Алматы әкімі мектеп құрылысындағы кідіріс үшін мердігер компанияны сынға алды

473
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/06/img_3436.jpeg
Алматы қаласының әкімі Медеу ауданында салынып жатқан жаңа мектептің құрылысындағы кідіріс үшін Bazis-A компаниясын сынға алды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2000 оқушыға арналған оқу орнының жобасында үш қабатты ғимарат, асхана, акт залы, спорт стадионы және тұрақ қарастырылған. Әкімнің айтуынша, мектеп құрылысындағы жұмыстар белгіленген мерзімнен кешігуде. Дархан Сатыбалды мердігер ұйымнан барлық жұмысты 2025 жылдың тамызына дейін аяқтап, қыркүйек айында оқушыларды қабылдауға дайын болуды талап етті. “Александр Якубович, қыркүйекте балалар осы жерде оқуы керек. Біз сіздерге сенім арттық, алайда уәде орындалмады. Алматы бойынша тоғыз мектеп сіздерге тапсырылды – бүгінде осы жобалардың барлығы сіздердің жұмыстарыңызға тіреліп тұр. Бұдан әрі созуға болмайды. Бұл – балаларға қатысты мәселе әрі бюджет қаржысы”, – деді әкім компания өкіліне. Сонымен қатар, қала басшысы Шығыс айналма жолы бойындағы жасыл аймақтарды аралап, автоматты суару жүйесін жөндеу қажеттігін атап өтті. Бұл жұмыстар «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Әкім қаланы абаттандыру жұмыстарын жеке бақылауында ұстайтынын жеткізді. “Қаланың тазалығы – барлығымызға ортақ міндет. Қазіргі таңда көптеген коммерциялық нысандар – дәмханалар, мейрамханалар мен дүкендер – іргелес аумақты тазартудан жалтарып отыр. Мұндайға жол берілмеуі тиіс”, – деді ол. Сондай-ақ, әкім Кіші Станица аумағында екі жылдан астам бос тұрған тоғыз ғимаратты аралап көрді. Аталған аумақта әлеуметтік нысандар жетіспейтінін айтқан әкім бұл нысандарды коммуналдық меншікке беру мәселесін қарастыруды тапсырды.
Комментарии