Серік ЕЛІКБАЙ. Тәуелсіздік күні...

3863
Adyrna.kz Telegram

Шағын ауылдың қонақтары қаладан түс ауа, кешігіп келді. Шағын әкімшілік ішіндегі оңаша бөлмеден мол тамақтанып, кеңірдек толтырып мәдениет үйіне беттеді.
Сөзді әкім бастап, қонақтарды таныстыра бастады. Облыстан келген журналист 1986-жылдың сұмдығын сұсты қабағын түйіп алып, түйдек тіркестермен ақтарды...
Арықша оқушы қыз: -Сіз, сол күні қайда едіңіз?, -деді.
Жалынды журналист сөзі пышырап, шашыла шықты...
- Мен.. Алматы шетіндегі үйде едім... Жездем.. сыртымнан жауып кетіпті...
Ауылдан шыққан бизнесмен жігіт әңгімені төтесінен бастады...
- Желтоқсан кезінде мен әскерде едім... Осы оқиғадан соң бізге мүлдем қару бермейтін болды... Бір жыл казарма тазаладым...

Соңынан концерт болды..
Мейрамханаға кетіп бара жатып бизнесмен:
-Секенай, қайда?-деді.
-Жүр, осында...
-Желтоқсаннан соң оңалмады ма?
-86-да сотталды... әкесін мектептен шығарып жіберді қой... Ата-анасы қайтыс болды..
-Құсадан ғой..
-Секенай мектепті алтынға бітіріп еді... Жанып тұрған жігіт болатын... Мәскеуге кетемін дегенінде жалғыз ұлсың деп Алматыға алып қалған...
-86-да студенттерді Алаңға бастап барып, қайта-қайта жұрт алдында сөйлепті..
-Бейнетіне көрініп тұрған ғой...
-Түрмеден жарымжан болып.. есі кіресілі-шығасылы болып ауылға жетті..
-Обал..
-Құрысын, өзімен кетсін...
Сәлден соң, алыстан келген қонақтар мен ауылдың бетке шығарлары, мейрамхана ішінде қымбат шараптармен шүкіранама тостарына тоғытылды...
Секенай жарығы күңгірт, күтімсіз үйде көрпеге оранып, ескіден қалған «Рекорд» телевизорынан бар ынтасымен мерекелік хабарды көріп отырды...

Пікірлер