Парламент қашан тарайды?

4224
Adyrna.kz Telegram

Қазір елде халықтың көкейінде жүрген біршама сауалдар бар. Көпшілік қауымның дені «Парламент сайлауы қашан өтеді» деген сауалға жауап алғысы келеді. Осыған орай біз «Адырна» порталының атынан саясаттанушы Әзімбай Ғали мен Бауыржан Серікбай мырзаға көкейде жүрген сауалдарымызды қойдық.

- Парламент сайлауы қашан өтеді?

    Бауыржан Серікбай:

- Менің ойымша Парламент сайлауы мерзімінен бұрын өтеді. Бұл – биліктің оппозициялық күштер дайындалып үлгермеуі үшін ширек ғасыр қолданып келе жатқан жаттанды әрі қарапайым тактикалық қадамы. Екінші жағынан өзін оппозициямыз деп таныстыратын саяси партиялар да биліктің бұл қадамын біле тұра үнемі «саяси науқанға дайындықсыз қалдық, билік мерзімінен бұрын сайлау өткізді» деуден жалықпайды. Бұл біздегі оппозицияның деңгейін көрсетеді. Өркениетті елдерде сайлауға дайындық, халықтың даусы үшін күрес үнемі, тоқтаусыз жүріп жатады. Қазақстан жағдайында сайлау қашан өтеді, ерте ме, кеш пе деп уақытын күтіп отыратын деңгейден өсуіміз керек. Түбінде әйтеуір бір Парламенттік сайлаудың өтетіні анық. Дайындық қазірден жасалуы тиіс. Жалпы, бәсекелі саяси жүйеде оппозиция дегенің сайлау біткен күннің ертесінде келесі 5 жылдан кейін болатын сайлауға дайындықты бастап кететін режимде жұмыс істеуі қажет. Есі дұрыс саяси жүйе солай болуы да керек. Бізде «Сайлау қашан өтеді, дайындықты қашан бастаймыз?» деп бір-бірінен сұрап жүреді.

Әзімбай Ғали:

- Бізге алыс болашақта 2-3 партиялық жүйе болып, сол арқылы билікті алмастырып тұру қажет. Қазіргісі де жаман емес, бірақ мәжбүрлік жағдайда отыр. Парламенттегі «Ақ жол» да, Компартия да ымырашыл – классикалық плюралистік қоғамның талабына сәйкес келмейді. Сондықтан саяси жүйенің субьектілері жаңғыру керек.

- Құрылғалы жатқан партиялардың («Республика», «Хақ», «Қазақстанның демократиялық партиясы») сайлауға қатысу мүмкіндігі?

Бауыржан Серікбай:

- Билікке демократиялық сұранысы артқан қоғамның талабын қанағаттандыру мақсатында жаңа партиялардың құрылғаны, олардың Парламенттік сайлауға қатысқаны, саяси жүйеге жаттанды партиялардан тыс жаңа күштердің қосылғаны қажет-ақ. Бірақ, барлық процесті қадағалап, шектен шығып жатса тоқтата алатын, басқаруға келетін партияларды тіркеуге тырысатыны да жасырын емес. Қарапайым ғана мысал соңғы сайлауда өзі ұсынып, қоғамның ортасына өзі дайындап соққан, не қаражаты, не халық арасында танымалдығы жоқ Қосановтан жеңіліп қалған билік жүйемен шынайы күресетін сауатты саяси партиялардың құрылуына, олардың белсенді үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуіне неге рұқсат берсін? Менің ойымша жаңа партиялар құрылады. Парламенттік сайлауға қатысу мүмкіндігін де жоққа шығаруға болмайды. Бірақ, бәрінің жүріс-тұрысы, мүмкіндігі белгілі бір деңгейде болады. Өркениетті елдердегідей биліктің әрбір қадамын дөп басып, шынайы бәсеке жасайтын саяси партияны күту аңғалдық.

