Жетігеннің тарихы

9881
Adyrna.kz Telegram

 Жетіген – ең көне ішекті аспаптарының бірі. Ескі  дәуірдің көмескі тартқан қатпарынан  б.з.д. 3000 жыл бұрын өмір сүрген саз аспаптар әлеміндегі кифара және лира қатарлы көп ішекті аспаптар, ежелгі Шумер елінде және Түркістан халықтарының  байырғы мәдениетінен ескі Хорезмде де қолданылғандығы туралы тарихи жазба деректерінен  кездестіреміз [1, 21]. Пазырық қорғанынан б.з.д. V-ІV ғғ. табылған  екі  ішекті арфа  тектес  музыка аспабы да  тарихи жазба жұмысын қадағалаушылардың назарына ілікті. Бұлардың бәрі де өз алдына бір-бір кітаптың жүгі боларлық әлемге әйгілі жәдігерлер.  Осыған мәндес тағы да бір музыка аспабы ежелгі қыпшақ даласынан  табылды.  

Заман озған сайын, осынау музыкалық аспаптар құрылымы жағынан жаңғырып жақсаруымен бірге, үндестік жағынан да үздіксіз дамып жетіле түскен еді. Осы сала зерттеушілері  әуел баста бұл құбылыстарды арфа текті аспаптар деп атағанымен, кейін келе үнемі өзгеріп жаңалану арқылы қолдану жағынан   бірнеше топқа бөле бастайды. Мәселен, тік ұстап ойналатын көп ішекті аспаптарды – арфа тектес музыкалық аспаптар деп атаса, таяқшамен ұрғылап ойнайтын аспаптарды  цимбала тектес  деп  жіктейді.  Міне, осылармен қатарлас, орындаушы алдына жатқызып саусақтарымен іліп ойнайтын аспап түрін цитра текті музыкалық аспапқа жатқызады. Музыкатану ғылымы біздің қазақ халқына тән музыкалық аспаптардың көне көздерінің бірі жетігенді де цитралық аспап деп есептейді [6].

Қазақтың кейбір музыка аспаптары дүние жүзінде кездесетін немесе дыбыс шығару тәсілдерін көршілес халықтардан алу арқылы пайда болған [3, 120-б.]. Зерттеуші Б. Сарыбаев көне музыкалық аспаптар жайында: «Түркі тілдес халықтардың музыкалық аспаптарының пайда болу, шыққан тегі бір. Ежелгі түрік жазу-сызуларында аттары аталатын кейбір аспаптар түркі тілдес халықтарда күні бүгінде кездеседі. Бұлар – сырнай, чанг, жетіген, накара, шаңқобыз, сыбызғы, дабыл, керней, абырға», – деп шығу тегі бір музыкалық аспаптардың әрбір халықтың өзіне тән ерекшелігімен көптеген өзгерістерге ұшырай отырып дамығандығын айтады [2, 16-б.].

ХХ ғасырда белгілі этнограф-ғалым Б. Сарыбаев өз еңбегінде қазақ музыка аспаптарын бірнеше топқа жіктеп, түбегейлі зерттеген. Фольклорлық оркестрлер мен ансамбльдер қатарына енгізіп, аспаптың орындаушылық дәстүрін жолға қойды [1]. Дегенмен, кейбір аспаптардың сыры толық ашыла алмай, оның орындаушылық деңгейі қосымша, сүйемелдеуші ретінде ғана қалыптаса бастайды. Осындай аспаптардың бірі – қазақтың көне жетіген аспабы.

Б. Сарыбаевтың еңбегінде жетігеннің көне түрі жайында: «Көне жетігенде құлақ болмаған. Ішектердің астына екі жақ шетінен асық қойылған. Аспап осы асықтарды жылжыту арқылы күйге келтірілетін болған. Даусын көтеру үшін асықтарды ішектердің екі жақ басынан ортасына қарай жақындатқан, ал оларды кері жылжытып, араларын алшақтатса – дауыс төмендеген. Әрбір ішектің бұрауын келтіргенде орындалатын әннің әуені басшылыққа алынған. Ел аузында мынадай аңыз бар.

Қаһарлы қыстың қақаған аязынан мал қырылып, үлкен жұт болады. Қазақтың ауылы ашарлыққа ұшырайды. Онымен қоймай, сүзек ауруы ит арап, ел ішінде көбейеді. Көпке әйгілі күйші қарттың жеті ұлы бірдей осы ауруға шалдығып, бірінен соң бірі  көз жұмады. Қаралы қайғыға душар болған  күйші көкірегін кернеген мұң-зарын күйге қосады. Үлкен ұлының дәм-тұзы таусылғанда  –  «Қарағыш», екінші ұлы өмірден қайтқанда  –  «Қанат сынар», үшінші ұлы қайтыс болғанда – «Құмарым», төртінші ұлы қаза тапқанда –  «Ой сөнер»,  бесіншінің жүрегі тоқтағанда  –  «Бақыт көшті», алтыншының жамбасы жерге тигенде –  «Күн тұтылды», жетіншісі жер жастағанда «Жеті ұлымнан айырылдым» деп азалы күй шерткен екен.

Арнайы аспап жасап алып, әр ұлы қайтыс болғанда бір шектен байлап, астына асықтан тиек қойып отырыпты. Күйші қарттың жеті күйінен кейін «Жетігеннің жетеуі» деген атпен тартылып, ел ішіне кең тарап кетіпті.

Жетігенге ұқсас ішекті аспап өзге  халықтарда да бар. Әсіресе түркі халықтарында кең тараған түрлерінің атаулары «Ятаға», «Ятаган», «Етиген», «Ялтаға», «Чаатхан», «Четтыган» деп келеді. Аспаптанушылардың тұжырымдауынша түркі тілдес халықтардың музыкалық аспаптарының пайда болу, шыққан тегі бір.  Ендеше олардың аталуы да бір болуы  – заңды нәрсе [2, 56].

ЖЕТІГЕННІҢ КӨНЕ ТҮРІ

Қазіргі кезде жетігенге ұқсас көп ішекті цитра тектес аспаптардың дамыған, күрделі классикалық шығармаларды да еркін орындай алатын түрлері   Азия елдерінің ішінде  Қытайда – цинь,  Жапонияда – кото, Кореяда – каягым, Вьетнамда  данчань қолданылады. Ол аспаптардың ойналу әдістері мен құрылымы түркі-моңғол халықтарының аспаптарына  ұқсастығы анық байқалады [3].


 Қорлан МАРАТҚЫЗЫ


ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

  1. Вызго Т. Музыкальные инструменты Средней Азии.  Исторические очерки. – М., 1980. – 191 c.
  2. Б. Сарыбаев. Қазақтың  музыка аспаптары. – Алматы, 1980. – 208 б.
  3. Жақыпбек Н.Б. Қазақтың көне жетіген аспабы//  Музыкалық білім және музыкалық ғылым саласындағы өзекті мәселелері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 60 жылдығына арналған халықаралық ғылыми – практикалық конференцияның материялдары. – Алматы, 2005. – 179-184-бб.
  4. Народные музыкальные инструменты и инструментальная музыка. Cборник статей и материалов в двух частях. ІІ часть. – Москва, 1988. – 325 c.
  5. Қ.М. Картенбаева. Жетіген аспабының техникалық мүмкіншіліктері мен орындаушылық ерекшеліктері. Дисс… өнертану магистрі. – Алматы, 2011.
  6. Жақыпбек Н.Б. Жетіген үйрену мектебі. – Алматы, 2011. – 214 б.
  7. Бахти А. Шумеры, скифы, казахи. – Алматы, 2002. – 216 c.
Пікірлер