бұрынғы Семей) қазіргі Шығыс Қазақстан обысының, Шыңғыстау өңірінегі  Абай елінің тумасы. Қаршадай қыз кезінде зеректігімен көзге түсіп, ел ішіндегі үш ішекті домбыра жайлы әңгімелерге сусындап өскен. Осындай алғыр қасиеттерімен бойжеткен сәтінде әйгілі абыз ата, ақын Шәкер Әбеновтің көзіне түсіп ол кісінің батасын алған. Шәкер ата Нұргүлге өз домбырасын сыйлаған. Бұл жөнінде кейінірек арнайы тоқталамыз. Нұргүл Семейдің Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училищесін, Алматының Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясын бітіріп  бүгіндері қазақтың күйшілік өнерін, оның ішінде үш ішекті домбыра өнерін дамыту жолында құлшыныспен еңбектенуде. Нұргүл Амантайқызы әрі орындаушы, әрі һәм музыка зерттеушілік, әрі ұстаздық жолды бірге ұштастыра білген әмбебап өнер иесі.

Осы орайда әуелі ел мәденитінің дамуында, оның ішінде қазақтың аспаптық музыка саласында ерекше орын алатын  үш ішекті домбыра жайлы мәлімет беруді жөн  санап отырмыз.

Үш ішекті домбыраның екі ішекті домбырадан айырмашылығы – мұнда оң бұрау мен теріс бұрау қатар тұр. Құлақ күйi қазақтың негізгі оң (кварта) және терiс (квинта) бұрауына қатар келтірілетіндіктен ел ішінде үш ішекті домбыраны  — қос бұрау домбыра деп те атайды.

Осы домбырада орындалатын күйлер үш үн үндестігінде естіледі. Қоңыр сазды әуендермен, күй сарындарымен және аккордты ырғақтармен айшықталады. Үш ішекті домбыраның екі ішекті домбыраға қарағандағы айырмашылығы тыңдаушы құлағына бір дыбысы, бір үні артық естіледі. Үш ішекті домбырада ежелгі сақ дәуірінен бастап Түрік қағанаты дәуіріне дейінгі, одан бергі Алтын-Орда замандарындағы сарындарды, Қазақтың хандық заманынан жеткен әуендер мен күйлердің сарындарын, саздарын орындауға мүкіншілік береді. Үш ішекті домбыраның үнінде құлақ шымырлатар, жан тебірентер әдемі дыбыстар үндестігі бар.

Үш ішекті домбыраны кайың, үйеңкi, қарағай тәрiздi ағаштардан жасайды. Құрылысы кең шанақты, жалпақ мойын  үлгiде  жасалынады. Шығыс Қазақстан өңірінде үш бұрышты тұмар үлгісінде жасалған домбыралар және бітеу ағаштан жасалған домбыралар да бар.

Үш ішекті домбыра туралы алғашқы деректер ХIХ ғасырда өмiр сүрген этнограф ғалымдар А.Алекторов,  Д.Исаев, П.Юдин, А. Харузин еңбектерiнде кездеседi. Жоңғар басқыншыларына қарсы ұлт- азаттық күрес заманында өмір сүріп сол соғысқа қатысқан халық композиторы Байжiгiт, Құлыншақ домбыралары және Абай ұстаған үш ішекті домбыра бүгiндерi Ықылас атындағы саз аспаптары мұражайында сақтаулы тұр. Үш ішекті домбырада Абайдың баласы Ақылбай, немересi Исрайл, халық ақыны Шәкiр Әбенов, және Шыңғыстау өңірінде Т. Мамырбеков, М. Әзiмханов тәрiздi майталман орындаушылар болған.

Абай, Шәкерім және Шәкір Әбенов аталарымыз күй сарындары мен ән әуендерін үш ішекті домбырада орындап оның дамуына айтарлықтай үлес қосты.

ХХ ғасырдың 60-шы жылдарына дейін қазақ елінде домбыра мен қобыз және сыбызғы аспаптарынан басқа музыкалық аспаптары аталынбай келді. Түрлі себептерге байланысты жоғалдыға саналған, атауы ұмытылып аталмай кеткендері де болды. Тіпті батырлар жырларында кездесетін керней, сырнай дауылпаздан басқа музыкалық аспаптар аталынбай, пайдаланылмады да. Алайда халық жадында сақталғандары жылдар өте келе қайтадан жаңғырды.

Қазақ халқының өткен дәуірінде, көне музыкалық аспаптардың болғанын алғаш дәлелдеп, ғылыми түрде зерттеген, қайтадан халық игілігіне жаратқан профессор Болат Шамғалиұлы Сарыбаев болды. Ол 1978 жылы «Жалын» баспасынан орыс тілінде «Казахские музыкальные инструменты» деген зерттеу кітабын, 1981 жылы «Өнер» баспасынан  «Қазақтың музыкалық аспаптары» деген көлемді зерттеу еңбегін шығарды. Болат Сарыбаев тарихи кезеңдерде заман өзгерістеріне сай ұмыт қалған қазақтың музыкалық аспаптарын қажымай-талмай зерттеп, оны іздеп тауып, қайтадан халқына қайтарып өшпес мұра қалдырды. Сарыбаев осы музыкалық аспаптардың халық арасында болғандығын, пайдаланылғандығын қазақтың жыр-қиссаларында кездесетіндігін, шетел саяхатшылырының жазбаларында кейбір музыкалық аспаптардың атаулары бар екенін дәлелдеп алғаш рет нақтылы деректерді келтіріп, бүгінгі ұрпаққа өшпес мұра қалдырып, қазақтың аспаптық музыкасын зерттеудің жол бастаушысы болды. Ерекше тоқталатын бір жай, Болат Шамғалиұлы Сарыбаев дүниеден өткен соң, күні бүгінге дейін қазаққа тән, қандай да бір жаңа музыкалық аспапты іздеп тауып, атауын атап, түрін түстеген, құнды деректер келтіріп мағағлұмат берген ешкім болған жоқ. Сондықтан елде музыкалық үлгімен, ғылыми тұрғыдағы ноталық жүйеде дәлелденген нақтылы бірде бір дерек көзі болмай тұр. Басқасын былай қойғанда Сарыбаев алғаш тауып, дәлелдеген  үрлеп ойналатын бұғышақ, керней, қос саз аспаптарын одан әрі жетілдіре алғанымыз жоқ. Қазақтың домбыра, қобыз, сыбызғыдан басқа аспаптары болмағандай кейіп танытып, осалдық жасап жүрміз. Болат Сарыбаев өткен ХХ ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап домбыра мен қобыздан және сыбызғыдан басқа да қазақтың отыздан астам түрлі музыкалық аспаптары бар екенін дәлелдеп, орындалу ерекшеліктеріне байланысты оларды бір жүйеге келтірді. Олардың түркі тілдес елдердің барлығына тән тарихи байланыстылығы бар екенін дәлелдеп, алғаш рет  музыкалық орындалу, ойналу ерекшеліктеріне байланысты жіктеді және Қазақстан аймағында кездесетін музыкалық аспапатардың картасын жасады. Ол жіктеу «Сарыбаев кестесі» және«Сарыбаевтың музыкалық картасы» деген атпен тарихта қалды. «Сарыбаев кестесіндегі» Шертер, Жетіген және Сазсырнай жайлы деректерді алғаш тапқан адам профессор Болат Сарыбаевтың өзі. Өткен ғасырдың  60-шы жылдарында үш ішекті домбыраны дамытудың  жолын ашып, алғаш рет ғылыми түрде зерттеген де  осы профессор Болат Шамғалиұлы еді. Ол зерттеп тапқан әрбір музыкалық аспабтарының дыбыс қатарларын дәлелдеп, күйдіргі от, ішек, тиек, малдың терісі, жез, мыс, балшық, ағаш, қамыс, желім тәрізді музыкалық аспаптар жасалатын заттарды тауып, бітімін өлшеп, суретін  сызып қажымай-талмай, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп, музыкалық аспаптардың түр бітімін көне дүниедегідей қалпына келтіріп, қайтадан жаңғыртып халық игілігіне айналдырған азамат еді. Болат Сарыбаевтың еңбегі арқасында ХХ ғасырдың қазағы естіп көрмеген шертер мен жетіген және сазсырнай музыкалық аспаптарымен халқымыз қайтадан қауышып, көруге, үнін естуге мүмкіндік алды. Халқымыздың баға жетпес сүйікті музыкалық жәдігеріне айналды. Жоғалдыға саналған осы үш музыкалық аспапты тауып жарқыратып, қайтадан  тарих сахнасына шығарғаны үшін халықтың ең бір қажетті музыкалық аспабына айналдырғаны үшін Болат Шамғалиұлы Сарыбаевтың есімін мәңгілік сақтау мақсатында оған ескерткіш орнату — оның артында қалған іні бауырлары жалпы қазақ азамттарына аманат.