Әзімбай Ғали:

- Қазақстан жұртшылығының көзі де, құлағы да, миы дар бар. Сондықтан жаңа саяси субьектілерді жаңа тіршілікке шығуы үшін тіркелу мүмкіндігі жеңіл болу керек. Халыққа сенімсіздік артуға болмайды. Қазір қазақ халқы 70 пайыз. Сондықтан олар зауал тигізетін партияларды көзін бақырайтып қойып сайламайды.  Орыс халқы да заңсыз, қисынсыз кандидатураны қолдамайды

- Сайлау туралы заң өзгереді ме?

Бауыржан Серікбай:

- Әрине, сайлау туралы заң белгілі бір өзгерістерге түседі. Қалай дегенмен билік өзгерісті күткен қоғамға «Жаңа президенттің келуімен жаңа өзгерістер басталды. Демократияға сатылап көтеріліп келеміз» деген месседжді беруі қажет. Мұндай қадамды жасауға мәжбүр. Бірақ, кез-келген нәрсе салыстырудан келіп шығады. Декоративті өзгерістер жасалғанымен түбегейлі күрделі өзгерістерді күтудің қажеті жоқ. Қарапайым мысал, соңғы сайлауда қаншама заң бұзушылық фактілері тіркелді. Қолданыстағы бар заң аясында жауапқа тартылған фактіні естідіңіз бе?! Мұның өзі көп нәрседен хабар береді.

Әзімбай Ғали:

- Біздің байқағанымыз, реформа жасалмаса экономика қозғалмайтын түрі бар. 2015-16 жылы ІЖӨ өсімі 1 пайыз ғана болды. Сонан кейін билік бұл мәселеден шошыды да, Ұлттық қордың ақшасын құрылысқа салды. Нәтижесінде өсім 4 пайызға жетті. Бірақ  ұлттық қордың ақшасы жылма-жыл жұмсай беруге жарамайды әрі жетпейді. Егер экономикада бәрі дұрыс болса Назарбаев Тоқаевты өз орнына қоймас еді. Яғни, қордаланған мәселерді шешудің басқа жолы жоқ екенін түсінді.

- Сайлаудан кейінгі Парламенттің ықпалы қандай болмақ?

Байыржан Серікбай:

- Негізі бұл сайлауға кімдердің түсетініне, заңдардың қалай өзгеретініне, сайлау нәтижелеріне байланысты жауабы берілетін сұрақ. Менің ойымша форс-мажорлық ситуация болмаса Парламенттегі көпшілік дауысты билік алады. Ал, көпшілік дауысты биліктің өзі алған Парламенттің жұмысы, ықпалы қандай болуы мүмкін?.. Бұл сұраққа 28 жыл осы жүйеде өмір сүріп келе жатқан қоғамның өзі жауап беріп көрсін.

Парламент сайлауы биыл өтеді деген әңгіме бар. Бірақ мәселе онда емес – принпиалдық жаңғыруда жатыр. Менің ойымша ревалюциялық жаңғырудан көрі бейбіт жолмен жаңғырған жақсы. Мәселен, Тоқаев билікке келе сала демократиялық реформалар жасайтынын айтты. Енді соларды іске асыру үшін жаңа парламент, жаңа элита, жаңа команда керек. Сондықтан ескі элитаны эллюстрациялау (қию, тазалау) керек. Бейбіт ревлюцияның шартына сәйкес оларды ешкім жаншымайды, соттамайды. Сондықтан Парламентті таратып, жаңа талаптарға сәйкес сайлау өткізу орынды. Бұл жерде халық та талапшыл болу керек.

Әзімбай Ғали:

- Саяси-құқықтық реформа биліктің қолын кесіп тастамайды. Бәрі бақылауда болады. Реформалар төменнен емес, жоғарыдан жасалып жатыр. Оның нәтижелі не нәтижесіздігі биліктің саяси жігеріне байланысты. Ең бастысы меншік кепілдігі мен жеке бастың кепілдігі болу керек. Қазір осы екі кепілдік те ойдағыдай болмай тұр.

 

Жасұлан НАУРЫЗӘЛИЕВ,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер