Азаматтық орталық ҮЕҰ жұмысын жандандыруда

3859
Adyrna.kz Telegram

Ашық қоғамдағы биліктің бір өкілі – үкіметтік емес ұйымдар болып есептеледі. Елімізде өткен жылы ғана жұмысын бастаған Азаматтық орталықтар ҮЕҰ әлеуетін арттыруға күш салуда.

2018 жылы Тараз қаласында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының тапсырысымен облыстық үкіметтік емес ұйымдарға арналған Азаматтық орталық ашылған-ды. Бүгінде аталған орталық ҮЕҰ жұмысын ілгерлетуге ықпал етуде. Азаматтық орталық ҮЕҰ қызметінің бағыттарын біріктіруге, азаматтық қоғам  институттарының өзекті мәселелерін шешуге бағытталған.

Сонымен қатар, орталықтың жұмысы аясында «ҮЕҰ мектебі», көшпелі семинарлар, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыспен айналысатын мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттыру үшін семинар-тренингтер, ҮЕҰ арасында «Ең үздік әлеуметтік жоба» байқауы ұйымдастырылады.

Бұған қоса, орталықтың интернет-сайты азаматтардың сауалдарына жауап береді әрі ұсыныс-тілектеріне қолдау көрсетеді.

«Жамбыл облысында бір терезе принципі бойынша қызмет ететін үкіметтік емес ұйымдарға көмек көрсетуге арналған азаматтық орталықтың қызметін ұйымдастыру» жобасы «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының гранты аясында және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдауымен өңірлерде үкіметтік емес ұйымдарды қолдау әрі сапасын арттыру мақсатында іске асырылған.

«Өткен жылдың басты жетістігі – облыстық үкіметтік емес ұйымдарға арналған Азаматтық орталықтың ашылуы болды. Үкіметтік Емес Ұйымдарға "Бір терезе" қағидаты бойынша ақпараттық кеңес беріп, ұйымдық қолдау көрсету нәтижесін берді. Ол аймақтағы әрбір коммерциялық емес ұйымдар үшін  брендке айналды. Облыс пен көне шаһарымызды өркендетуге үлес қосып жүрген 200-ден аса үкіметтік емес ұйымдар бізден жан-жақты қолдау тауып, өздерінің тың жобаларын жүзеге асыруда, – дейді «Жамбыл облысының Азаматтық альянс қауымдастығы» ЗТБ президенті Зайтжан Юлдашев.

Сондай-ақ, оның айтуынша, орталықта ҮЕҰ заң бойынша кеңестер беріліп, «Үкіметтік емес ұйымдар мектебі» жобасы аясында қызметкерлер мен еріктілерді үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына баулу үшін шеберлік-сыныптары мен семинарлар өткізеді екен.

ҮЕҰ арналған Азаматтық орталық – бұл форум, фестиваль және басқа да іс-шараларды өзкізетін алаң емес. Біз көздегеніміз – облыстағы 10 ауданда үкіметтік ұйымдардың ресурстық орталықтарын ашуға көмектесу. Онда тіпті коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері де, тренинг, кездесулер өткізе алады, – дейді ол.

Айта кетейік, бүгінгі таңда облысымызда 700 астам ұйым тіркелген болса, оның 200-ге жуығы ғана өңірдің тыныс-тіршілігіне араласып азаматтық қоғам институттарының дамуына үлес қосып жүрген көрінеді.

«АДЫРНА»

ұлттық порталы

Пікірлер