Өз басым Болат Сарыбаевтың шәкірті ретінде үш ішекті домбыраны қолыма алып, күйлер орындап, аға аманатын жалғастырып жүргеніме, міне, 40 жылдан асты. Орындаған күйлерім қазақ радиосының эфирінен беріліп тұрады. Үш ішекті домбыраны қайтадан жаңғыртып, дамытып жүргенім туралы Қазақстан ұлттық энциклопедиясының ІХ томының 472-бетінде жазылған.

Бұл күндері үш ішекті домбыра ел ішінде қазақтың негізгі музыкалық аспаптарының бірі ретінде таралуда. Үш ішекті домбыраны қолына ұстап әндерін сүйемелдеген, күй сарындарын орындап, халық алдында түрлі думандарға, ойын сауықтарға, концерттерге қатысып жүрген орындаушы домбырашылар  баршылық. Солардың бір де бірегейі Нұргүл Амантайқызы Әкімқожа.

Нұргүл кітабының қолжазбасымен  танысып,   шығармашылығына үңілгенімізде оның сегіз қырлы өнер иесі екенін айқын аңғардық. Ерекше еңбектенгені байқалып, бір-біріне байланысты  орындаушылығы, ұстаздығы және зерттеушілігі тәрізді  үш шығармашылық бағыты  көзге  көрінді.

Нұргүл Әкімқожаның осы үш шығармашылық қасиеті жайлы айта кетуді де жөн санадым. Орындаушы болғанда қатардағы көптің бірі емес, үш ішекті домбырадағы күйлерді меңгерген оны сауатты тартатын орындаушы. Ол бүгінде үш ішекті домбырадағы күйлерді зерттеушілігімен және кәсіби шебер орындаушылығымен танылып жүр. Тегінде үш ішекті домбырадағы күйлерді орындайтын адам сол қолдың саусақтарымен, домбыра мойнындағы  үш ішектегі перне дыбыстарын еркін басып, таза дыбыстар шығаруға дағдылануы қажет. Неге десеңіз үш ішектегі пернелерді басу, ноталық дәлдікпен алу, үш дауысты үндер шығару орындаушыға жылдар бойы дайындықты қажет етеді. Нақтылап айтқанда домбыра үнінде үш дауыс естіледі. Қатарлас естілетін сол үш үнді көркемдік сипатпен тыңдаушы құлағына жеткізе білу қажет.  Орындаушы өз шеберлігі арқылы,  алма қағыс, ілме қағыс, кезектей қағыс, дара қағыс, тізбектей қағыстары арқылы үш ішектен үш түрлі күй сарындарын шығарады. Теріс бұраудағы ішектерді басу және қатарласқан оң бұрау ішектерін басу арқылы, орындаушы орындалатын күйдің адам құлағын шымырлатар мінезін айшықтайды. Күйдің ағындылығын, баяулығын, сабырлылығын, қатқылдығы мен нәзіктілігін айқындау орындаушының шеберлігіне байланысты болмақ. Орындаушы қолының қағысымен, саусақтарының жүрдектігімен  адамның жан тебіренісін, жеткізеді. Осы тұрғыдын алғанда Нұргүлдің қолы нық орналасқан,  саусақтары әлді алымды, ет жеңді, перне басысы анық. Осындай қасиеттері арқылы ол күйлердің қай нотасының үнін шығарса да нық саусақтарымен,  анықтап, күй дыбыстарының үндері дірілін әдемілеп  (выйбрациясы) жеткізе алады. Тыңдаушы көңіліне жан шуағының жылылығын сыйлап, қолындағы домбырасының үнімен ынтықтырып, сүйсіндіре біледі. Жағымды күй үні тыңдаушы құлағын шымырлатып жанын тербетеді. Оның күй орындаушылығындағы екінші бір ерекшелігі – күй бітіміндегі теріс және оң бұрауларда қатарласа дамып, өрбитін «терция», «кварта», «квинта», акордтарын алғанда, салалы саусақтары өрнек тоқығандай нәзіктікпен еркін меңгере алатындығы және күйдің құлаққа естілу дыбыстарын барынша таза жеткізуі таңдандырады. Нұргүл домбырасы ескілікті сарындар арқылы, ежелгі тарихымыздың өткендегісін, қуаныш-күйінішін жеткізе алатын қасиетке ие. Ол домбыраны қолына алғаннан-ақ, домбыра оның егіздің сыңарындай кейпке айналады. Домбыра мен Нұргүл екеуі бір бейнеге енеді. Нақтылап айтқанда Нұргүл домбыраға – домбыра Нұргүлге айналады.

«Қыз мұңы» тәрізді күй орындалғанда Нұргүлдің саусақтары тағдырдың талқысына түскен бейкүнә жанның аянышты бейнесін ғана суреттеп қоймайды, сол қыздың үні, зары арқылы халқымыздың өткендегі басынан өткізген қайғы қасіретін, жаугершілік замандардағы азапты қиналысын, адамның болашаққа деген үмітін, сенімін, арманын күй құдіреті арқылы жеткізіп бейнелейді. Нұргүл бір ғана тақырып айналасында қалып қоймайды, оның басты орындаушылық ерекшелігі-орындайтын күйлерінің тақырыбының мазмұндылығында, жеке адам тағдырын суреттей отырып, одан да  асырып, адам тағдырының қиын да қызықты жолын, бүкіл халық тағдырымен байланыстыра алатындығында. Нұргүл орындаған күйлері арқылы қазақтың бүгінге дейінгі естілмей, айтылмай жүрген үш ішекті домбырадағы орындаушылық дәстүрді жоғалтпай халыққа жеткізіп отыр. Оның күйлерінде ежелгі ата-бабалар жолының тарихы, дала мәдениеті, жаугершілік заман, бейбіт өмір, ананың аялы алақаны, бала күлкісі, жылқышы жігіт қуанышы, қыз шолпысының сыңғыры тәрізді тұрмыстық болмысымыздың бебеу қаққан сазды үндері естіледі.

«Қабанбай» атты  батырлықтың үлгісін көрсеткен, жеңіс күйін орындағанда Нұргүлдің домбырасы, қазақ даласын қорғауға, ел бірлігін сақтауға дабыл қағып ұран шақырады. Соғысқа түскен қалың халықтың, екі жақтың да сарбаздарының айқасқандағы найзалары мен қылыштарының жарқылы, ат дүбірі халық үнінің күңіренісі, жеңіске жетелеген дабылдың  жаңғырығы,  күй ырғағымен айқын суреттеледі. Міне, дарабоз Қабанбай алға шықты. Жауды ойсырата жеңді. Халықтың рухы көтерілді. Халық күңіренісі – халық қуанышына айналды. Нұргүл орындаған  күйден жеңіске жету жолындағы қазақтың осындай батырлық рухы шарықтайды. Үш ішектен шыққан «Қабанбай» атты күйдің ырғағы бірде шабысқа басып, бірде желдіртіп, енді бірде жорға ырғақтармен тек алға ұмтылып отырады. Нұргүлдің күйі желдірмелеп, үдей түседі. Күй ырғағына берілгені соншалықты, күйдің шырқау биігіндегі кульминациялық шегіне жеткенде қолын барынша сілтей, төс кеудесі созыңқылана, айналасындағы қазағына қарағандай, қазағым, жеңдік, жеңіске жеттік, дегендей мойнын соза қазақ даласына жар салғандай жүрдек күй ырғағымен жеңіс рухын жеткізеді. Нұргүлдің өзі сол Қабанбай жорығының ішінде жүргендей ақ, қазақ сарбазының сапында жаумен айқасқандай кейіпте, ат үстінде сауыт киген батыр қыздың бейнесіне еніп, жігерлендіргендей  ұран шақырғандай әсер тудырады. Нұргүлдің күй тартысы шеберлік биігінен танылады. Өткір көзі көгілдір аспанда қалықтаған,  қиядан шалғыш бүркіттей, айналасына алыстан барлап карайды. Алыстағыны шалып, көңілге түйіп әрекет жасайды.   Сол әрекеті күй болып төгіліп, күй мазмұнын суреттеуде бірде баяулай, бірде шалқыта, бірде төгілте енді бірде лирикаға бой ұрып, махаббат дерті сезімімен, енді бірде күлімдеген күндей, сан түрлі ырғақты дыбыстармен домбырасын күмбірлете де, күңірентіп жеткізеді. Нұргүлдің бар бітімі күйге айналып, періште көңіл ақ бейнесі алдындағы тыңдаушыға жан жылуын сыйлайды. Құлағынның құрышын қандырып, жан сезіміңді тербетіп, армандарға жетелейтін күйге түсіреді.

Нұргүл екі ішекті домбырада да күйлер орындайтын екінің бірі ретінде танылған талант иесі болса, ал үш ішекті домбыраны өз дәрежесінде орындаушы әзірше дара тұлға.

Қазақ әйел затының үш ішекті домбырадағы алғашқы орындаушысы. Сондықтан қазақ музыка мәдениетінде Нұргүл шығармашылығы ерекше орын алады деп санаймын. Заманында Құрманғазыны көзі көріп, бата алған  Дина Нұрпейісова анамыздай, Нұргүл де біртуар ақын, әнші һәм домбырашы Шәкір Әбеновтан бата алып үш ішектегі домбырашылық өнерді жалғастырушы. Атап айтар болсақ Шәкер Әбенов  Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев инаугурациясында  ақ батасын берген абыз.  Абыз атаның Нұргүлге де ақ батасын беруі осы параллелмен салыстырғанда тегін емес. Алланың нұры жауып – ұзағынан сүйіндірсін, дейміз.

Алдында атап өткеніміздей Нұргіл шығармашылығының екінші бір көрінген тұсы – оның ұстаздығы. Нұргүл балауса балалар мен жас жеткіншектерді домбырашылық өнерге тәрбиелейді.  Дәл осы күндері Нұргүл Құрманғазы атындағы консерватория жанынан құрылған эксперименттік мектеп студиясында және Алматыдағы Глиер атындағы қалалық музыка мектебінде домбыра пәнінен дәріс беріп жүр. Бастауыш музыкалық білім беру  саласындағы Нұргүл қызметін қатардағы ұстаз ретінде айта салуға болар еді, алайда оның ұстаздық жолындағы табыстарына, жетістіктеріне қарап, еңбекқор ұстаздығын атап өту қажет деп есептеймін.

Нұргүл Алматы қалалық музыка мектептеріндегі ұстаздар арасынан озып шығып айтарлықтай табыстарға жетті. Сабақ беру кестесіне Нұргүл музыкалық білімнің әдістемелік жүйесін енгізді.Ол өзінің жасаған әдістемелік жүйесі бойынша, домбыра үйренемін деген  оқушы әуелі домбыра құрылысын, неден, қалай жасалатындығын білуге тисті екендігін. Атап айтқанда домбыраның шанағы, мойны, сағасы, беті, тиегі тәрізді атауларының түсінігін ойға қондыруды басты міндет ретінде ұсынды. Нұргүлдің әдістемелік оқыту жүйесінің ең басты ерекшеліктердің бірі оның оқу бағдарламасында балаларды домбыраға үйретумен шектеліп қалмайды. Домбырамен қатар қыл қобыз, сазсырнай, жетіген, шертер, шаңқобыз, асатаяқ және  басқадай да қазақтың көне музыкалық аспаптарымен жақын таныстырады. Таныстырып қана қоймай Нұргүл көне аспаптарды орындауға үйретеді де. Қазақтың  халық композиторлары туралы мәлімет беретін дәріс береді. Оқушы осыларды бойға сіңірген соң ғана  үйренетін күйдің музыкалық астарын, түпкі мазмұнын тез қабылдайды. Нұргүлдің оқыту әдісі бойынша оқушы бала күй үйренуді бастамас бұрын әуелі осындай алғашқы қажетті біліммен қарулануы тиіс болады.  Осыларды сабақ кестесіне енгізіп балалардың ой өрісін жетілдіріп, оның кеңейуіне жол ашады. Ал өнерге құштар оған алғаш талпынған оқушы осыдан кейін домбыра үйренуге, домбырашы болуға, ерекше талпыныс жасап, машықтана бастайды. Міне Нұргүлдің музыка мектебіндегі әдістемелік сабақ оқыту жүйесінің мәні осындай.

Нұргүлдің әдістемелік тәсілі Алматы қалалық музыка мектептеріндегі білім беру домбыраға үйрету барысында өз  жемісін берді. Осының куәсі ретінде – Нұргүлдің жеке орындаудағы домбырашы, қыл қобызшы, жетігенші шәкірттері Алматы қалалық, аймақтық, қала берді, республикалық мектеп оқушылары арасындағы байқауларда Бас жүлдегерлер атануымен дәлелденеді.

Нұргүлдің оқыту тәжірибесінде басты жетістігінің бірі – ол ұйымдастырған «Арнау» фольклорлық ансамблі. Ансамбль мүшелері бірінші сыныптан тоғызыншы сыныпқа дейінгі аралықтағы Нұргүлдің шәкірттері. Нұргүл ансамбльдің алдыңғы қатардағы орта тұсына жетігендегі орындаушыны  және қыл қобыздағы  орындаушыны орналастырған. Ансамбілдің оң жақ және сол жақ қанаттарында әрқайсысы бес оқушыдан домбырашылар орналастырылған. Ал ұрмалы аспап саналатын дабыл, сылдырмақты асатаяқ, және тілшелі  шаңқобыз аспабы ансамбльдің екінші қатарының орта тұсында орналасқан. Ансамбльдің негізгі аспабтары домбыра. Ортадағы қыл қобыз бен жетіген созылмалы көне де көркем әуендерімен домбыра үнін әрлендіреді және айшықтайды.  Екінші қатарда орналасқан шаңқобыз үні дала табиғатының көрінісін жеткізеді. Ал ұрмалы дабыл мен сылдырмақты асатаяқ күй ырғақтарын айшықтауда ерекше әсерлендіреді. Орындалатын күй тыңдаушы құлағына шалқып та, қалқып та естіледі. Міне, ансамбль үндестігін Нұргүл осындай ерекшеліктер арқылы жеткізе білген. Мұның өзі ансамбльде орындалатын күйлердің көркемдігін арттырған. Құлаққа естілу әсерлілігін таба білген. Сөйтіп тыңдармандарға әуезді әуен естіртіп, көрермендерді риза етіп сүйсіндіре білген. Ел құлағына шалынған.

Нұргүл ұйымдастырған фольклорлық «Арнау» ансамблі, әндер мен күйлерден  жақсы концерттік бағдарлама жасап, Алматы қалалық және Республикалық орындаушылар конкурсына қатысып  Бас жүлделерді бірнеше рет жеңіп алды. Тіпті 2010 жылы Болгарияда өткен Бүкілдүниежүзілік орындаушы балалар конкурсына да қатысып Бас жүлдені жеңіп алып  келді. Үстіміздегі 2011 жылы, жақында ғана маусым айында  Түркияда өткен халықаралық байқауға қатысып Нұргүлдің «Арнау» ұлттық-фольклорлық ансамблі әлем бойынша тағы да бірінші орынды иеленіп қайтты. Осы жетістіктің бәрі сөз жоқ ұстаздың оқушы балалармен жұмыс жасаудағы қажымай-талмай еткен еңбегі және балаларды музыкалық білімге тәрбиедеудегі уақыт талап етіп отырған инновациялық жаңашылдыққа сүйеніп дұрыс жолға қоя білгендігі арқасында еді.   Республика көлемінде көзге түскен Нұргүлдің музыкалық мектептегі әдістемелік оқу үлгісі, басқа мектептерге де үлгі-өнеге болуға лайықты.      Нұргүл бойындағы үшінші қасиет  -  ел мұрасын сақтаудағы зерттеушілігі.

Нұргүл үш ішекті домбыра деген музыкалық аспаптың бар екенін айтып, қазақтың дәстүрлі музыкасының бір тармағы екенін танытып, күйлердің ноталарын жинап, топтастырып, зерттеп оқушы қауымға кітап ретінде ұсынып отыр. Басында атап өткенімдей бұл қазақ музыка мәдениетіндегі үш ішекті домбыраға арналған алғашқы, тұңғыш кітап болмақ. Сондықтан Нұргүл еңбегінің салмағы да, мәні де ерекше.  Бүгінде Нұргүл үш ішекті домбыраға арналған күйлерді радио мен теледидар эфирленрінде орындап және баспасөз беттерінде жазып, жұртшылыққа ұсынып, оны ел игілігіне айналдыру жолында  еңбек етуде.

Ал, үш ішекті домбырадағы күйлердің халыққа жетуі жайлы айтар болсақ,  әуелі сөз жоқ осы жолдардың авторы орындаған күйлер аталады. Сондықтан да жылдар бойғы қажымай-талмай атқарған еңбегімді, осы орайда айта кетуді де жөн санадым.

Өткен ғасырдың  1960–70 жылдары ауыл ақсақалдарынан  естіген қысқа күй сарындарын жылдар бойы өңдей жүріп күйлерге айналдырдым. Нақтылай айтқанда жоқтан бар жасадым. Жаңғырттым. Қайтадан тірілттім. Құлағымда үйіріліп жүрген сарындарды мазмұнына сай кәдімгі күйге айналдырып, атауларын алғаш атап қойып едім. Нақтылай айтқанда үш ішекті домбыраға арналған халықтық сарындарды мазмұнына сай, лайықтап өңдеп ендігі жерде күй формасына айналдырып «Ой толғауы», «Жорға аю», «Қыз мұңы», «Қабанбай» деп ат қойып халық назарына ұсындым. Нұрғалидың сарыны делінетін қысқа әуендік тактыдан тұратын сарынды Нұрғалидың  «Көк қаршыға» күйі деп, оны да жылдар бойы орындай жүріп күй ретінде жетілдірдім. Осылайша халқыма жеткіздім.  Бұл күйлерді орындап жүрген жас музыканттар осы күндері Жарқын өңдеп жеткізген күйлер деп айтып та жүр. Бұл менің «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын», деп  Мұқағали Мақатаев айтқандай үш ішекті домбырада, өзім шығарған күйлерді  халқыма қайтарғаным, халық игілігіне айналдырғаным болды. Кейінгі кездері үш ішекті домбырада орындаудың орындаушылық шеберлігін қажет ететін «Таскескен», «Дүние кезек», «Абыралыдағы ата зары», деген күйлерді шығардым. Мен шығарған күйлерді және мен өңдеген күйлердің бәрін де әйгілі шертерші, Құрманғазы атындағы дәстүрлі орындаушылар конкурсының лауреаты Айбол Құдайбергенов нотаға түсірді. Ол күйлер топтамасы  Нұргүлдің кітабына енді.

Әрине ел ішінде менен де бұрын үш ішекті домбырада орындаушылар болды, оның ар жағында Абай, Шәкәрім, Шәкір Әбенов күйлері де бар. Алайда өткен ғасырдың 1968  жылдарынан бастап үш ішекті домбыра күйлерін дамыта бастағанымды ойласам, Қазақ радиосынан немесе теледидар экранынан менен бұрын күйлер орындап эфирден берген бірде-бір адам болған жоқ. Күйлерімді тыңдап қатарлас өскен 60-шы жылдардағы замандас буын өкілдері мен жайлы жақсы біледі. Үш ішекті домбырада күйлер орындағаным, алғаш насихаттағаным, елге  танылғаным, жалпылай айтқанда жаңғыртуға себепкер болғанымды, қазақ музыка мәдениетіне қосқан үлесім деп білемін. Бұл туралы алдында атап өткенімдей жарыққа шыққан “Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясында” жазылған.

Үш ішекті домбыра ескінің сарқыншағы, бұл қазақтыкі емес деген сыни мағнадағы сөздерді талай естідім. Түрлі концерттерге қатысып, үш ішекті домбыраны елге танытуыма, оны ойнауыма ашық түрде кедергі келтіргендер де болды.  Алайда үш ішекті домбыраның асыл жәдігеріміз екенін, халқымыздың музыкалық мұрасы екенін танытуда, халқыма ұсынған күйлерім арқылы, 40 жыл бойы радиодан, теледидардан орындауыма, дәлелдеуіме тура келді. Осы еңбектің арқасында бұл аспапта орындалған шығармаларды халық өте жылы қабылдайтын болды, сөйтіп қызғаныш туғызып, көреалмаушылыққа салынғандардың кедергісін бұзып, дәлелдеп шықтым. Жастықтың жалынымен бастап,  алпыстың асуынан асқанға дейінгі аралықтағы өмірімнің жемісі ретіндегі жетістіктерімді батыл айтып отырғаным да сондықтан. Қазақтың үш ішекті домбырасының кеңінен қанат жаюына үлес қосқаным, жаңғыртқаным барша жұртқа аян.

Абай атамыздың «Май түні» және «Торжорға» деген күйін бізге  жеткізген Ғайса Сармұрзин деген ақсақал болды. Ол кездері үш ішекті домбыра музыкалық ортада мүлдем аталынбайтын. Менің 1968 жылдан бастап үш ішекті домбыраны насихаттай бастағанымды Ғайса Сармұрзин естісе керек, ақ сақалды қария басымен мені іздеп келіп, әуелгі қуанышты жаңалығын маған жеткізді. Абай күйлерін орындаған адам екі ішекті домбырамен орындап қалдырған екен. Ғайса ағаға екі ішекті домбырадағы күйлерді ноталық үлгіге түсіру атақты күйші, һәм зерттеуші Уәли Бекеновтың қолынан келетіндігін айтып, Уәли ағамызға жол сілтедім. Сонымен Уәли Бекенов ағамыз Абайдың екі күйін нотаға түсірген болатын.  Ал Шәкәрімнің «Бозторғай» күйі болғандығы жөнінде ел ішінде нақтылы деректер бар. («Шәкәрім. Энциклопедия», Семей 2008 жыл, 176 бет)

Абайдың жоғарыда аталған «Май түні» және «Торжорға» күйлерін  және сонымен қатар Шәкер Әбеновтың  «Шыңғыстау сағынышы», «Зар заман», «Сағыныш» күйлерін орындай отырып Нұргүл үш ішекті домбыраға өзі өңдеп жинағына енгізгелі отыр.

Шәкер атамыздың өмірінің айтарлықтай кезеңі жала жабу науқанымен тұспа-тұс келіп, түрмеде, абақтыда өткені белгілі. Нұргүлдің орындауында аталған үш күй, жазықсыз жапа шеккендегі Шәкер атаның күйініші,  қайғы-шері, тар қапастағы қиналысы мен сағынышы мұңды әуендер сарыны арқылы өрбиді. Күйлердің мазмұны адам құлағын шымырлататын сазды үндермен, фәлсапалық терең ойларға жетелеумен айшықталады. Шәкердің  ой түйіні шертпе қағыстар арқылы өрби отырып бірде намысының қорланғаны, бірде құсаға булыққаны тәрізді  сәттері суреттеледі. Енді бірде Шыңғыстаудың ызғарлы да алай-дүлей соққан дауылды бораны, түнерген дала көріністері күйдің кульминациялық шырықтату шегінде, күй қағыстарын үдету арқылы суреттеледі. Қатыгездіктің құрбаны болған адам тағдырының бостандыққа ұмтылуы, арманды аңсауы Нұргүл орындауында анық сезіледі. Осы күй сарындарын Нұргүл бір естігеннен ақ Шәкер атаға қайтадан орындап бергенде, абыз атаның сүйсінгені соншалықты, маңдайынан искеп, қолындағы домбырасын сыйлаған екен.

Нұргүл алдағы уақытта, болашақ шәкірттерге арнап үш ішекті домбырада ойнап үйренудің методикалық оқу құралы ретіндегі  келесі кітабын да дайындау үстінде. Онда: үш ішекті домбырада орындаудың музыкалық ерекшеліктерін көрсетумен қатар методикалық оқу үлгісін және оң қол мен сол қолдың ойнау тәсілдерін, пернедегі саусақ қою ережелерін көрсетеді. Үш ішекті домбырада күй орындаушы қалай отыру керек, домбыраны қалай ұстау қажет екендігін де ашып көрсететін болады. Ең Нұргүл дайындаған  «Үш ішекті домбыраға арналған күйлер» жинағы — бұл қазақ музыка тарихындағы алғашқы тұңғыш еңбек, тұңғыш кітап екенін оқушы қауымға айтқым келеді. Нақтылай айтқанда үш ішектегі домбырада орындалатын  күйлердің ноталық жинағын алғаш рет жарыққа шығару — дәстүрлі музыкамызға қосқан елеулі үлесі болып табылады. Бұл жетістік қажымай-талмай жүріп ізденгендегі еңбегінің жемісі болмақ. Нұргүлге  домбыраны бір ғасырдың куәгері болған ақын Шәкір Әбенов сыйлаған. Бұл домбырада Ырғызбай, Құнанбай, Абай, Шәкәрім, Шәкер Әбенов заманының қасиетті көне үні бар. Сонысымен қасиетті. Шәкер ата Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа бата бергенде, сол тұста сондай батаны Шыңғыстау өңірінде жүрген қаршадай Нұргүл қыздың өнеріне сүйсініп, үлкен үміт күтіп, оған да бата берген ғой. Сондағы Шәкер атаның «Ұзағынан сүйіндірсін» деген ақ батасы Нұрағасы секілді Нұргүлге де қонуын тілеймін. Шәкерден бата алған ерекше шәкіртті мен де өзіме шәкірт санап ақ жол тілеймін!


Жарқын Шәкәрім

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері,

«Құрмет» орденінің иегері,

Қазақстан Жазушылары одағының мүшесі

Пікірлер